Жемшөп бағасының биыл тіпті шарықтайтын түрі бар. Неге десеңіз, шаруалардың дені әлі шабындыққа шалғы салған жоқ. Шөптің шамалы болса да көтерілгенін күтуде. Техникалары сақадай-сай. Жердегі көктің құнары үшін көктен жауын тілеп отыр. …Не керек, ауылдағы ағайынның алаң көңілі – мал азығының қамын күйттеу болып тұр.
Әуелі ресми деректі сөйлетейік деп, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық. 458 мың ірі қара, 696 мың қой және 312 мың жылқының қыстан қоңды шығуы үшін 1 млн 900 мың тонна шөп қажеттігін алға тартты басқармадағылар. Былтыр да осынша көлемде мал азығы маяланған екен. Нақтылап өтсек, 1 736,1 мың тонна шөп, 13,3 мың тонна сүрлем және 24,4 мың тонна пішен дайындалған.
Биыл шабындыққа 7 434 шалғы, 532 жатка, 2887 тырма және 769 шөп жинайтын (пресс) техника жұмылдырылып отыр.
Алайда көп шаруаға уақыт оздырған тиімді. «Былтыр шауып алған жерлер тап-тақыр» дейді олар. Жер де, жүйке де тозып тұр.
– Үш жыл болды. Шөп жоқ. Әйтеуір, сай-сайды қуалап жүріп, кезіккен шөпті орып аламыз. Қолдағы малға 1 500 тоннадай шөп жинауым керек. Мұның өзі мұңға айналып барады. Тракторды майлап-сулап қойдық. Шөп шабатын техниканы да жаңаладық. Арзандатылған дизель отынын 210 теңгеден алдық. Барлығы дайын. Енді күтуімізге тура келеді. Жаңбырды. Шөптің сәл де болса көтерілгенін. Жылда артылған шөпті ауылдағыларға сатып, шыққан шығынды ақтап алатын едік. Биыл арман болғалы тұр-ау. Аман-есен өзімізге қажетті қор жинасақ та, «тәубе» дегелі отырмыз, дейді қарқаралылық жеке шаруашылық иесі Қайырбек Қыдыралин. Ал, «Атамекен» шаруа қожалығының иесі Сланбек Қинаят даладағы шөптің аздығымен қоса, шегірткенің қаптап кеткенін айтып шыр-пыр.
– Өзіміз амалдап, алысып жатырмыз шегірткелермен. Егістіктің сыртына трактормен дәрі сеуіп отырмыз. Қайта-қайта. Уайымымыз – осы. Ауылдағылар тіпті малын сатып та жатыр. Арзанға. Бұзаулы сиырды 250 мыңнан амалсыз өткізіп жатыр. Шөптің жоқтығынан, – дейді шаруа қожалығының қожайыны.
Не десек те, қуаңшылық мал азығының қымбаттауына жол беруде. Шөбі шұрайлы болған Арқа атырабының да аңқасы кеуіп тұр. Амал жоқ, кейбір шаруалар жайылымды да, қараған шөпті де шауып алуда.
– Шөп былтырғыдан да сирек шықты. Жақында ғана шықтық шабындыққа. Жылдағы межеміз – 600 тонна. Артылғанын саудалаймыз. Былтыр рулонның бағасы 12 мың теңгеден болған. Біз болсақ, 10 мыңнан өткіздік. Биыл да сол бағаға ұсынатын сыңайымыз бар. Әйтпесе, халыққа оңай емес. Қосалқы бөлшек бағасы да жыл сайын 10-15 пайызға қымбаттайды. Былтыр орама жіптің жұпталған бумасын 14-15 мыңнан алғанбыз, биыл 18 мыңнан. Әйтеуір, Үкімет дизель отынын 210 теңгеден беріп отыр. Әйтпегенде, мұның да бағасы шырқап тұр ғой. Қазір көзге көрінген шөптің барлығын орып алып жатырмыз. Шіліңгір шілдеге де іліктік. Аптап ыстық тіпті күйдірмей тұрғанда қорды жинап алуымыз керек. Қараған шөбін де шауып алуға тура келіп жатыр, – дейді Шет ауданындағы «Харекет» шаруа қожылығының иесі Қуаныш Хантөре.
– Ауыл шаруашылығы министрлігіне тағы да жеңілдетілген дизель отынына сұраныс жібердік. Шаруалардан өтінімді электронды түрде қабылдадық. 3,1 мың тонна дизель отынын шілде, тамыз айларында бөліп береміз. Баға мәселесі Энергетика министірлігі арқылы нақтыланып, бекітіледі, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту және техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Болат Омарбаев.
Мұнымен бірге ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Сырым Бошпанов шөп шығынын азайтуға 400 млн теңге үлестірілгенін айтып өтті. Бұл – 200 ірі қарасы бар шаруаларға көрсетілген Үкіметтің субсидиясы. Қосымша тағы 400 млн теңге бөлінбек. Бір басқа 10-12 мың теңгеден есептейді екен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының биылғы есебі біржылдық шөптер алқабына 25,2 мың га көпжылдық шөптер алқабына 35,2 мың га дән себілгенін айтады. Ал бұл көрсеткіштің мейлінше аздық ететінін алға тартады тәуелсіз сарапшы Ниқанбай Омарханов.
– Шұғыл түрде, кезек күттірмейтін мәселе – облысымыздағы тозып кеткен 300 мың гектардан астам көпжылдық шөптер алқабын жаңалауды қолға алмаса болмайды. Бұл – оңай шаруа емес. Шөп тұқымдарының бағасы аспандап кетті. Бұрынғы тоннасы 300-400 мың теңге болса, қазір 2-3 млн теңге болып кетті. Осының бәрін ескере отырып, 2011-2012 жылдары қолға алынып, өз тиімділігін көрсеткен көпжылдық шөптер алқаптарын 80 пайыз тұқымын және жаңартылған әр гектарын субсидиялау арқылы жаңарту бағдарламасын қайта енгізбесе болмайды. Сонымен бірге облыстағы су қоймаларын толық зерттеп, тексеріп, қар суларын жинақтап, алқаптарды суаруға пайдалану керек. Бұл мәселеде облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанындағы «Қарағанды су қоймалары» коммуналды мемлекеттік кәсіпорыны бюджеттен қыруар қаржы бөлініп отырса да, ешқандай жұмыс істеп отырған жоқ. Өкінішке қарай, бүгінде облыста 160 су қоймасы иесіз жатыр, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.
Тәуелсіз сарапшы ауыл шаруашылығы саласының басшылары, әкімдер Үкіметке осы бастан қуаңшылыққа байланысты жемшөп сатып алуға мақсатты субсидияға кезектен тыс сұраныс жасау керектігін де ашық жеткізді.
Иә, бұл министрлік деңгейінде шұғыл шешімдер қабылдауды қажет ететін мәселе. Мал азығы – ертеңгі ел азығы екенін естен әсте шығармауымыз керек.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
журналист
Қарағанды облысы