Гендерлік алшақтық мәселесін көтергенде әйелдер мен ерлердің қоғамның барлық саласына қатысу үлесі мен деңгейін айтамыз. 2006 жылдан бері Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын 146 елді қамтитын «Жаһандық гендерлік алшақтық» есебін жариялайды. Бұл индекс 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшенеді және көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, соғұрлым гендерлік теңсіздік жоғары. Қазіргі қарқынмен әлем бойынша көрсеткіштерді толық теңестіру үшін тағы 131 жыл қажет болса, әйелдердің саясатқа қатысу деңгейін ерлермен теңестіру үшін әлі 162 жыл қажет.
Көп елде гендерлік алшақтықты жою бойынша прогресс тоқтап қалды. 2022 және 2023 жылғы есепте қамтылған 145 елдің тек 30-ында ғана гендерлік ассиметрия кем дегенде 1%-ға қысқарған. 57 ел гендерлік теңсіздікті 1%-дан аз қысқартып, сәл ғана прогресс жасады. Гендерлік паритет 2023 жылы 35 елде 1%-дан артық төмендеді (2022 жылы 12 елде қысқарған еді).
2023 жылы жаһандық гендерлік алшақтықты еңсеру 68,4%-ды құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 0,3%-ға ғана жоғары. Жалпы, жаһандық гендерлік теңдік көрсеткіші пандемияға дейінгі деңгейге қайта қалпына келгенімен, оның нығаю қарқыны едәуір деңгейде бәсеңдеді.
Қазақстанды қарастыратын болсақ, еліміз рейтингте 2022 жылғы 65-орыннан 2023 жылы 62-орынға көтерілді. Еліміз білім деңгейі – 27, денсаулық және өмір сүру – 47, экономикалық белсенділік пен мүмкіндіктерге қолжетімділік бойынша 28-орынды иеленіп, әйелдердің саяси құқықтарын кеңейту бойынша рейтингте 100-орынды алып әлем бойынша төмен деңгейде. Расында да, еліміз министр лауазымындағы әйелдердің саны бойынша 120-орында.
Дүниежүзілік экономикалық форум зерттеушілері мемлекеттердің гендерлік әділеттілігін бағалау үрдісін төрт өлшем бойынша жүргізеді:
білім деңгейі денсаулық және өмір сүру көрсеткіші экономикалық белсенділік пен мүмкіндіктерге қолжетімділік саяси құқықтарды кеңейту.2023 жылы ешбір ел әлі толық гендерлік тепе-теңдікке қол жеткізе алмаса да, 9 жетекші мемлекет (Исландия, Норвегия, Финляндия, Жаңа Зеландия, Швеция, Германия, Никарагуа, Намибия және Литва) айырмашылықты кем дегенде 80%-ға қысқартты. Гендерлік теңдіктің 90%-дан астамын 14 жыл бойына еңсеріп келе жатқан жалғыз мемлекет – Исландия (91,2%).
Мемлекет атауы
Рейтингтегі
орны
2021
2022
2023
Исландия
1
1
1
Норвегия
4
4
2
Финляндия
2
2
3
Қазақстан
80
65
62
Украина
74
81
66
Моңғолия
69
70
80
Қырғызстан
108
86
84
Әзербайжан
100
101
97
Қытай
107
102
107
Тәжікстан
125
114
111
Түркия
133
124
129
Ауғанстан
156
146
146
Ресей Федерациясы
81
–
–
(Жаһандық гендерлік алшақтық есебінің 2021-2023 жылдардағы рейтингін салыстыру)
Биылғы есептің ерекшелігі – аймақтар арасында гендерлік теңдік бойынша өткен жылы рейтинг басында болған Солтүстік Американың гендерлік алшақтығы 1,9%-ға төмендеп (2022 – 76,9%, 2023 – 75%), биыл Еуропа 76,3%-бен бұл көрсеткіш бойынша 1-орынға көтерілді. Сарапшылар осы беталыспен Еуропа 67 жыл ішінде толық гендерлік теңдікке қол жеткізеді деп болжап отыр. Ал бұл межеге жету үшін АҚШ-қа 95 жыл қажет. Ал 3-орында Латын Америкасы мен Кариб теңізі елдері тұр.
Еуразия және Орталық Азия аймағында гендерлік алшақтықты қысқартудағы жалпы прогресс сол қалпында қалып, 69% деңгейінде. Осы қарқынмен теңсіздікті жою үшін аймаққа 167 жыл қажет болады. Молдова, Беларусь және Армения аймақ бойынша рейтинг басында болса, Әзербайжан, Тәжікстан соңында.
Әйелдердің саяси құқықтары мен елді басқару ісіне араласу деңгейі өлшемі бойынша аймақтар рейтингі
1
Еуропа
39,1%
2
Латын Америкасы және Кариб елдері
35%
3
Солтүстік Америка
26,1%
4
Оңтүстік Азия
25%
5
Суб-Сахаралық Африка
22,6%
6
Шығыс Азия және Тынық мұхиты елдері
14%
7
Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері
14%
8
Еуразия және Орталық Азия елдері
10,9%
Ғаламдық еңбек нарығындағы гендерлік теңдік – қазіргі таңда алаңдаушылық туғызатын ең үлкен проблема. Бұл бағыттағы көрсеткіштер соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп, теңсіздік пен алшақтық ұлғаюда. Мәселен, болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар саласындағы әйелдердің үлесі де көңіл көншітпейді. Бүгінде STEM, яғни ғылым, технология, инженерия, математика бағытында еңбек етуші әйелдердің көрсеткіші – 29,2%, ал жасанды интеллект саласында – 30%-ды құрайды.
Көшбасшылық қызметтегі әйелдердің көрсеткіші әлі де төмен деңгейде. 2022 жылғы дерекке сәйкес, дүниежүзі халқының 27,9%-ы немесе 2,12 млрд адам мемлекетті әйел адам басқаратын елдерде тұрады. Осы индикатор бойынша байқалатын жағымды трендтердің бірі – парламенттегі әйелдер үлесінің артуы. Әлемнің 18 елінде, оның ішінде Боливияда, Үндістанда, Францияда жергілікті басқару жүйесіндегі әйелдердің үлесі 40%-дан асты.
Алайда LinkedIn компаниясының 163 елді қамтыған зерттеуіне сәйкес барлық өндіріс салаларындағы әйелдердің еңбек етуі мен басшылық көрсеткіші үздіксіз төмендеуде. Зерттеу көрсеткендей 2023 жылы жалпы жұмыс күшінің жартысына жуығын әйелдер құрағанымен, басшылық деңгейдегі әйел қызметкерлердің үлесі қызметкерлердің үштен бірін ғана құрайды.
Жалпы, мемлекеттің тұрақты және сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін әйелдерді саяси шешімдерді қабылдауға кеңінен тарту аса маңызды. Бірнеше зерттеулер көрсеткендей, әйелдер саясатқа және елді басқаруға неғұрлым белсенді қатысқан сайын, соғұрлым ел бейбітшілікті нығайтуға бағытталған шешімдер қабылдап, тұрақты экономикалық даму бағытын ұстанады. Оның бір айғағы – Исландия және Скандинавия елдері. Исландия жыл сайынғы Жаһандағы бейбітшілік индексі және Жаһандық гендерлік алшақтық есебі бойынша 15 жыл бойына 1-орынды алып келеді. Сөзсіз елдің гендерлік теңдігі мен тұрақты дамуы арасында қатаң корреляция бар. Сондықтан қоғамның барлық саласында гендерлік теңдікке ұмтылу жай ғана философиялық немесе этикалық мәселе ғана емес, ол ең алдымен мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік даму саясатының кезек күттірмейтін және ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Қорытындылай келе, «Жаһандық гендерлік алшақтық» есебі әйел мен ерлер арасындағы гендерлік теңдікке қатысты мәселелер мен жаhандық деңгейдегі статистикалық мәліметтерді жариялайтын маңызды зерттеу. Аталған есеп ғалымдар мен салаға қызығушы мамандар, жалпы оқырман қауымға арналып, ғылыми талдамалық зерттеулерде қажетті көмекші құрал бола алады.
Айнұр АБАЙҚЫЗЫ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы,
саяси ғылымдар кандидаты