Қазақтың музыка өнерінде көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың алар орны бөлек. Оның таланты сан қырлы. Консерваторияны бітірмей-ақ шұрайлы шығармаларымен елге танылды. Музыканың күрделі жанрларына құлаш сілтеп, скрипка мен фортепианоға арналған сонаталар, пьесалар, хорлар, драмалық қойылымдарға музыка, тыңдармандарды нәзік сезімге бөлеген бірнеше ән мен романс жазды.
Сондай-ақ талантты тұлғаның «Бекет», «Ақан сері – Ақтоқты» операсы, «Ғасырлар үні» ораториясы, «Дауыл» симфониясы және тағы басқа да өрнегі өзгеше өрілген туындылары ұлттық музыканың мерейін асырды. «Алдар көсе», «Ботакөз», «Рәбиға», «Сәуле» атты қойылымдар мен «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне жазған музыкасы да шынайылығымен, мазмұндылығымен көрермен көңілінен шықты.
Әсіресе оның 1952 жылы жазған «Қуаныш Отаны» атты симфониялық поэмасы жастар мен студенттердің Бухарестте өткен Дүниежүзілік фестивалінде орындалып, композитор есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танылды.
Жалпы, музыкатанушылар Мұхамеджанов шығармашылығына вокалды жанр жақын екенін айтады. Мәселен, 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігінде айтулы композитордың оркестрге арналған концерті оның әуендік стилінің әр қырын ерекше көрсетіп, тыңдармандарын тәнті етті.
Композитордың 1964 жылы жазған «Айсұлу» атты комедиялық операсы сол кезде туған қазақ музыкасының шоқтығы биік шығармасы аталды. Бұл туындының сахналануы ұлттық опера өнеріндегі маңызды оқиға саналды. Сыдық Мұхамеджанов «Айсұлу» операсын талантты опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі Айсұлу Байқадамоваға арнап жазған. Айсұлудың өзі осы операда «Айсұлу» партиясын орындап, жұртшылықтың жоғары бағасына ие болған.
Көрнекті композитор опера арнаған Айсұлу Байқадамова кім? Қазір бұл әншінің есімін ересек адамдар болмаса, кейінгі жастар біле қоймайды. Аты да көп айтылмайды. Өмірден өткеніне де отыз жылдан аса уақыт болған. Алайда талантты әншінің өнердегі ізі ұлттық опера тарихында мәңгі қалды.
Әншінің өскен ортасы да ән мен күйге кенелген өлке. Туған ағасы Бақытжан Байқадамов – атақты композитор. Апасы Күнімжан Байқадамова өз естелігінде оның бала күнінен өнерге жақын болғанын жазыпты:
«Айсұлу – Алматыдағы қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы №12 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттады. Бұл кеңес кезеңінде қаладағы жалғыз қазақ білім ұясы болды. Бақытжан ағамыз жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қаладағы №38 мектепке мұғалім болып орналасып, Айсұлуды соған ауыстырып алды. Ағам осы мектептен көркемөнер үйірмесін ұйымдастырды. Нұрғиса Тілендиев, Нариман Қаражігітов, Айсұлу Байқадамова секілді белгілі тұлғалар өнердегі қадамын осы үйірмеден бастады. Ол осы үйірмеге қатысып жүріп, қазақ сахнасының бұлбұлы Күләш Байсейітовамен танысты. Күләш апа оның дауысына тәнті болып, оған «Қыз Жібек» рөлінде ойнағанда киген тақиясын сыйлады».
Айтпақшы, осы үйірме мүшелері «Қыз Жібек» қойылымын сахналағанда Жібекті – Айсұлу, Бекежанды – Нұрғиса Тілендиев ойнаған екен.
Дарынды әнші Мәскеу консерваториясында білім алғаннан кейін Қазақ опера және балет театрына орналасып, оның үлкен сахнасында өнер жолын бастады. Әп дегеннен көзге түсіп, жұлдызы жанды. Күрделі партияларды орындады. Елге талантымен танылды.
Жалпы, нәзік жанды әншілердің ең жоғары дауысы вокал тілінде сопрано деп аталады. Қазақ әншілері арасында Күләш Байсейітова мен Айсұлу Байқадамованың дауыстары тембрлік бояу сазына қарай сирек кездесетін лирикалық сопраноға жатады.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Бақтаев оның дауысы сондай таза, ашық, диапазоны кең болғанын айтады.
«Айсұлу апаймен «Қыз Жібек» операсында сахнаға бірге шықтым. Ол Жібекті, Нариман Қаражігітов – Төлегенді, мен – Шегені бейнеледім. Дауысы өте керемет. Құлағымнан әлі күнге дейін кетпейді. Биік ноталарды да еркін алады. Ол кісі театрда Күләш Байсейітовадан кейінгі әнші болды», деп еске алыпты.
Айсұлу Байқадамова – опера және балет театры сахнасында жаны нәзік лирикаға бейім кейіпкерлердің қайталанбас образдарын сомдады. Ол орындаған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» – Жібек, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» – Ажар, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» – Сара, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуындағы» – Қамар, Н.Римский Корсаковтың «Патша қалыңдығындағы» – Марфа, К.Делибтің «Лакмесіндегі» – Лакме, М.Глинканың «Руслан мен Людмиласындағы» – Людмила, Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-Cанындағы» – Чио-Чио-Сан партиялары ұлттық опера өнерінің інжу-маржанына айналды.