Картоп – ең маңызды азық-түліктің бірі. Оның түрі де, дәмі де әртүрлі. Сорты да көп. Солардың бірі «Тоқтар» деп аталады. Бұл сортты Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ойлап тапқан.
Ғарышқа сапары кезінде бірнеше дақылдың жасушалары қоса жіберілген. Олардың көбі ғарышта жарамсыз болып қалғанда, «Гатчинский» картобының жасушалары бәріне төзімді болып шыққан. Ғарыштағы жүргізілген сынақтар нәтижесінде картоп үлгісі каллустарының регенерант түзу қабілетінің өте жоғары көрсеткіштерге жеткендігі анықталды. Содан кейін ғалымдар жерге әкелінген жасушаны әрі қарай сұрыптап, зерттеп, тәжірибе алқабында картоптың «Тоқтар» атты жаңа түрін шығарған.
Жасушалық және ғарыштық технологиямен сұрыптаудан өткен, шаруашылықта бағалы белгілері бойынша оң нәтижелерімен ерекшеленген бұл картоп үлгісі Мемлекеттік сортсынақ комиссиясына ұсынылып, оған қазақстандық тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің құрметіне «Тоқтар» деген ат берілді. Осылайша, отандық жаңа сорт дүниеге келді.
«Тоқтар» картоп сортын 1991 жылы Т.Әубәкіровтің «Ғарыш-Қазақстан» бағдарламасы бойынша эксперименттер жүргізген «Мир» орбиталдық кешенінің бортында, протоклондарды алдын ала іріктеу негізінде, жасушалық технология әдісі арқылы Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.А.Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институты бірлесіп шығарған. Сортты жасауға ғарышкердің өзі де атсалысқан. Одан кейін картоп 2003 жылы ресми түрде Алматы облысында аудандастырылған болатын.
Тоқтар – орташа ерте пісетін сорт. Вегетациялық мерзімі 90-100 тәулікті құрайды. Орташа өнімділігі – 28-35 т/га, ал биологиялық әлеуеті одан да жоғары. Түйнектерінің пішіні дөңгелек, көзшелері терең емес, қызғылт түске боялған. Вирустық ауруларға, фузариоз және макроспориоз ауруларына салыстырмалы түрде төзімді. Ыстыққа және құрғақшылыққа да төзімді. Таулы аймақ жағдайында өнімділігі 30-34 т/га дейін жетеді. Дәмі мен асханалық қасиеттері жоғары, түйнектеріндегі крахмал мөлшері 15-17 пайызды құрайды, сақталу қасиеті өте жоғары (92-95 пайыз). Қазіргі кезде картоп Алматы, Жетісу, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының бірқатар шаруа қожалықтарында кеңінен өсіріліп жатыр. «Тоқтар» сортының бастапқы тұқым шаруашылығын Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Алматы облысы Райымбек ауданы Текес ауылында орналасқан «Өркен» шаруа қожалығы жүргізеді. Сондай-ақ «Тоқтар» сорты тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарында да өсіріледі.
«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Теміржан Ерқасымұлының айтуынша, бір сортты дәстүрлі технологиямен дайындап шығу үшін 10-15 жыл уақыт кетеді. «Тоқтар» картоп сортын жасап шыққан ғалымдар да зерттеуге біраз жылын арнаған.
– Бұл сортты шығаруға 7-8 адам қатысқан болатын. Солардың ішінде осы сорттың негізгі авторы, профессор, ғылым докторы Г.Лигай екенін атап өткен жөн. Ол кісі өмірден өтіп кетті. Одан кейін С.Бабаев авторы болды. Ол кісі қазір арамызда жүр. Қазір Қайнардағы институтта жұмыс істейді. Мен енді өзім тікелей қатысқан жоқпын. Ол кезде институтта жас ғалым болатынмын, – деді Теміржан Ерқасымұлы.
Қазіргі кезде Қазақстанда 130-қа жуық картоп сорты аудандастырылған. Оның 60-ы – отандық сорт, ал қалған 70-і – алыс-жақын шетелден алынған сорттар. Институт басшысы сорттарды жасап шығатын кезде ең бірінші сапалық көрсеткішіне мән берілетінін айтады. Мәселен, «Тоқтар» картоп сорты құрамында адам ағзасына пайдалы C, B1, B2, B6, B9, K дәрумендері бар.
Институттың басқарма төрағасы сорттарды шығарғаннан кейін оларды аудандастыратын жерді таңдау да маңызы екенін атап өтті.
– Біз сорттарды шығарған кезде олардың өнімділігіне қараймыз. Ал оның өнімді болуы аудандастырылатын жерге де байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамында мемлекеттік сорттар комиссиясы бар. Ғылыми зерттеу институты сорттарды шығарғаннан кейін оны міндетті түрде комиссияға жібереді. Әр өңірде сорт сынақ учаскесіне жіберіледі. Осылай барлық облыста сыналады. Мәселен, оңтүстікте өнімді болған сорт, солтүстікте өспей қалуы мүмкін. Сондықтан сынақ барысында қай өңірде сорт өнімді болса, сол облыста өсіріледі. Одан бөлек сорттарды жасағанда олардың ауруларға, ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді болуына ерекше мән беріледі. Шығарылатын сорттар жергілікті жағдайға бейімделіп, қайта өңдеуге жарамды болуы керек. Сонымен қатар тағы бір ең маңызды көрсеткішінің бірі оның сақталғыштығы, яғни шіріп кетпей ұзақ мерзімге сақталуға тиіс. Осындай сапалық қасиеттеріне басымдық береміз, – дейді Теміржан Ерқасымұлы.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты жалпы 25 дақылды зерттеп, жаңа сортын шығарумен айналысады. Институттың негізгі міндеті – бау-бақша және көкөніс өсіру саласында ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту. Сондықтан ғалымдар озық әдіс-тәсілдермен, заманауи технологиялармен жасалған сорттарды шығарып, фермерлерге жағдай жасап отыр. Институт шығарған сорттардың ішінде осы «Тоқтар» тарихи сорт. Оның ресми аудандастырылғанына (Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің Мемлекеттік тізбесіне енгеніне) биыл тура 20 жыл толып отыр.