• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2023

Шикізатқа сүйенген ел – қауқарсыз ел

330 рет
көрсетілді

Кез келген ұлттық валюта елдің өткенін, бүгіні мен болашағын бейнелейді. Экономикада ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығына жету, инфляциялық үдерістерді ­тежеу, елдің банк жүйесінің қызметін жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету – әрдайым өзекті мәселе. Айналымға енгеніне биыл отыз жыл толатын төл теңге­міз аталған кезеңдер аралы­ғын­да девальвацияның бірнеше толқынын және жылына 30-61% инфляцияны бастан өткерді. Теңгеміз осы жылдар аралығында нарықта қалай қызмет етті? Бұл туралы «Қазақстан ға­лым­­дар одағы» қоғамдық бір­лес­­тігінің президенті, экономика ғылымдарының докторы, ака­демик Оразалы Сәбденмен бол­ған әңгіме барысында баяндалады.

– Оразалы аға, еліміздің на­рық­­тық экономикаға өту бары­сын­ зерттеген ғалымдардың бірі­сіз, ұлттық валютамыздың бұдан отыз жылдай бұрын айна­­лымға енгізілуін ел еге­мен­­дігінің белгісі әрі экономи­ка­­­мыз­дың тірегі деп білдік. Еге­мендікке енді ғана қол жет­кіз­ген­ еліміздегі сол кездерді еске түсір­сек....

– Тәуелсіздік алғаннан кейін­гі алғашқы жылдары біз кеңес­ рублін қолдандық. Ол кезде барлық салаға реформа керек еді. 1993 жылғы шілдеде Ресей Орталық банкі КСРО рублін айналымнан кеткеннен кейін ғана өзіміздің теңгеміз сол 15 қарашадан бас­тап айналымға енгені бар. Ұлттық валютамызды енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамында Премьер-министр С.Терещенко, Қазақстанның вице-президенті Е.Асанбаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Д.Сембаев, Ұлттық банк төрағасы Ғ.Байназаров, Қаржы министрі Е.Дербісов пен Экономика министрі Б.Ізтілеуов болды. Қазақстан Жоғары кеңесі экономика комитетінің төрағасы С.Тәкежанов теңгенің алғашқы тұсауын кескен еді. Ұлттық теңгеміздің тарихы мен оның жарыққа шығуы туралы көптеген мәліметтер бар. Оған тоқталмай-ақ қояйын. Ең алғаш шыққан банкноттарда халқымыздың белгілі саяси және мәдени қайраткерлері Құрманғазы, Сүйінбай, Шоқан Уәлиханов, Абай, Әбілхайыр мен Абылай хандардың кескіндері бейнеленген болатын. Бертін келе оларды да алып тастады. Бұл әрине дұрыс емес, әсіресе жас­тарымыз теңге арқылы терең тарихтағы тұлғаларды білгені дұрыс. Қажет болса, Ұлттық ғылым академиясы алқаларының бірі болып құрған, президенті, әлемге әйгілі ғалым академик Қаныш Сәтбаевтың, Әлкей Марғұлан мен Мұрат Әуезов сынды ғалымдардың бейнесін қолданса болар еді.

Алғашқы теңге жарыққа шыққанда ең үлкен номиналы 100 теңге болатын. Қазір 20 мың теңгелікке дейін бар. Осы 30 жылдың ішінде теңге долларға шаққанда 100 есеге жуық құнсызданды. Ұлттық теңгеміздің тұрақты болуы тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызды еді. Оның долларға шаққандағы құны 4,75 теңге болды. Дегенмен осы 1993 жыл біздің экономикамыз үшін ең ауыр жылды бастан өткерді. Себебі гиперинфляция басталып, инфляция деңгейі шарықтап, осындай қиын экономикалық кезеңде теңге айналымға шықты.

– Еліміз тәуелсіздігін алған­мен, экономикалық тұрғыдан тәуел­сіздікке қол жеткізе ал­дық­ па, қалай ойлайсыз?

– Иә, шекарамызды бекіт­тік,­ етек-жеңімізді жинап сая­си­­ тәуелсіз ел болдық, бі­рақ­­­ экономикалық тұрғыдан тәуелсіз ел болдық деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, 30 жыл өтсе де демократиялық емес, бюрократиялық, олигархиялық, автократиялық шикізат елі болып келдік. Шикізат елі – әр уақытта қауқарсыз, тәуелді, кезекті әлемдік кризисте экономикасы күрт құлайтын ел. Айта берсе әңгіме көп, қарапайым халыққа сіздің саясатыңыз бен жалпы экономикаңыз, теңге де емес, қажеттісі – 30 жылдағы әр адамның күнкөрісі, өмір сүру деңгейінің жақсарғаны. Қазір халқымыздың 1/3 бөлігі кедейшіліктің күнін кешіп отыр. Бұл, әсіресе ауылда байқалады. Бәріміз де ауылдан шықтық, ауылға барсақ жүрегің ауырады, кедейшілік пен дәрменсіздік байқалады. Қазір бай мен кедей­дің арасының 30 есеге дейін өскені туралы дерек бар. Заңсыз жекешелендірудің арқасында Қазақстанның 90% меншігі мен байлығы 1% байлардың қолында. Сыртқы қарызымызды қарасақ 157,3 млрд долларға жетіпті, бұл ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 90 пайызынан асып, өте қауіпті жағдайда тұр. Себебі мемлекеттің қарызы ІЖӨ 60%-нан аспаса ол ел экономикалық тәуелсіз ел деп аталады.

– Жеріміздің асты-үсті тұнып тұрған байлық десек те, өз байлығымыз өзімізге бұйыратын емес, себебі неде?

– Қазба байлығынан әлем­­­дегі ең бай ел болса да 30 жыл­да егемен еліміздің эко­но­­ми­калық тұрғыдан неге өзін- өзі қамтамасыз ете алма­ды,­ шикізат экономикасы бо­лып қалып қойды, тиімді эко­но­ми­калық жүйе құра алмады, бас­қара алмады? Оның негізгі себеп­тері, Үкімет шетелдік ақыл­шысымақтарды тыңдады, билік басындағылардан бастап корруп­циялық, бюрократиялық, авто­кратиялық жүйе құрды, мем­ле­кеттік билік жүйесі экономика жағынан сауатсыз да болғаны бар. Бәрін нарық, базар шешеді, «мемлекет нарық экономикасына қатынаспасын» деген басшылардың айтқан жаңсақ пікірі бәрін бүлдірді. Теңгенің тек номианалды құны өсіп, өнім өндірісімен байланысы болмай, бұл жыл сайынғы инфляцияға алып келді. Бізде билік идеологияны өздерінің қажетіне қарай жүзеге асырды, ал жалпыхалықтық идеология болмады. Қоғамдық сананың даму деңгейі төмен, білімсіз қоғамға айналдық. Билік басына келгендер халықшыл, мемлекетшіл болудың орнына оларды сорды, өз қамын ойлап тек баюды көздеді. Премьер-министрден бастап министрлер, әкім, депутат, банк, тіпті билік жүйесінде ұсталмаған заңмен қудаланбаған сала жоқ.

– Сіздің ойыңызша, бұдан шығар жол қайда?

–  Осы жерде айта кететін жайт, біз 30 жыл бойы мемлекетіміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық құрылымын жасап келеміз. Ашығын айту керек, кеңес одағы құлаған соң, Қазақстан ең соңғы мемлекеттердің бірі болып егемендігін алды. Сол кездегі Жоғары кеңес президиумының мүшелері С.Такежанов екеу­міз­дің Президент Н.Назарбаевқа айтқанымызға қарамастан, ұлт­тық­ теңгемізді де ең соңында қабыл­дадық. Президентіміз де, Үкімет пен Парламент те, партиялық сайлау жүйесі де бар, қазір сырттан қарасақ бәрі дұрыс сияқты.

 Халық арасында жалпы­ пси­хо­л­огиялық климат нашар, адами қасиет, патриоттық сезім, рухани-мәдени, ар-намыс, адамгершілік, жанашырлық, т.б. құндылықтан гөрі Абай айт­пақ­шы, «Қалың елім, қазағым, қай­ран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың...», ел арасында немқұрайдылық, нара­зы­лық, көре алмаушылық, агрес­сиялық күш алған. Бұл, әрине, халықтың тұрмыс-тірші­лігінің нашарлығынан, қым­ба­т­шылықтан туады.­ Ірі­ кәсіпорындар болса,­ банк­рот­қа түсті деген себеп­пен жеке­ше­лендіріліп, кор­руп­ция­лық жолмен, елдің ырысы мен байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

Қазіргі әлемдік құбылмалы кезең­де ертең не боларын біліп-болжаудың өзі қиын. Ең бас­тысы, халықтың күнкөріс жағ­дайын, тыныс-тіршілігін қана­ғат­танарлық деңгейде ұстап тұру үшін теңгенің тұрақты болуы қажет. Теңгенің тұрақты болуына­ ті­келей жауап беретін – Үкімет пен Ұлт­тық банк. Осылар теңгені нақ­ты өндіріспен байланыстырып, тиімді жұмыс істеуі керек. Бұлар еліміздің Парламенті алдында теңге саясаты туралы есеп беріп отыруға тиіс.

Жалпы біздің ұлттық теңгеміз – ТМД елдерімен салыстырғанда тұрақты валюталардың бірі. Ол әрі қарай алтын-валюталық резерв­тердің өсуімен, эконо­ми­ка­­­лық нығаюымен ұлттық әлем­дік­ ауқымда да бұдан да бетер ор­нық­ты болады деген үмітіміз бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Гүлмира БАҒЫТҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»