Атыраулық жас өнерпаз Нұршат Құсан «Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының жеңімпазы атанды. Оның өнерін тәлімгерлер жоғары бағалады. Оған көрермендердің таңдау ықыласы да ауғаны анық.
Бұл жобаға қатысуға 6 мыңнан астам үміткер өтінім берген. Солардың арасынан суырылып шыққан Нұршат Құсан музыкалық жобаның алғашқы кезеңінде композитор Арман Дүйсеновтің «Туған жер» әнін орындады. Сол сәтте оған жас өрендердің өнерін бағалауға шақырылған сахна саңлақтарының екеуі назар аударды. Кейін ол эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлының тобында өнер көрсетті.
Өнерлі өрен көпбалалы отбасында дүниеге келген. Үлкен сахнада өнер көрсетуді мақсат еткен ол 8 жасынан бері би билейді. Кейін ата-анасы оның әншілік қырын байқап, талабын ұштауға бет бұрған. Атыраудағы Д.Нұрпейсіова атындағы музыка академиясы жанындағы музыка мектебінің оқытушысы Шолпан Маңғыстауованың айтуынша, оның таланты ерте байқалған.
«Өнер жолы оңай емес. Бірақ мен осы жолды таңдадым. Болашақта ән шығаруды жоспарлап жүрмін. Өйткені музыка – менің өмірімнің бір бөлігі», дейді Нұршат Құсан.
Ол би билейді, фортепианода ойнайды, сурет салады. Енді түрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйренгісі келеді. Оның бір арманы бар. Бұл – қазақ елін өнерімен әлемге таныту.