Қала тұрғындарының әмияны ұялы телефонның ішіне орныққалы, қағаз ақша деген дүние де ұмытыла бастады. Бүгінде дүкенге кіре қалсаңыз, бұрынғыдай тиын санап әуре болмай, сатушымен QR-код арқылы есеп айырыса саласыз.
Мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметінше, интернет қуаты қарқынды Қостанай қаласының аумағында орналасқан кез келген сауда орны тұтынушыға қолайлы есеп айырысу құралдарымен жабдықталуға тиіс. Алайда тауар сатып алушыдан тек қағаз ақша ғана талап ететін сауда орындарының жауапсыздығы қынжылтады.
Мәселен, Қостанайдағы Складская көшесіне орналасқан көтерме сауда орталығына арзан азық-түлік іздеп келген жұрт қолма-қол ақшасы болмағандықтан, керегін сатып ала алмай, сандалып үйіне бос қайтады. Қазір жеміс-жидектің піскен, елдің өрік, шие, құлпынай, қарақат қайнатып алып жатқан шағы. Қостанайға келіп жатқан вагон-вагон қанттың көбі осы «Складскаядағы» қан базарға келіп түседі. Мұндағы саудагерлер жұрттың басқа жерден арзан қант таппайтынын жақсы білетін болса керек, тұтынушы құқын ескермей, қағаз ақшаға ғана қатып қалып отыр.
Қаладағы шағын дүкендердің көбі тауарларын осы «Складскаяға» барып алады. «Мысалы, біз қант, макарон, ұн сияқты тауарларды сол жердегі қоймалардан аламыз. Оларға тек қолма-қол ақша апарамыз. Өйткені онсыз тауар сатып ала алмайтынымызды білеміз. Кейбір қоймалардың касса аппараты бар. Бірақ оны пайдаланатын болса, салығы көбейетіндіктен, тауарының үстіне тағы ақша қосады. Сондықтан оларға қолма-қол ақша апару бізге де тиімді», дейді шағын дүкен ұстайтын кәсіпкердің бірі.
Тек «Складская» ғана емес, кейбір шағын дүкендер мен көк базардың ішіндегі азық-түлік, тұрмыстық бұйымдар мен көтерме бағамен темекі сататын сауда сөрелерінде қағаз ақшаның дәурені жүріп тұр. Кассалық аппарат немесе QR-код дегенді сұрасаңыз, азарда-безер болатын бұл саудагерлердің арасында салығы салмақты болса да заңға құрметпен қарайтын бірді-екілі кәсіпкер бар. Олардың айтуынша, салық төлегісі келмеген саудагер ғана тұтынушыдан қолма-қол ақша талап етеді.
– QR-кодпен төлем қабылдасам, әрбір операциядан 0,9 пайыз ұстап қалады. Кейін жылдың аяғында бүкіл сауда айналымындағы ақшадан тағы 3 пайыз ұстайды. Әр операциядан 2,8 2,5, 2,4 пайыз ұстайтын карталар бар. Тұтынушы қолма-қол есеп айырысса, әрине, бізге көбірек қалады. Біз картамен төлем қабылдасақ, табысымыздың біразы салықтан бөлек, банктерге де кетеді. Мысалы, мен сатып жатқан мысық жейтін бір желеден өзіме 2-ақ теңге табыс түседі. Егер оны қолма-қол ақшаға сатсам, 8 теңге қалар еді. Сауда айналымында 69 млн теңгедей ақшам бар, содан айына 250 мың теңгедей ғана таза табыс түседі. Тауардың түрін көбейтуге де мүмкіндік жоқ. Қосымша құн салығының шекті мөлшерінен асып кетсем, салығым автоматты түрде өсіп кетеді. Бұрын 3 теңге төлеп келсем, тауар түрі көбейген соң 12 теңге төлейтін боламын, – дейді кәсіпкер.
Шамасына қарап, шақтап сауда жүргізіп, азды қанағат тұтып отырған бұл кәсіпкердің табысы адал, ұйқысы тыныш. Ал сатқан тауарының мөлшерін салық органдарынан жасырып қолма-қол сауданы қыздырып жатқан «Складскаядағы» саудагерлер туралы мемлекеттік кіріс департаментіне жеткізіп едік, олардың кәсіпкерлерді тәйт деп тәртіпке салатын мүмкіндігі болмай шықты.
– Президент Жарлығымен енгізілген мораторийге сәйкес, біз қазірше көтерме сауда орындарындағы пост-терминалдардың бар-жоғына және кассалық-бақылау машиналарын пайдалану ережелерінің сақталуына қатысты тексеріс жүргізе алмаймыз. Бірақ қазір «Азаматтық бақылау» деген қанатқақты жобаны қолға алып жатырмыз. Сатушы кассалық-бақылау құралын пайдаланбаса, тұтынушының банк картасын қабылдамай қойса немесе QR-код арқылы есеп айырысу мүмкіндігі болмаса, тұтынушылар арнайы қосымша арқылы мемкіріс органдарына шағым түсіре алады. Біз осы шағымға сүйене отырып кәсіпкерді заңды түрде әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Қазір мұндай шағымдар түсіп жатыр. Нәтижесінде, бірталай сауда орындарын тексеріп, ескерту жасадық. Оған көнбей, тағы тәртіп бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарттық, деді облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің бөлім басшысы Рүстем Құсалин.
Департаментке шағым түсіріп, сауда орындарының заңға сәйкес жұмыс істеуіне сеп болған тұтынушы мобильдік бірлік түрінде 1 мың теңге сыйақы алады екен. Былтыр департамент мамандары тұтынушылардың шағымы арқылы 123 кәсіпкерге 3 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Бірақ мұны көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер шыбын шаққан құрлы көрер емес. Мораторий мерзімі аяқталмай, бұл мәселенің де шешім табуы қиындау болып тұр.
Қостанай облысы