Егемендік алғалы бергі уақытта елімізде бірқатар әділетсіз жағдайға жол берілді. Мұны жұрттың бәрі – қоғам да, билік те мойындап отыр. Атап айтқанда, шетке шығарылған, заңсыз иемденген активтер жетерлік. Президент қол қойған құжат осы мәселені шешуге бағытталған.
Меніңше, заң халықтың мемлекетке, билікке сенімін арттыруға тиіс. Сол себепті шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару Әділетті Қазақстанды құрудың, әділет орнатудың үлкен құралы деп есептеймін. Депутаттардың бастамасымен бес заң ұсынылды. Күні кеше Конституциялық сот оны мұқият қарастырып, Ата заңымызға қайшы келмейтінін, толықтай сай екенін хабарлады.
Осылайша, Мемлекет басшысы қол қойған күннен бастап үлкен жұмыс басталады. Ең алдымен, ұйымдастыру шаралары қаралатыны сөзсіз. Бас прокуратура жанынан арнайы мемлекеттік орган құрылады, оған 125-ке жуық түрлі саладағы маман тартылады. Олар халықаралық заңнаманы білетін, шетелдік заң саласынан хабардар халықаралық мамандар, сарапшылар, заңгерлер, экономистерден құралмақ. Бұдан бөлек, Үкіметтің қаулысымен құрылатын мемлекеттік комиссияға қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, күштік құрылымдық органдардың басшылары енеді деп жоспарланған.
Комиссия тұрақты түрде жұмысын атқарып, мемлекеттік мекемемен етене жұмыс істемек. Тапқан құжаттарын, деректерін, тізімін ұсынып, заңсыз шығарылған активтерді анықтауға белсенді түрде араласады.
Қазіргі таңда еліміз көптеген халықаралық міндеттемені орындады. Қаржыны қайтару, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық құжаттардың мүшесіміз. Осының барлығы бес заңды қабылдауда негізге алынды. Енді заңды жүзеге асыру мемлекеттің, күштік құрылымдардың өз ісіне жауапкершілікпен қарау мәселесіне айналады. Заң іске асып, кезінде шетелге заңсыз шығарылған қаржылар мен активтер қайтса, мол қаражат елдің игілігіне жұмсалса, Әділетті Қазақстанның алғышарттары жасалғанына халықтың көзі жетеді.
Айдос САРЫМ,
Мәжіліс депутаты