Жақында Италияда өткен байдарка мен каноэ есуден жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Мария Бровкова елге оралды. Әлем чемпионын облыс әкімі қабылдап, құрмет көрсетті.
Жеңісімен әлемді мойындатқан спортшыны әуелі әуежайдан Батыс Қазақстан облыстық спорт және туризм басқармасының басшылығы бастаған жанкүйерлер тобы құшақ гүлмен қарсы алды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Жеңіс Нығметуллин жеңімпазды құттықтап, Батыс Қазақстан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналғанын жеткізді. «2024 жылғы Париж олимпиадасына жолдама алады деп сенеміз», деді Ж.Нығметуллин.
Айта кетейік, оралдық 18 жастағы спортшы Италияда өткен дүниежүзілік додада бір алтын, бір күміс және бір қола еншіледі.
– Осы жарыста Мажарстаннан келген Агнеса Кисспен сайысу ерекше қиын болды. Өте мықты қарсылас. Осы жолы жеңілсем де, болашақта әлі талай кездесеріме, жеңіске жетеріме сенемін, дейді М.Бровкова.
Еліміздің туын Италия аспанында әуелеткен спортшы мен оның жеке жаттықтырушысы әрі анасы Елена Евгенийқызын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қабылдап, құрмет көрсетті.
– Бұл әлем чемпионатына әлемнің 65 мемлекетінен мыңға жуық спортшы қатысты. Осындай тартысты бәсекеде еліміздің спорт қоржынына бір алтын, бір күміс, бір қола медаль салған Марияның жеңісі – өте үлкен жеңіс! Мұндай жеңіс оңайлықпен келмейді, бұл – талай жыл төгілген тердің, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Бұл жеңісте спортшының да, жаттықтырушының да, федерацияның да үлесі бар. Сондықтан баршаңызға шынайы алғысымды айтамын. Осы бағыттан айнымай, алға баса беріңіздер, – деді Н.Төреғалиев.
Кездесуде ескек спортының өңірдегі кейбір түйткілдері де сөз болды. Чемпионның анасының айтуынша, Орал қаласына ескек спорты кешені керек. Өйткені Орал қаласы үш өзеннің ортасында тұрғанымен, қыс кезінде жаттығу үшін жылы жаққа кетуге тура келеді. Федерация бөлген қаражаттың дені іссапарға кетеді. Бұған қоса жаттығу базасын да жаңғырту қажет. Ғимарат тозған, жөндеу күтіп тұр. Сондай-ақ жарысқа қажетті жүрдек қайықтар да жетіспейді. Әлемдік нарықта жақсы бәйге қайық 3 мың еуродан кем тұрмайды екен. Осы және басқа да мәселелерді спортшының өз аузынан естіген облыс әкімі жуық арада чемпионның жаттығу базасын өз көзімен көруге, түйінді мәселелерді шешуге барынша көмектесуге уәде берді.
Кездесу соңында Н.Төреғалиев М.Бровковаға алғысхат және 500 мың теңгелік сертификат табыс етті.
Айта кетейік, М.Бровкова 2005 жылы 31 қаңтарда Орал қаласында туған. 2022 жылы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжін бітірген. 2017 жылдан байдарка мен каноэ есуден БҚО құрама командасының мүшесі. 2018-2022 жылдары Қазақстан чемпионаттарының жеңімпазы һәм жүлдегері. 2021 жылы Братиславада (Словакия) өткен халықаралық регата жеңімпазы. Тайландта (2022) өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Мария жастар арасында байдарка мен каноэ есуден екі мәрте әлем чемпионы, 2022 жылы Сегедте (Мажарстан) өткен әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері, 2023 жылы мамыр айында да осы қалада әлем кубогында жеңімпаз атанған.
Батыс Қазақстан облысы