Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрт жыл бұрын халықаралық «Ұлытау-2019» туристік форумында: «Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуға тиіс» деп айтқан еді. Содан бергі өткен уақытта не істелді, не қойылды?
Сол форум жұмысында Президент: «Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет.Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет», деп нақты тапсырма берген еді. Бұдан кейін ауқымды жұмыс атқарылып, Жошы хан кешені пайдалануға берілді. Бірақ бұл кешеннің де күрмеулі тұстары баршылық.
Бұл туралы «Кешен күрмеуін шешу керек» («EQ», 30 мамыр, 2023 жыл) деген мақаламызда шым-шымдап жеткізген едік. Кешенді көруге қызығушылық көп. Алайда жол жағдайы өте нашар, шаң, тозаң... Көліктің доңғалағына да обал. Демалыс емес, қиналысқа түскен турист қандай пікірмен қайтатыны айтпаса да белгілі. Рас, жол салынып жатыр, бірақ биыл емес, келесі жылы ғана бітеді. Жошы хан кешенін жоспарлаған кезде «Ертең ел мұнда қандай жолмен келеді? Кешен құрылысымен қатар жолды да дұрыстайық» деп іске кіріскенде, ендігі жұртшылық жайлы жолмен жүйткітіп барып-келіп жатқан болар еді. Жол республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Осыған байланысты қазір көптің көкейінде бір күдік пен бір үміт бар. Күдігі – әлдебір себеппен қаржыландыру тоқтап қалмаса екен дегенге тіреледі. Үміті – республикалық бюджет болғасын жол құрылысы қаржыдан тапшылық тартпайды дегенге келеді. Ләйім, жақсыға үміттенейік.
Туризмді дамыту үшін жайлы жол қандай керек болса, үзіліссіз байланыс та сондай қажет. Аттың жалында, түйенің қомында жүре беретін баяғының заманы емес, уақытқа сай қызмет көрсетілмесе болмайды. Ұлытау өңіріндегі байланыстың жай-күйі қалай? «Аудан орталығынан 4-5 шақырым жердегі демалыс аймағында ұялы байланыс жоқ» дегенге сенесіз бе, жоқ па? Әрине, сенбейсіз. Бірақ ақиқаты солай. Байланыс операторы кәсіпкер азаматқа «Егер 500 мың теңгеңізді төлесеңіз, байланыс таратқышты сізге қарай бұрып беруге болады» дейтін көрінеді. Мәселе осылай шешіле ме? Ешқандай бұрусыз-ақ аудан территориясын ұялы байланыспен толық қамтитын жағдай неге жасалмайды? Осындай сұрағымызға «қазір адамдардың көпшілігі байланысы жоқ жерлерге барып демалғысы келеді» дейтін жауап естігенде, бұл мәселемен ешкімнің айналысқысы келмейтінін түсінгендей болдық. Жамандық шақырғандай болмасақ та, «аяқ астынан дәрігер көмегі керек болып қалса қайтеміз?» деген сұрағымызға қандай жауап болар екен?..
Облыста туризмнің тұралап тұрғаны – дау тудырмайтын ақиқат. Мұны Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғазиз Төлеуовтің өзі де іштей мойындауға тиісті. Өйткені облыста сырттан келетін туристерді әуежайдан немесе теміржол вокзалынан, автобус сапаржайларынан аяғын жерге тигізбей күтіп алып, баратын жеріне апарып, қалтқысыз қызмет көрсетіп, көңілін тоқ, өкпе-ренішін жоқ қылып, кері шығарып салумен айналысатын тым құрығанда бір туристік агенттік жоқ. Осындай жағдайда туризм дамып жатыр деудің қандай реті бар? Туристік операторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру қызметі облыстың өзінде шешіледі. Бірақ осы уақытқа дейін бұған бірде-бір өтінім түспеген көрінеді. Аталған басқарма осындай туроператордың құрылуына мүдделілік танытып, кәсіпкерлерді соған тарта білуі керек қой. Бұл ретте олардың «ешқандай өтінім түскен жоқ» деп жайбарақаттылыққа салынуы түсініксіз. Тек бұл ретте ғана емес.
Елімізде туризм саласын дамытуға бағытталған жобаларға бірнеше мемлекеттік қолдау көзделген. Айталық, кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін өтеуге – 5 жыл бойы 83 300 теңгеден төлеу. Сондай-ақ туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне сыйымдылығы жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сегiзден аса адам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу бойынша шығындардың 25%-ын, жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындардың 10%-ын, туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезіндегі шығындардың 10%-ын өтеу қарастырылған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда облыста мемлекеттік қолдау алғысы келетін бірде-бір өтініш түспеген көрінеді. Бұл Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлермен тиісті деңгейде жұмыс жүргізе алмай отырғанын айғақтайды.
Облыстық бюджеттен «Туристік қызметті реттеу» бағдарламасына байланысты 2023 жылға 34,4 млн теңге қаражат қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 есе көп. Әрине, қаражаттың облыстың туристік имиджін қалыптастыру және ілгерілету, сол арқылы отандық және сырттан келушілер санын арттыру мақсатын көздеп бөлінетіні белгілі. Енді сол бөлінген қаражатқа қандай шаруалар атқарылуда? Мамыр айының 19-21 күндері 22 мемлекеттен 258 компания келіп қатысқан Алматы қаласында өткен «KITF-2023» көрмесіне Ұлытау облысының атынан кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына қатысты туризм бөлімі және «Көбес-Өтеу» қоғамдық бірлестігі «Білеуті этноауылы» жобасын ұсынды. Нәтижесінде, «Көбес-Өтеу» қоғамдық бірлестігі «Жыл таңдауы аталымын» жеңіп алды. Өңірге туристік қызығушылықты арттыру үшін мұндай мүмкіндікті жібермеген дұрыс. Аймаққа фототур ұйымдастыру, гид-экскурсовод мамандығына оқыту, Ұлытау облысының туристік порталын әзірлеу, виртуалды 3D турлары бар интерактивті альбомды әзірлеу, қалта карта, жолсерік кітапша әзірлеу және т.б. іс-шаралардың кейбірі жүзеге асырылса, енді бірқатары жыл аяғына дейін орындалмақ. Мұның бәрі, әрине, бір қарағанда дұрыс, керекті-ақ шаруалар. Әдемілеп фотоальбом шығарайық, бірақ суретте әдемі болып көрінген нысандарға апаратын жол, байланыс, көрсетілетін қызмет дұрысталмаса, жарнамаға сеніп келген туристердің алдында көзімізбен жер сүзіп қалмаймыз ба? Мұны да күнілгері ойлай отырған абзал.
Ұлытауға келетін халық ең алдымен тарихи орындарды, ескерткіштерді көргісі келеді. Әрине, олардың Ұлытау төңірегіндегі 300-ден аса ескерткіштің бәрін бірдей аралауға құлшыныс таныта қоймасы және рас. Ең басты-басты деген нысандардың тарихи құндылығына қоса тартымдылығы да болуға тиіс. Мысалы, Ұлытаудан 20-25 шақырымдай жерде Хан ордасы бар. Баратын жолдың 7-8 шақырымы қиқы-жиқы. Осыны ауданның күшімен де дұрыстап қоюға болар еді. Бұл да түк емес-ау... Соншама жерден ат арылтып келгенде сол Хан ордасында ел көретіндей не бар? Бертінде қойылған «Хантағы» ғана, басқа ештеңе жоқ. Тарихи орын, баяғы хандарымыздың табанының ізі қалған, рухы сіңген орданы қалпына келтірмесек те, соған сәйкестендірілген сәулеттік нысандар болу керек емес пе? Бұл жерге 90-жылдардың бас кезінде хантағын орнатқан соң, бар жұмыс сонымен біттіге саналған тәрізді. Ордасы жоқ хантағы болмайтынын түсінетін уақыт жеткен жоқ па?
Ұлытау аймағындағы жұртшылықты жарнама жасамай-ақ өзіне тартып тұратын нысандардың бірі – Теректі әулие ескерткіші. Біздің заманымызға дейінгі І мың жылдықтың ақырғы кезі мен жаңа дәуірдің бас кезіне жатқызылатын ескерткіш тасқа бедерленген суреттерімен ерекше. Қаншама жылдар, дәуірлерден аман-сау жеткен жәдігерден 80-жылдардың ортасында, айдың-күннің аманында айырылып та қала жаздағанымыз бар. Пайда қуған парықсыздардың бірі ескерткіш орналасқан жердің тасын кәдеге жаратпақ болып кәдімгідей дәрі қойып, жарылыс жасаған. Дес бергенде, мұны құлағы шалып қалған ақын, журналист Сайлаухан Нәкенов ағамыз сол кездегі Жезқазған облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Шәріпбек Шардарбековке барған. Шәкең шалт қимылдап, бейбастақтыққа дереу тоқтам салған. «Сәкең мен Шәкең болмағанда ендігі Теректі әулиенің орнын сипап қалатын едік» дегенді Жезқазғанның зиялы қауымы әліге дейін айтып отырады. Сол Теректі әулие мемлекет тарапынан әлі қараусыз жатыр. Ойдан да, қырдан да мұнда ағылып келіп жататын адам қарасында шек жоқ. Оларға бас-көз болып, ескерткіштің мәнін түсіндіріп те, суреттердің бүліншілікке ұшырамауын қадағалап та жүрген ешкім жоқ. Бұл туралы Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар өлкедегі 300-ден аса тарихи нысандардың былтырға дейін Қарағанды облысына қарағанын, оларды Ұлытау облысына қайта тіркету жұмыстарының әлі де жүріп жатқанын алға тарта отырып, Теректі әулие ескерткішін күтіп-ұстауға қаржы қарастыра алмайтынын айтты. Бірақ нақ осы ескерткіш қазір Қарағандыға емес Ұлытау облысына қарайтынын да жасырмады.
Ұлытау – тарихымен ғана емес, табиғатымен де ерекше. Әулиетаудың биігіне көтеріліп ақша бұлттарды алақаныңа қондырып тұрсаң... Едіге мен Тоқтамыстың мәңгілікке тұрақтаған шыңына шығып, ұлы тұлғалардың рухына тәу етіп, дұға бағыштасаң... Күмісбұлақтың суынан дәм татып, соның қасындағы Көкбөрі ескерткішінің қасында тұрып, суретке түссең... Таудың етегіндегі қысы-жазы тоқтамастан ағып жататын Тасбұлақты тамашаласаң... Айта берсең табиғаттың мұндай тамашалары да көп қой. Айналып келгенде, солардың бәрінде заманауи бейне-бедер болса, қызмет көрсетілсе дейсің ғой.
Аймақтағы алпауыт компания – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Әулиетаудың шығар басына баспалдақ орнату, Күмісбұлақ, Тасбұлақтың маңайын абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін 80 млн теңге инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеді.
Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғ.Төлеуовтің айтуынша, корпорация аталған жобалардың сметалық-жобалау құжаттарын әзірлеуде. Ал жобалардың жүзеге асатын мерзімі 2023 жылдың 4 тоқсаны деп көрсетілген. Үлгере алар ма екен? Жоба қағаз күйінде қалып қоймай ма? Осындай да сұрақтар бар. Бірақ күдікті үмітке жеңдіргіміз келеді. Егер бұл жобалар жүзеге асса, аймақтағы туризмнің дамуына қосылған қомақты үлес болатыны сөзсіз. Бәлкім, сонда тұралап тұрған туризм жанданар ма еді?
Ұлытау облысы