• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 14 Шілде, 2023

Парыз бен қарыз

206 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттілікті дамыту жөнінде ауқымды шаруа жүзеге асырылды. Бірақ осы уақыт аралығында ат төбеліндей азаматтар ата-бабамыз мұра еткен, мемлекетке, халыққа тиесілі игілікті өзінің меншігіне айналдырды. Жекешелендіру үдерісінің басым бөлігі заңсыз жүргізілді. Сондықтан бұл игіліктерді мемлекетке қайтару – еліміздегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырудағы ең маңызды фактор.

Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң – бармақ басты, көз қысты әрекетпен жекенің қолына өткен зауыт, фабрика, басқа да ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтара отырып, еліміздегі әлеуметтік және тарихи әділеттілікті қалыптастыратын басты тетік.

Елімізде түйіні тарқамаған түйт­кілді экономикалық, әлеуметтік, инфра­құрылымдық көптеген проб­лема бар. Оларды шешуге қар­жылық ресурс тапшы. Міне, осы ретте шетелге заңсыз шығарылған, жемқорлық жолмен иемденілген капиталдың барлығын мемлекетке қайтару қажет. Бұл – ата-баба мен ұрпақ алдындағы үлкен парызымыз. Демек, мұны өзіміздің халық алдындағы қа­ры­зымызды қайтарып жатырмыз деп есеп­теу керек. Яғни әділеттілікті қа­лыптастырудағы өте маңызды заң.

Бұл заң қолды болып кеткен активтерді қайтарудың негізгі те­тіктерін қалыптастырады. Егер заң­ның ішкі механизмдеріне үңілсек, қоғам, мемлекет, құзырлы органдар еліміздегі 162 немесе одан да көп азаматтың капиталын іздес­тіреді. Капиталдың көпшілігі заңсыз аударылған деген күдік болса, міндетті түрде комиссия тексеріп, мемлекеттік құқық қорғау органдары оны қайтару мәселесімен айналысады. Оған қо­ғамдық бақылау жүргізіледі.

Қазір қоғамдық бақылау – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудегі протекцияның басты тоқтатушы күші. Менің ойымша, осы қоғамдық бақылауда жұмылдырылатын проку­ратураға, қоғамдық комиссияға мем­лекетшіл, елшіл, халықшыл азамат­тарды кірістіретін болса, онда ешкім заңсыз әрекеттерге бармайды. Сон­дықтан құрылатын мемлекеттік комиссия мүшелері ретінде қағидатшыл қоғам өкілдерін, Парламент депутаттарын енгізетін болсақ, жұмыс оң бағытта жүреді. Заңсыз капиталды қайтару – еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімді қа­лып­тас­тыратын басты фак­тор­дың бірі. Шешім қабыл­дай­тын азаматтардың өздері де бұл жауапкершілікті түсінеді деген сенім­деміз.

 

Ерлан САИРОВ,

Мәжіліс депутаты