Жыл санап онлайн есеп айырысу үрдіске еніп келеді. Екінші деңгейлі банктердің төлем карталары мен цифрлық қызметтері өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ересектерді былай қойғанда, балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығына батыл қадам жасап, жалпы цифрлық қаржылық қызметтерді белсенді игеріп жатыр. Соңғы жылдары 6-18 жас аралығындағы балалар ата-анасының төлем картасына байланған банк карталарын белсенді аштыра бастады. Мұндай карталар балаларға ата-аналарының бақылауымен қолма-қол ақшасыз шағын сатып алулар жасауға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда кем дегенде 7 банк балалардың төлем карталарын ұсынады: Jusan Bank, Halyk Bank, Kaspi.kz, ForteBank, Bank RBK, Altyn Bank және «Банк ЦентрКредит».
Мамандардың айтуынша, баланы банк картасымен ерте бастан таныстырған дұрыс. Бұл баланың өмірде кездесетін қаржылық қызметтер әлеміне алғашқы қадамы болмақ. Дүкенде төлем жасау үшін тапқан ақшаның бір бөлігін балалар картасына аударып қоюға болады. Сондай-ақ карта болса, балалар банкте депозит ашып, жинақтарын көбейтіп, шоттағы ақшаның қалай көбейіп жатқанын көріп отырады. Бұл – қаржылық сауаттың әліппесі.
«Балалардың төлем карталары ақшамен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға, қаражатын басқаруда өз бетінше шешім қабылдап, жауапкершілік алуына көмектеседі. Бұл өз кезегінде қаржылық сауатты арттырады», дейді Ranking сарапшылары.
«Балалар үшін банк картасы – ересек адамның атрибуты. Карталарды 6 жастан 14 жасқа дейінгі жас отандастарымыз үшін ата-анасының негізгі картасына қосымша карта түрінде, ал 14 жастан бастап ата-анасының келісімімен негізгі карта түрінде алуына болады», деп түсіндіреді Ranking.
Балалар үшін Jusan Bank-те – Jusan Family, Halyk Bank-те – Halyk Easy, Kaspi.kz-те – балаларға арналған Kaspi Gold, ForteBank-те – Forte балалар картасы, Bank RBK-да – RBK мини-банк картасы, Altyn Bank-те – Altyn-i балалар картасы, «Банк ЦентрКредитте» – Junior балалар картасы қолжетімді.
Балаларға арналған банк карталарының негізгі артықшылықтары мыналар:
Тәжірибе көрсеткендей, балалар әдетте қалтасындағы қолма-қол ақшаға қарағанда картаны сирек жоғалтады;
Егер карта жоғалса, оны тез блоктауға (осылайша шоттағы ақшаны сақтап қаласыз), содан кейін қайта шығаруға болады. Ал жоғалған қолма-қол ақшаны қайтару қиын;
Картамен төлеген жағдайда қайтарым ақшаны қате есептеп қою қаупі жоқ;
Қажет болған жағдайда, ата-ана бала қайда болса да, картаға ақшаны жылдам аудара алады. Мұны мобилді қосымша, онлайн-банкинг, банкомат немесе банк бөлімшесі арқылы жасау мүмкіндігі бар;
Бала өз шығындарын басқаруды үйренеді;
Картадағы суреттер жарқын және әдемі (мысалы, мультфильм кейіпкерлері бейнеленген);
Банктің кейбір серіктес дүкендері балаларға арналған тауарлар мен қызметтерге арналған түрлі акциялар, сондай-ақ кешбэк ұсынады;
Ата-аналар картаның барлық операциясын SMS немесе push-хабарландырулар немесе банктің мобилді қосымшасы арқылы бақылай алады;
Ата-аналар банкоматтан ақша алуға, қолма-қол ақшасыз төлемдерге және онлайн сатып алуға лимит пен басқа да шектеу қоя алады. Балалар онлайн сауда жасамақ болған сайын транзакцияны растау коды бар хабарлама келеді
Ата-аналар картадан қолма-қол ақша алуға және басқа картаға немесе шотқа ақша аударуға тыйым сала алады.
2023 жылдың мамыр айының басында елімізде айналымдағы төлем картасының саны шамамен 69 млн-ға жетіп, бір жылда бірден 17,6 пайызға көбейіпті.
Қазіргі уақытта елімізде бір тұрғынға 3,5 картадан келеді. Небәрі 5 жылдың ішінде айналымдағы карталар саны 3,4 есе, ал он жылда 5 еседен астам өсті. Мұндай деректер бізде және бүкіл әлемде төлем карталары секторының дамуын және қолма-қол ақшасыз төлемдерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.