• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Шілде, 2023

Әуе қорғанысы – әлеуетті құрылым

210 рет
көрсетілді

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында 8 тамызға дейін жергілікті әскери басқару органдарына өтініш берген талапкерлер іріктеуден өтіп жатыр.

Оқу орны «мемлекеттік авиация­дағы әуе кемелерін ұшуға пайдалану», «авиациялық техника және технологиялар», «ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану», «әскери медицина», «әскери істегі теңіз тех­никасы және технологиялары» маман­дық­тары бойынша кадр даярлайды.

– Жоғары оқу орны тәжірибелі профессорлық-оқытушылық кадрлармен жасақталған. Бұл білім ордасында курсанттарды ұшу және инженерлік-тех­никалық мамандықтарға оқыту үшін қажетті материалдық-техни­ка­лық база бар, – деп атап өтті Әуе қор­ға­нысы күштері әскери институ­ты­ның бастығы, полковник Талғат Сыздықов.

Оқу орнына іріктеу барысында талапкерлер әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес кәсіби-психологиялық іріктеуден, меди­циналық куәландырудан өтеді. Дене даярлығы жөніндегі норма­тив­терді тапсырады. Биыл институт қазақстандықтар үшін 215 орын, Ресей, Армения және Қытай әскери оқу орындарына түсетін талапкерлер үшін 28 орын бөліп отыр. Бұдан басқа, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер үшін әскери кадрлар даярлау туралы келісімге сәйкес оқу орны Тәжікстан Қарулы күштерінің өкілдеріне 6 орын береді.

Курсанттар үшін «әскери істегі теңіз техникасы және технологиялар» маман­дығы бойынша білім алудың ерек­шеліктері бар. Алғашқы екі курс­та жалпы білім беріледі және жалпы әскери пәндерді оқыту Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүреді. Ал үшінші – бе­сін­ші курстардағы теңіз техникасына қа­тыс­ты бейінді пәндер Ақтау қала­сын­дағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде оқыты­ла­ды.

Қазақстанда әскери мамандарды даярлау Алматыдағы екі жоғары оқу орнында – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, сондай-ақ Ақтөбедегі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүзеге асыры­латынын айта кеткен жөн. Бұл оқу орын­дарында тактикалық буын ко­ман­дирлері дайындалады. Білім алып шыққан түлектерге «лейтенант» әскери атағы беріледі.

Осы орайда, еліміздің әуе кеңіс­тігін қорғайтын мамандардың білік­ті­лігін жетілдіру үшін Балқаш қала­сын­да Авиациялық оқу орталығы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Бұл орталықтың тарихы 1938 жылғы 17 ақпанда Белоруссияның Быхов қаласында авиациялық барлау полкі құрылған кезден басталады. Соғыстан соң ол Қазақ КСР аумағына, Балқаш қаласына көшірілді. Әскери бөлімнің ұшқыштары Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына да қатысты. 1992 жылы Одақ ыдырағаннан кейін Президент Жарлығымен Қазақстан Қарулы күш­терінің құрамына кірді.

Таяу күндері авиациялық базада әуе-десанттық дайындық бойынша практикалық сабақтар өтті. Оған ұшу құрамы мен парашюттік десанттық қызметінің іздестіру-құтқару мамандары қатысты. Бес күн ішінде 30-дан аса әскери қызметші 240 рет әуеден секір­ді.

Аталмыш шара ұшу құрамының парашютпен дайындық деңгейін арт­тыруға бағытталған. Әскери қызмет­шілер төтенше жағдайда экипаждың барлық мүшелерінің іс-қимылын және алғашқы медициналық көмек көр­сету тәсілдерін пысықтады. Прак­тикалық сабақтардың алдында мін­дет­ті түрде жерде дайындық болды. Парашютшілер теориялық тұрғыдан орын алуы мүмкін күтпеген жағдайлар мен секіру техникасын жетілдірді.

Айта кету керек, 240 секірудің 53-і суға жасалды. Сондықтан сабаққа қаты­су­шыларға қойылатын міндетті талаптардың бірі – жақсы жүзе білу болды. Әскери қызметшілер секіруден бұрын жүзу нормативтерін тапсырып, рұқсат алғаннан кейін медициналық тексеруден өтті.

Осы оқу орталығында болған тағы бір жағымды жаңалық – еліміздің Әуе қорғанысы күштеріне L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтарының кезекті легі қосылды. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шарты бойынша бұлар өткен жылдың соңында Чехиядағы зауытқа жіберілген болатын. Ол жерде күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілген ұшақтарға жаңа цифрлық авионика, катапультация жүйесі, байланыс және объективті бақылау құралдары орнатылды.

L-39 ұшақтары курсанттарды пилоттау техникасына, жауынгерлік қолдану элементтеріне, оқу орындары мен әскери бөлімдердің ұшу құрамын күндіз де, түнде де ашық  және күрделі ауа-райы жағдайында жат­­тық­тыруға арналған. Тәжірибелі нұс­­қаушы ұшқыштар курсанттарға оқу-жауынгерлік ұшағын басқару ма­шы­­ғын меңгеруге көмектесіп жатыр.

– L-39 ұшағымен ұшу – мамандық негіздерін түсінудің алғашқы қадамы. Әрбір курсант үшін дербес ұшу – маңызды оқиға, одан кейін қарапайым және күрделі пилотажға, бағыт бойынша, бұлттарда, төмен биіктікте ұшуға, құрлықтағы және әуедегі нысаналарға жауынгерлік қолдануға рұқсат етіледі, – деді оқу орталығы командирінің орынбасары, подполковник Мақсат Буратаев.

L-39 реактивті жауынгерлік ұша­ғының кейбір модификациялары жеңіл шабуылдаушы ұшақтар мен жой­ғыштар ретінде пайдаланылуы мүм­кін екенін айта кеткен жөн. Ұшақ­тың реактивті қозғалтқышы 6500 м биіктікте жылдамдығын саға­ты­на 760 шақырымға дейін арттыра алады. Жауынгерлік көліктің қару-жарақ құрамына бомбалаушы, бас­қа­рылмайтын және басқарылатын зымы­рандық оқу қаруы, көздеу және фотобақылау жабдықтары кіреді. Бұның бәрі нысананы 50-100 келі калибрлі еркін құлайтын оқ-дәрі­лермен бомбалауды, С-5 типтегі басқарылмайтын зымырандармен ны­сананы атуды, басқарылатын зы­мыран­дарды әуе нысаналарына жіберуге мүмкіндік береді.