Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетін бітірген 17 жас маман арнайы жолдамамен Жезқазған кен-металлургия комбинатына келіп, сондағы байыту фабрикасы мен жаңадан іске қосылған мыс қорыту зауытына жұмысқа орналасты. Солардың ішінде жалынды жас Қайсар Телешев те бар болатын.
Жезқазған мыс зауытының басшылары оны шихта дайындау цехына концентрат күйдіруші етіп қабылдады. Қаншалықты қабілетті болса да, жас маманға жоғары да жауапты қызмет бірден бұйырмайтыны түсінікті. «Еңбек ет, тәжірибе жина, өзіңді таныт, қолыңнан іс келетінін дәлелде, қабілет-қарымыңды көрсет». Ол кезде өндіріс саласындағы талап осындай болатын.
Қара жұмыстың қазанында қайнаған жігерлі де тындырымды жігіт ә дегеннен-ақ еңбекқорлығымен көзге түсіп, біліктілігімен таныла бастады. Ұйымдастырушылық қабілеті мол екенін де аңғартты. Осы қасиетін байқаған кәсіпорын басшылары оны жастармен жұмыс жүргізу саласына бейімдеді. Талантты да тындырымды жас маман осылайша зауыттағы жастар ұйымының жетекшілігіне сайланып, кәсіпорындағы өзі тұрғылас өрімдей қыз-жігітке көшбасшылық жасады.
Жұмысшы жастар ұйымын басқарған төрт жылдың оған бергені көп еді. Ең бастысы, көпшілікпен тіл табыса жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді. Содан соң өзінің жанына етене жақын өндіріске қайтып оралды. Ұйымдастыру жұмысында жинақтаған тәжірибесі, алдына нақты мақсат қоя біліп, оған жетуге деген талпынысы, кәсіби біліктілігі оны аз уақыт ішінде бірталай жауапты қызметке көтерді.
1984 жылы Қайсар Жұмаханұлы электропеш бөлімшесінің бастығы болып тағайындалып, сол жылы зауыттағы №2 электропеш күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстың аса маңызды, өте жауапты да күрделі болғандығы сонша, жөндеу жұмыстары салалық министрліктің тікелей қадағалауында болды. Арнайы штаб құрылып, оны басқару ілкімді де іскер маман Қ.Телешевке сеніп тапсырылды. Жөндеу жұмысына басқа аймақтардан да білікті мамандар тартылды. Нәтижесінде, күрделі жөндеу жұмыстары межелеген уақыттан ерте және сапалы орындалып, пеш іске қосылды. Осылайша, Қайсар өзіне тапсырылған аса жауапты жұмысты үлкен абыроймен атқарып, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұдан соң балқыту цехы бастығының орынбасары болғанда білікті инженер ретінде өндіріске көптеген тиімді де тың жаңалық енгізді.
Қайсар Телешев 1988 жылы балқыту цехының басшылығына сайланды. Сайлау нәтижесінде жиналысқа қатысқан жұмыскерлердің 95%-ы Қайсарды қолдап дауыс берді. Бұл оған көрсетілген үлкен қолдау, сонымен бірге жүктелген зор жауапкершілік болатын. Атына заты сай, қайсар да қажырлы жігіт бұл жауапты қызметті де абыроймен атқарды. Жылдар жылжыған сайын оған жүктелген міндет-қызметтердің де ауқымы ұлғая түсті. Зауыт директорының орынбасары, содан соң зауыттың бас инженері қызметтерін атқарды.
Балқыту цехының технологиясын жетік меңгерген ол Жезқазған мыс зауытының, Новосібір қаласындағы «Сибэлектротерм» өндірістік бірлестігінің және Швецияның «Болиден Контект» фирмасының білікті мамандарынан арнайы топ құрды. Топтың негізгі мақсаты – электропештер мен конверторларға реконструкциялар жасау, жалпы балқыту цехының технологиясын модернизациялау болатын. Ұтымды ұйымдастырудың арқасында бұл орайда да бірталай жетістікке қол жеткізілді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел экономикасы үшін сынағы күшті кезең болғаны белгілі. Тәуелсіздік алып, енді ғана қаз тұрып, тәй-тәй баса бастаған азат елдің алдында шешілуі күрделі көптеген түйінді мәселе тұрды. Алдымен ел экономикасын тіктеп алу қажет еді. Ал ол үшін өндіріс қарқынды дамуы шарт. Бұл айтуға оңай, бірақ атқарылуы орасан қиын іс еді. Өндірістің күретамыры саналатын «Жезқазғантүстіметалл» акционерлік қоғамының да күрмеуі қиын шаруалары шашетектен болатын.
1992-1994 жылдары сирек металдар цехында әлемде өте сирек кездесетін осмий-187 изотопын, өндіріс қалдықтарынан таза металл алу жұмыстары басталған-ды. Еліміздің ғалымдарымен бірлесіп, құрамында осмий металы бар зауыттың өндіріс қалдықтарынан таза металл алу технологиясы жасалды. Осмий-187 металын алуды өндірістік жолға қою мақсатында өндірістік-тәжірибелік бөлімшенің жобасын жасап, оны бекіту, түрлі қондырғыны дайындау және оларды орнату жұмыстарына Қ.Телешев басшылық етті.
Бұдан соң «Жезқазғантүстіметалл» акционерлік қоғамында металлургия және кен байыту мәселелері жөніндегі директор, бірінші вице-президент – техникалық директор сияқты жоғары басшылық қызметтерде болды. Алайда жоғарыда айтылған тоқсаныншы жылдардағы күрделі кезең металлургия саласының білікті маманы, шебер ұйымдастырушы Қ.Телешевті Жезқазған мыс қорыту зауытына қайта әкелді. Өйткені зауыттың қыр-сырын жетік білетін, алымды да қарымды басшы керек еді. Нақ осы талапқа сай деп танылған майталман маман мыс қорыту зауытының директоры болып тағайындалды.
Көргені көп, көңілге түйгені мол, заман талабы мен өндіріс тынысын дөп басып таныған ол кен байыту жұмысына жаңалық әкелмейінше, өндіріс өнімін арттыру мүмкін емесін бірден түсінді. Ал өндіріске жаңа технологияны енгізу үшін жан-жақты білім мен біліктілік, тәуекелге бел байлау, өжеттік қажет. Енгізген жаңалығың сеніміңді ақтап жатса жақсы, ал кетеуі кері кетіп жатса ше?
Алайда Қайсар Жұмаханұлы жасқанбады. Тәуекелге бел байлап, осы істі батыл түрде қолға алды. Мәселен, «Болиден Контект» швед фирмасының технологиясы бойынша балқыту пеші құрылысының өзгертілуі, «Сименс» фирмасы компьютерлер жүйесі бойынша конверторлар жұмысын автоматты басқару ісінің қолға алынуы, «Оутокумпу – Венмек» фирмасының карусельді-құю машинасының пайдалануға берілуі ауыз толтырып айтар жаңалықтар еді.
Аталған технологиялық жаңғырулардың нәтижесінде Жезқазған мыс қорыту зауытының жылдық өнімі межелеген мөлшерден бірнеше есе артты. Бұл жаңалықтар Жезқазған мысының халықаралық деңгейге қайтадан көтерілуіне, оған деген сұраныстың артуына мүмкіндік туғызды. Ал бұл – кәсіпорын қоржынына келіп құйылатын мол қаржы деген сөз.
Иә, жаңарудан кейін кәсіпорын көркейіп, көріктенді. Өнімнің көлемі мен сапасы артты. Жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқаты ілгерілеп, тұрмыстық жағдайы жақсарды. Корпорацияға қарасты өндіріс ошақтарында «хозрасчет» тәсілін мыс зауытында бірінші болып Қайсар Жұмаханұлы іске асырды. Оның тиімді екенін байқаған корпорация басшылары бұл тәсілді содан соң басқа өндіріс орындарына да енгізді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тұралап қалған, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған «Балқаштүстіметалл» өндірістік бірлестігін, Шығыс Қазақстандағы мыс өндіретін фабрикалар мен Глубокое мыс заводтарын «Қазақмыс» корпорациясы өз құрамына алған болатын. Корпорация басшылары Балқаш мыс зауытын қайтадан жасақтап, іске қосуды Қ.Телешевке тапсырған еді. Іскер басшы бұл міндетті мүлтіксіз орындады. Мыс зауытын қысқа мерзімде іске қосып, оның ырғақты жұмыс істеп кетуіне зор еңбек сіңірді. Жезқазған және Балқаш мыс қорыту зауыттарының да тыныс-тіршілігі қалыпты арнадан ауытқымауын қадағалап отырды.
Қайсар Жұмаханұлы туралы: «Қайсар десе – қайсар. Атына заты әбден сай келген жігіт. Сол қайсарлығы мен қайрат-қажырының арқасында өндірістің кез келген қиындығын да жеңіп келе жатыр. Нағыз іскер азамат!» деген секілді сөзді кезінде өз басым сан мәрте естіп, жұртшылықтың шынайы ризашылығына талай куә болғанмын. Кейбіреулердің тарапынан: «Ой, қайраулы қанжардың жүзіндей өткір ғой ол. Бетің бар, жүзің бар демей тіліп түседі», дейтін сөздер де айтылып жатады.
Қайсардың тәлім-тәрбиесін алған талантты шәкірті де көптеп саналады. Солардың қатарында: Дүйсенғали Байқуатов, Мәжит Такишев, Талғат Жақселеков, Саят Атен, Бексұлтан Қасымбековтер бұл күндері бір-бір іргелі өндіріс ошақтарына басшылық жасайды.
Қайсар Жұмаханұлы кезінде Қарағанды облысының мәслихатына екі мәрте депутат болып сайланып, өндірістің ғана емес, жалпы өңірдің бірталай түйінді мәселесінің оң шешім табуына үлес қосты. Ал өндірістегі еңбек пен ғылымды ұштастыра біліп, техника ғылымдарының докторы атанған айтулы азаматтың ғылыми жұмыстарының мән-маңызы мен жаңалықтары – бір төбе.
Төлеген БҮКІРОВ,
техника ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның Құрметті металлургі