Биыл Алматы облысына арнайы келген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сапары барысында дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесі қаралды. Оның ішінде шалғайдағы ауыл-аймақтарда кадр тапшылығы қатты сезіліп тұр.
Өткен жылы аталған облыстың 117 түлегі оқу бітіріп, ауылдарға 86 дәрігер бөлінген екен. Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Алматы облысына 32 резидентура гранты да бөлінген. Сондай-ақ 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында министрлік әкімдікпен бірлесіп, Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген. Жоспар инфрақұрылымды дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, өңірдің кадрлық әлеуетін арттыру шараларын қарастырады.
Кадр жетіспеушілігі мен медициналық құрылғылардың тапшылығын шалғайдағы шекаралы Райымбек ауданының дәрігерлері айқын сезініп отыр.
«Кадр жетіспеушілігі ешуақытта шешімін таппайтын тәрізді. Себебі медициналық институтқа бәрінің қолы жете бермейді. Оқу бітіргендер көп жағдайда қалада қалуға тырысады. Ауылға ата-ана жағдайына қарап келетін бірлі-жарымы болмаса, өздігінен келуі өте сирек. Аудан әкімінің квотасы тұрмыс жағдайы төмен отбасының балаларына бөлінеді. Бірақ олардың ауылға қайтып келуіне талап қойылмайды. Сондықтан бөлінген квота бойынша оқу бітірген маман ауылға келіп, жұмыс істеуін міндеттесе ғана кадр мәселесі шешім табуы мүмкін. Бұған қоса осы уақытта онлайн оқытулар көбейіп кетті. Дәрігерлерге одан келер пайда шамалы, себебі ауданда сапалы интернет жоқ. Екіншіден, маман тапшылығына байланысты дәрігерлердің уақыты да жете бермейді. Сондықтан формальды оқытуды доғару керек. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін офлайн оқытып, іс-тәжірибе алмасудың артықшылығы анағұрлым тиімді болар еді», дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Назгүл Ботбаева.
Бүгінде шекаралы аймақтағы Райымбек ауданындағы ауруханада 30 мыңдай халық тіркеуде. Олардың ішінде туыт жасындағы әйелдер саны – 5 260, биылғы бес айда 159 сәби өмірге келген. Өткен жылы ауданда 403 нәресте дүниеге келді. Перзентханада 1 неонатолог, 3 гинеколог-дәрігер, 4 акушер мен 5 мейірбике және 7 санитар еңбек етеді.
«Ауданымызда туу көрсеткіші артып келеді. Жүктілік кезінде әйелдердің денсаулығын қадағалап, дені сау баланың өмірге келуін басты назарға алып, барынша көмек көрсетеміз. Қазіргі кезде жүкті әйелдер арасында экстрагениталды аурулар бар. Әсіресе артериялық қан қысымының көтерілуі, қант диабеті, бүйрек пен қалқанша без аурулары жиі кездеседі. Перзентханада туыт қабылдайтын төсек (трансформер), төсек жанындағы монитор, жаңа туылған нәрестелердің есту қабілетін тексеруге арналған аудиоскрининг аппараты жетіспейді. Сондай-ақ шалғай аудан болғандықтан, шала туған нәрестелерді тасымалдауға арналған транспорттық кувез болса, артық етпес еді», дейді акушер-гинеколог Бағдагүл Байғараева.
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін кең пейіл салтымызға сай ұлттық демографияның өсіміне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан әйелдердің денсаулығын қадағалап, аман-есен босануына тілекші дәрігерлердің еңбегіне ел риза. Өз ісін жетік меңгерген ақ халатты абзал жандардың біліктілігі мен мейірімі жүкті әйелдердің көңілін жайландырып, жүзіне қуаныш сыйлайды.
Жалпы, 120 төсекке арналған аудандық ауруханаға көп жылдан бері күрделі жөндеу жасалмаған. Уақытпен санаспай қызмет ететін шеткері аудандағы медицина мамандары үшін еңбекақының аздығы әлі де өзекті мәселе екенін айту артық етпес.