Малайзияның Малакка каласында WKF каратэден ересектер арасында өтіп жатқан ХІХ Азия чемпионатында қазақстандықтар тағы алты медальды қанжығаларына байлады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан құрамасының қоржыны екі алтын, екі күміс, екі қола медальмен толықты.
Жарыстың екінші күні кумите бағдарламасында тəжірибелі Нұрқанат Әжіқанов (-75 келі) пен Қайсар Алпысбай (-60 келі) чемпион атанса, күміс жүлдеге қол жеткізгендер Мөлдір Жаңбырбай (-50 келі) мен Гүлмира Үсенова (-55 келі), сондай-ақ Данияр Юлдашев (-84 келі) пен Абылай Төлтай (+84 келі) қола медальдарды жеңіп алды.
Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медальмен жалпы есепте 1-орында келеді. Келесі орындарда Иран мен Иордания құрамалары тұр.