• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Шілде, 2023

Резиденция – енді балаларды емдеу орталығы

252 рет
көрсетілді

Алакөлден ақжолтай хабар жетті. Аудан әкімдігінің Ақши ауылындағы демалыс үйі жеткіншектердің денсаулығын түзететін оңалту орталығына айналды. Таяуда аталған нысан заманға сай жабдықталып, салтанатты түрде ашылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыс әкімінің Панфилов ауданын­дағы резиденциясы балалар­дың емдеу-сауықтыру орны ретінде қайта жаб­дықталған еді. Енді, міне, «Жансая» күндізгі оңалту орта­лығы жазғы демалыс үйі ретінде ресми жұмысқа кірісті.

Демалыс үйінің аумағы кең, барлық қолайлы жағдай жасалған, жасыл желекке бөленген. Аумағында орналасқан ғимараттың жалпы көлемі – 200,3 шар­шы метр. Жобалық қуаты 40 орынға арналған. Жаз айларындағы әр демалыс маусымы 5 күннен тұрады. Жазғы демалыс кезіндегі 5 маусымда 200 бала қамтуды жоспарланған. Демалушыларға жазғы кезеңде 24 штаттық бірлік қызмет көрсетеді.

Демалыс орны балаларға арналған жатын төсектер, жеке заттар, киімдер салынатын шкафтар, түрлі жұмсақ жиһаздармен түгел қамтылған. Асхана қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сыртқы аулаға ойын алаңқайлары мен су бассейні салынған. Сонымен қатар жазғы кезеңде демалушылардың өмірі және денсаулық қауіпсіздігіне байланысты алғашқы медициналық көмек көрсетуге және өртке қарсы дабыл беру, өрт сөн­діруге қажетті құралдарымен қам­тылып, бейнебақылау орнатылып, ғи­мараттарда мүгедектердің жүріп-тұруына қажетті жағдай жасалыпты.

Демалыс орнының ашылу салтанатына келген аудан әкімі Алмас Әбдінов: «Өздеріңіз білетіндей, біздің елде балалар ерекше қамқорлықта. Мемлекет басшысының өзі осы бағыттағы жұмыстарды бақы­лауға алған. Осы орайда Жетісу облысында жеткіншектерге барлық жағдай қарастырылғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімінің қолдауымен үлкен істер атқарылып жатыр. Бейбіт Өксік­байұлы ауданымызға келгенде көл жағалауында мүгедек балаларға арналған демалыс орнын ашу қажеттігін айтқан еді. Бүгін сол тапсырманың орындалғанына куә болып отырсыздар. Сырт көмекке мұқтаж жеткіншектеріміз осында демалып, ем алатын болады. Алдағы кездері де балаларға қамқорлық, қолдау істері жалғасады», деді әкім.

Одан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев демалушыларға тілегін арнап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудан­дық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Сатай Бекболатов ақ батасын беріп, игі істерге ілгерілеу тіледі. Демалып, ем алуға келген балалардың ата-ана­­лары атынан сөз алған Сәлима Тө­леп­­бер­генова жан жылуына мұқтаж жеткін­шектерге жағдай жасап отырған азаматтарға жұртшылықтың алғысын жеткізді.

Айдын көлдің жағасындағы демалыс орнының лентасы қиылып, шашу шашылды. Құрметті қонақтар мен демалушы балалардың ата-аналары ғимаратты, ауланы аралап көріп, жеткіншектерге қажетті жағдайдың бәрі жасалғанына көз жеткізді.