Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Ұлытау облысында жұмыс сапарымен болды. Ол бірқатар нысанды аралап, халықпен кездесті.
Ұлытау өңіріне жаңа облыс ашылғалы үшінші мәрте табан тіреген министр бұл сапарында өзі басқаратын министрлікке қатысты мәселелерге нақты назар аударды. Сапар министрдің облыс орталығындағы әуежайды жаңғырту жоспарымен танысуымен басталды.
Қазір Жезқазған әуежайынан үш бағыт бойынша аптасына 16 рейс қатынайды. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес әуежайдың жасанды ұшып-қону жолағы мен перронын жаңғырту мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, экологиялық және мемлекеттік сараптама жүргізілді. Жобаның құны 9,7 млрд теңге.
Жезқазған қаласы тұрғындарын таза ауыз су мәселесі қатты толғандырады. Сондықтан Марат Кәрімжанұлы осы мәселенің қалай шешімін тауып жатқанына баса көңіл бөлді. Республикалық бюджет есебінен түйінді тарқату мақсатында жалпы құны 12 млрд теңгені құрайтын екі жоба қолға алынған. Жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ қалаішілік 298 шақырым құрайтын су құбыры желілері де жаңалануда. Бұл алдағы уақытта жезқазғандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі деген үмітті күшейтті.
Еліміздің көптеген өңірі тәрізді Ұлытау облысында да, әсіресе Жезқазған, Сәтбаев қалаларында алдағы қысқы жылу беру маусымына алаңдаушылық басым. Жезқазған жылу-электр орталығы жұмысынан шіліңгір шілдеде ши шықаны, айдың-күннің аманында екі мәрте сыр бергені халықты әрі-сәрі күйге түсірді. Мұның сыртында облыс орталығындағы тозығы жеткен жылу желілерін жаңалау да қажет. «Жезқазған қаласының жылу желілерін реконструкциялау және жаңғырту» жобасының жалпы құны 6 981 081 мың теңге. Бұл жобаға сәйкес 3,8 шақырым желіні жаңарту көзделген, ал биыл 0,8 шақырымдай аумаққа дейін жөнделеді деп жоспарланған. Аталған жобаны одан әрі іске асыру үшін 2023 жылы 2,6 млрд теңге көлемінде қосымша қаражатқа қажеттілік туындап отырғанын білген министр бюджетті түзету және үнемдеу кезінде аталған соманы бөлуді қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Министрдің жұртшылық өкілдерімен кездесуі ашық, бүкпесіз өтті. «Барды бар, жоқты жоқ деп айтайық», деген М.Қарабаев халық тарапынан көтерілген мәселелерді ықыласпен тыңдап, барынша түсінікті жауап қайтарып отырды. Көпшілік көптеген мәселе көтерді.
Ұлытау ауданынан кездесуге арнайы келген аудан әкімінің орынбасары М.Оспанов бастаған бір топ азамат ауданға Шұбаркөл көмірін жеткізудегі өзекті мәселелерді қозғады. Министр бұл мәселені шешуге болатынын айтып, тиісті тапсырма берді. Бірақ жергілікті билік тарапынан жеткізілген көмірдің пайдалануына қатаң бақылау орнату керектігін де ескертті.
Облыс мәртебесін иеленгелі Жезқазғанның еліміздің басқа өңірлерімен қарым-қатынасы артты. Автокөлік, теміржол қатынасында ілгерілеушілік бар. Халық тарапынан Ұлытаудың оңтүстік өңірмен, атап айтқанда Жезқазған – Шымкент әуе қатынасын ашу туралы ұсынысқа Үкімет қолдау танытып, қазір рейсті субсидиялау мәселесі қарастырылып жатыр.
«Келесі жылдың басынан, тіпті, мүмкін осы жылдың қазан айынан бастап екі арадағы әуе қатынасы орнап қалуы мүмкін», деді министр.
Жезқазған – Қызылорда автокөлік жолы туралы да нақтылы жауап берілді.
«Екі арадағы жолдың Қызылорда жағында жұмыс қарқынды жүруде, келесі жылы бітеді. Бірақ Жезқазған жағының 208 шақырымына жөндеу әлі басталған жоқ. Неге? Жол құрылысын қаржыландыратын Азия Даму банкімен бірнеше мәрте келіссөз жүргізіліп, жақында нақты шешімге келдік. Банк жолды жөндеуді 2 лот арқылы жүргізуді ұсынды. Бұлай істесек, жол құрылысына отандық компаниялар қатыса алмайтын еді. Сондықтан 6 лотқа бөлуді ұсынып, осыған келістік. Екіншіден, шетелдік мердігер жеңімпаз атанса, жұмыстың 75 пайызын олардың өздері атқаруға тиіс деген талап қойдық. Өйткені әдетте шетелдіктер жеңімпаз атанады да, жұмысты біздің компаниялар арзанға атқарады. Бұған жол бермеу керек болды. Сосын инфляция жағдайын ескеруге де тура келді. Осы мәселелердің бәрі келісілді. Жуықта тендер жарияланады, тамыз аяғының соңына дейін мердігерлер анықталады. Президенттің тапсырмасы бар, тікелей бақылауында. Жол 2025 жылы толық аяқталатын болады», деген Марат Қарабаев көңілдегі көп күдікті тарқатып тастады.
Кездесу барысында жер байлығын шикізат күйінде шетке сата бермей, дайын өнімдер шығару туралы да айтылды.
Министр бұл ретте көп нәрсе кәсіпкерлерге байланысты екеніне тоқталды. Мемлекет қолайлы жағдай тудыру бағытындағы шаралар қарастырады. Мысалы, мыс өндірісін алсақ. 2020 жылға дейін мыс, қорғасын, т.б. ішкі нарыққа шығарылмаған. Президент тапсырма беріп, «Өндіріс туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес өзіміздің өндірісшілер, кәсіпкерлер мысты, т.б. өңдеуге тапсырыс берсе, оларға әлемдік бағадан 5 пайыз төмендетілген бағамен сатылатын болып белгіленді. «Өндірісті қолдау» қоры құрылды. Қорда қомақты қаражат бар. Осы Қор арқылы кәсіпкерлерге 9 пайыздық несие беріледі. Демек мемлекет қаражат жағынан қолдауға әзір. Өнеркәсіпті өрге сүйреуге ниетті кәсіпкерлер керек.
Теміржол қатынасындағы түйткілді тұстар да, яғни қызмет сапасының сын көтермейтіні, пойыздардың кешігуі, билеттердің табыла қоймайтындығы және т.б. мәселелер айтылмай қалмайды. Сондай-ақ нақты Ұлытау облысына қатысты мәселелер кеңінен қозғалды. Кездесудің үш сағаттан астам уақытқа созылғанының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.
Министрдің сапары Ұлытау облысындағы қордаланған мәселелердің көбінің шешімі табылатын тәрізді сенім ұялатты.