Елордада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтіп, ұйымның жаңа президенті сайланды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен жауапты қызметке Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы сайланды.
Алқалы жиынға қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, Қазақстанның барлық аймағынан келген делегаттар мен тіл жанашырлары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Аталған ұйымның бұған дейін атқарған жұмысына қорытынды жасалып, алдағы жұмыс жоспары мен жаңа міндеттері талқыланды.
Айта кетейік, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол – қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.
Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы есеп берді. Ол 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында ұйымның президенті болып сайланған еді.
«Бұл аралықта «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалының бастамасымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумын өткізді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап басып шығарды. «Алтын қыран» компаниясының демеушілігімен музыкасүйер ортада танымал Spotify қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің филиалдар саны 135-ке дейін көбейіп, қоғамның бас кеңсесі Астана қаласына көшірілді. Қазақтілді тұтынушылардың қызмет алу құқығын қорғау мақсатында «Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіпкерлік нысандардың тілге қатысты заңнаманы қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Одан бөлек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды. Аймақтарда да бірқатар жұмыс атқарылды», деді бірлестік басшысы.
Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына журналист, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.
Айта кетейік, Рауан Кенжеханұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде Уикипедиядағы қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша Уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. 2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағытталған KITAP – Қазақстанның ашық кітапханасы, студенттерге арналған OPEN_U – «Қазақстанның ашық университеті» сынды ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 2017-2021 жылдары Р.Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абайдың шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды.
Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақтілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және біліктілігін жетілдіруге ниетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы форматқа көшу мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалмақ.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бірлестіктің жаңа президентін қызметімен құттықтап, «Масс-медиа» туралы жаңа заңның жобасында мемлекеттік тілге қандай басымдықтар беру ұсынылып отырғанын айтты.
«Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргідей ақпарат пен жаңа технология қарқынды дамып жатқан кезеңде қазақ тілінің ұлтаралық және халықаралық тілге айналуына қызмет ету керек екені белгілі. Бұл орайда, Рауан секілді википедияны қазақша сөйлетіп, әдебиетімізді әлем тілдеріне аударған, тіліміздің мерейін көтеру үшін қыруар жобалар жасаған белгілі азаматтың бұл қызметті абыроймен атқаратынына сенім мол. Бұған дейін баспасөз тілі 50/50 қағидатымен жұмыс істегенін білесіздер. Біз оны өзгертіп, қазір 70/30 болсын деп жатырмыз. «Масс-медиа» туралы жаңа заң қабылданса, бүкіл ақпарат, жалпы еліміздің бүкіл масс-медиасының тілі 70 пайызы қазақша болады. Сонымен қатар қазақ тілі туралы доктрина әзірленіп жатыр. Сол доктринаға да енгіздік. Осында вице-министр отыр. Тіл туралы доктринаның ішіне ақпарат саласында қазақ тіліне басымдық беру туралы ұсыныстар енгіздік», деді министр.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы мемлекеттік тілдің мәртебесі әр саланың басында отырған іскер азаматтың қолында екенін атап өтті.
«Бұл ұйым халықаралық деңгейге жетпей тұрып та талай кезеңнен өтті. Тіліміздің бүгінгі қоғамдағы жағдайына бұрынғыға қарағанда тәубе дейміз. Халықтың саны артуы, кеше ғана мектеп бітірушілердің 76 пайызы мемлекеттік тілде ҰБТ тапсыруы, түрлі салалардың тізгінін қазақтілді азаматтардың ұстауы – бұл да бір көрсеткіш. Әрине, барлық дүние өзіміздің іскерлігімізге байланысты. Жаңа сайланған Рауан Кенжеханұлының бұған дейін атқарған іргелі жобаларын көрдік. Яғни әркім өз қызметінде қазақ тілінің абырой-беделін биік ұстап, жаңа сапаға көтерілуіне жұмыс істеуі керек. Сонда ғана бұл мақсатқа барша халық бірге жұмылатын кезеңге өтеміз. Біз қазір осының көзін таба алмай отырмыз. Оның тетігі тек білім саласында шығып жатқан қазақтілді оқулықтармен табылмайды. Ал енді бірлестіктегі ендігі құрам осал емес, әр мүшесі елге белгілі азамат. Кезінде Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы секілді тұлғаларымыз қазақ тілін Президенттен емтихан алатындай деңгейге көтерді. Кез келген атқарушы биліктің өкілі қазақ тілінің алдында басын иіп, құрмейттейтін дәрежеге жеткізу – сіз бен біздің қолымыздан келетін іс», деді Дихан Қамзабекұлы.
Құрылтай ұсынысы бойынша халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.