• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 24 Шілде, 2023

Туризмге арналған тұңғыш форум

263 рет
көрсетілді

Қонаев қаласында І Халықаралық медиа және туризм форумы өтті. Екі күнге созылған іс-шараны «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры, Алматы облысының әкімдігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Мәдениет министрлігі бірлесіп ұйымдастырды. Әлемнің жетекші БАҚ өкілдері мен отандық масс-медиа журналистерінің басын қосқан айтулы форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Осылайша Қонаев қаласында өткен форум Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Солтүстік Кипр, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден келген 200 медиа маманның басын қосты. Форумның ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және «Түркітілдес журналистер қоры» қоғам­дық қорының басшысы Нәзия Жоямерген­қызы сөз сөйледі. Әуелі сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев шетелдік туристер үшін елдің жағымды келбеті мен сенімін қалыптастырудың ерекше маңызды екеніне тоқталды.

«Алматы облысы барлық елдің журналис­терімен өзара ынтымақтастық орнату мәселе­лерінде ашық екенін әлденеше рет танытты және бұл ұстанымынан айнымайды», – деді Алматы облысының әкімі.

Ал іс-шараны ұйымдастырушы, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы пандемиядан кейін әлемде туризм қайта қалпына келіп қана қоймай, қарқынды дамып келе жатқанын, былтыр бұл саладан түскен табыс 50 пайызға артып, 1 трлн долларға жеткенін айтты.

«Алматы облысы – ежелгі қазақ салт-дәстүрлері, ғұрыптары мен тарихы дамыған негізгі аймақ. Сол себепті форумды биыл осы облыста ұйымдастырдық. Тамыз айында мұнда Анталиядан журналистер келеді деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, аймақ басшысының қолдауымен тағы бір үлкен іс-шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту сияқты мәселелер қаралады. Шетелге шыққан жақсы, дегенмен Қазақстанның өзінде саяхаттауға болатын орындар жетерлік. Сондықтан да ішкі туризмді дамыту мақсатында әлеуметтік желілерде еліміз­дің табиғатын кеңінен насихаттап, көрсетуге шақырамын», деді Нәзия Жоямергенқызы.

Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі форумда сөйлеген сөзінде туризм саласын дамыту мен туған жердің табиғатын насихаттаудағы ақпараттық қолдаудың маңыздылығын айтты.

«Біздің бай даламызда асқар тау-асау өзендер де, жыныс орман да, айнадай көлдер де, құмды шөлдер де жетерлік. Осы Алматы облысының өзінде жұртқа таныс Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Түрген сарқырамаларынан өзге Айғай құм, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы, Ақбұлақ, Ойқарағай, Табаған, түркі дәуірінің бірегей ескерткіші Тамғалы тас сияқты қаншама ғажап жерлер бар. Біз осы сұлу жерімізді көрсетіп, әр жердің өзгеше табиғатын, өз ерекшелігін түсіріп, насихаттаған жөн деп ойлаймыз. Осыған байланысты арнайы деректі фильмдер желісін түсіруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса, экологиялық сауаттылық, демалыс мәдениеті, экожүйемен үйлесім мәселелерін де үнемі назарда ұстаған абзал. Біз қазір сериалдарымызда осы туралы көбірек көрсетіп, мүмкіндігінше еліміздің бай табиғатын ретімен насихаттауға тырысып келеміз. Қысқасы, БАҚ саласы ел туризмінің де бағына айналуға тиіс деп санаймыз», деді өз сөзінде министр.

Екі күнге созылған бұл форум «Туризм мен жаңа коммуникацияларды дамытудағы БАҚ-тың маңызы», «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндіктер», «Медиа. PR және туризм индустриясы», «Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе» сынды тақырыптарды қамтыды. Сондай-ақ, форум аясында «Мың бояулы аспан» әуе шарлары фестивалі өтті. Қонаев қаласында алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген 30 шар аспанға көтеріліп, жиналғандарды жарқын әсерлерімен қуантты. Бұл шар фестивалін ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу, экологиялық таза қайта өңдеуге болатын ыдыс-аяқтар мен басқа да экоматериалдарды пайдалану арқылы табиғатқа және оның ресурстарына құрметпен қарауды насихаттау екен. Фестивальде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйледі.

«Облыста туризмді ілгерілету және дамыту оқиғалы туризміне негізделген. Осыған орай, «Konayev international balloon fest» шар фестивалінің іс-шарасы біздің өңіріміздегі айтулы оқиға болмақ, бұл біздің қонақтарымыз үшін табиғаттың сұлулығын тамашалауға тамаша мүмкіндік болып табылады және сіз мұнда бір-біріңізбен танысуға, достық қарым-қатынас орнатуға және ұмытылмас әсер алуға уақыт табасыз. Таңғы сағат 5-тен бастап фестивальге жиналған көрермендер осындай сұлулықты тамашалауға шабыттанды, тіпті сағат 7-ге таман шарлармен биіктікке шығуға ниет білдіргендердің үлкен кезегі пайда болды. Яғни, осы арқылы біз оқиғалы туризмнің жұмыс істей бастағанын көрсетеміз. Біз бұл шараға 6 ай бойы дайындалдық, талдай келе, Қазақстанда әуе шарына арналған іс-шаралар болмағанын көрдік. Әлеуметтік желі қолданушылары түсінік­темелерде Қонаев тұрғанда Каппадокияға барудың қажеті жоқ деп жазып жатыр» деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Форумға аймақтардан арнайы келген әріп­тестер Алматы облысының көрікті жерлерін аралады. Туристік нысандарды көріп, көзайым болған журналистер ақ жарма лебіздерін де білдір­ді. Мәселен «Ақтөбе Медиа» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин Алматы облысының туристік әлеуеті зор екенін айтады.

«Қазақстанда туризм саласы кенжелеп тұрғаны жасырын емес. Оның үстіне, туристік орындар аздау, бар болған күннің өзінде, қазақстандықтар елімізді аралай бермейді. Десе де, біз осы форумның аясында Түргеннің төріне, Көлсай көліне, Шарын шатқалына барып, облыстың туристік әлеуеті зор екеніне көзімізді жеткіздік. Көрікті жерлерді аралап, көзайым болдық. Мұндай шаралар көптеп ұйымдастырылсын деу артықтау, бірақ, тілшілердің бас қосып тұруы керек-ақ», дейді Раукeн Отыншин.