• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ғылым 18 Шілде, 2023

Ғалымдарымыз будан түйе генетикасын анықтады

389 рет
көрсетілді

Генетика және физиология институтының ғалымдары беделді «Genes» ғылыми журналына Алматы облысында өсірілген бес гибридті түйенің жалпы геномдық реттілігі (WGS) туралы зерттеу жариялады. Мұндай ғылыми деректер алғаш рет ұсынылып отыр.

Қазақстан ғалымдарының зерт­теуі түйенің қазіргі гене­тикалық құры­лымын түсінуге елеулі үлес қосады. Ғылыми әдебиеттерде бір өркешті және екі өркешті түйелердің генетикасы туралы егжей-тегжей­лі зерттеліп жазылған. Алай­да будандастырылу арқылы өсірілген түйелердің генетикасы әлі зерттеле қойған жоқ. Отандық зерттеушілердің жұ­мысы осы олқылықтың орнын толтырады.

Түйе – ауыл шаруашылы­ғының ет, сүт, жүн өндірісін ғана емес, туризм, спорттық жа­рыстар мен логистика сала­сында да пайдалануға болатын ерекше жануар. Түйе өсіру экономикамыздың ең тиімді сала­ларының бірі, өйткені ол халықтың жүнге, сүтке және етке деген қажет­тілігін толық қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді. Жалпы, түйелер біз­дің эра­мызға дейінгі XV ғасыр­дан бастап кө­лік құралы ретінде қолданылған және 3000-6000 жылдар аралығында қол­ға үйретіле бастаған. Бір өркешті және екі өркешті түйелер сауда ке­руен­дерінде жүк тасымалдауға және әс­кери мақсатта пайдаланылған. Бүгін­гі таңда түйелер көбіне Түркия мен Қа­зақ­станда будандастырылып өсі­ріледі.

Бес гибридті түйенің гене­тикасы туралы тың зерт­теу­ді бірлескен ға­­лым­дар тобы жүргізді. Олардың қа­­та­­рында Мақ­пал Амандықова (жа­нуар­лар генетикасы және цито­ге­не­­тикасы зертха­насының ғылыми қыз­мет­кері), Қайрат Досыбаев (био­логия ғылымдарының кан­дидаты, жануарлар генети­касы және цитогенетикасы зертханасының жетекші ғы­лыми қыз­меткері), Айжан Мұсаева (биология ғы­лым­дарының кандидаты, жануарлар генетикасы және цитогенетикасы зертханасының меңгерушісі), Сайтоу Наруя (ұлттық генетика инс­титуты­ның профессоры, Мишима, Жапония), Жазира Жүнісбае­ва (биология ғы­лым­дары­ның кан­дидаты, Әл-Фа­раби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­в­ер­­­си­тетінің молекулалық био­логия және генетика ка­фед­расының меңге­рушісі), Бақыт­жан Бекманов (био­ло­гия ғылымдарының кандидаты, мо­лекулалық генетика зертханасы­ның жетекші ғылыми қызметкері) бар.

Отандық ғалымдар ал­ғаш рет Ал­маты облысында өсі­­рілген бес гиб­ридті түйе­нің жалпы геномдық рет­тілігі (WGS) деректерін бір өр­кешті, екі өркешті және жа­байы түйелердің (WGS) дерек­терімен салыстыра оты­рып жаңа деректер ұсынды. Зерт­теу топтарында барлығы 43 552 164 бір нук­леотидті полиморфизм табыл­ған. Соның ішінде гибридті түйе­лер (3,271,083), жабайы түйелер (2,515,591), бак­териялар (1,244,694) және дро­медариялар (531,224) бар.

Зерттеу нәтижесінде, будандар ге­нетикалық тұрғыдан бір өркешті түйелерге жақын екендігі анықталды. Жаңа деректер сүтқоректілердің ге­не­тикалық ресурстарын әрі қарай зерт­теуге ықпал етеді. Ғалымдар бұл зерт­теулер нәтижелерін жақсы­рақ тү­сі­ну үшін қосымша тексеру жұмыс­та­ры қажет ететінін атап өтті. Ол үшін зерттелетін жануарлардың са­нын көбейту қажет. Соны­мен қа­тар зерттеушілер осы жұмыстың артық­шы­лығы ретінде жобаның жаңа ізде­ністер үшін салыстырмалы дерек бола алатындығын алға тартты.