Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында 8 тамызға дейін жергілікті әскери басқару органдарына өтініш берген талапкерлер іріктеуден өтіп жатыр.
Оқу орны «мемлекеттік авиациядағы әуе кемелерін ұшуға пайдалану», «авиациялық техника және технологиялар», «ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану», «әскери медицина», «әскери істегі теңіз техникасы және технологиялары» мамандықтары бойынша кадр даярлайды.
– Жоғары оқу орны тәжірибелі профессорлық-оқытушылық кадрлармен жасақталған. Бұл білім ордасында курсанттарды ұшу және инженерлік-техникалық мамандықтарға оқыту үшін қажетті материалдық-техникалық база бар, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы, полковник Талғат Сыздықов.
Оқу орнына іріктеу барысында талапкерлер әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық куәландырудан өтеді. Дене даярлығы жөніндегі нормативтерді тапсырады. Биыл институт қазақстандықтар үшін 215 орын, Ресей, Армения және Қытай әскери оқу орындарына түсетін талапкерлер үшін 28 орын бөліп отыр. Бұдан басқа, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер үшін әскери кадрлар даярлау туралы келісімге сәйкес оқу орны Тәжікстан Қарулы күштерінің өкілдеріне 6 орын береді.
Курсанттар үшін «әскери істегі теңіз техникасы және технологиялар» мамандығы бойынша білім алудың ерекшеліктері бар. Алғашқы екі курста жалпы білім беріледі және жалпы әскери пәндерді оқыту Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүреді. Ал үшінші – бесінші курстардағы теңіз техникасына қатысты бейінді пәндер Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде оқытылады.
Қазақстанда әскери мамандарды даярлау Алматыдағы екі жоғары оқу орнында – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, сондай-ақ Ақтөбедегі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Бұл оқу орындарында тактикалық буын командирлері дайындалады. Білім алып шыққан түлектерге «лейтенант» әскери атағы беріледі.
Осы орайда, еліміздің әуе кеңістігін қорғайтын мамандардың біліктілігін жетілдіру үшін Балқаш қаласында Авиациялық оқу орталығы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Бұл орталықтың тарихы 1938 жылғы 17 ақпанда Белоруссияның Быхов қаласында авиациялық барлау полкі құрылған кезден басталады. Соғыстан соң ол Қазақ КСР аумағына, Балқаш қаласына көшірілді. Әскери бөлімнің ұшқыштары Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына да қатысты. 1992 жылы Одақ ыдырағаннан кейін Президент Жарлығымен Қазақстан Қарулы күштерінің құрамына кірді.
Таяу күндері авиациялық базада әуе-десанттық дайындық бойынша практикалық сабақтар өтті. Оған ұшу құрамы мен парашюттік десанттық қызметінің іздестіру-құтқару мамандары қатысты. Бес күн ішінде 30-дан аса әскери қызметші 240 рет әуеден секірді.
Аталмыш шара ұшу құрамының парашютпен дайындық деңгейін арттыруға бағытталған. Әскери қызметшілер төтенше жағдайда экипаждың барлық мүшелерінің іс-қимылын және алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін пысықтады. Практикалық сабақтардың алдында міндетті түрде жерде дайындық болды. Парашютшілер теориялық тұрғыдан орын алуы мүмкін күтпеген жағдайлар мен секіру техникасын жетілдірді.
Айта кету керек, 240 секірудің 53-і суға жасалды. Сондықтан сабаққа қатысушыларға қойылатын міндетті талаптардың бірі – жақсы жүзе білу болды. Әскери қызметшілер секіруден бұрын жүзу нормативтерін тапсырып, рұқсат алғаннан кейін медициналық тексеруден өтті.
Осы оқу орталығында болған тағы бір жағымды жаңалық – еліміздің Әуе қорғанысы күштеріне L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтарының кезекті легі қосылды. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шарты бойынша бұлар өткен жылдың соңында Чехиядағы зауытқа жіберілген болатын. Ол жерде күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілген ұшақтарға жаңа цифрлық авионика, катапультация жүйесі, байланыс және объективті бақылау құралдары орнатылды.
L-39 ұшақтары курсанттарды пилоттау техникасына, жауынгерлік қолдану элементтеріне, оқу орындары мен әскери бөлімдердің ұшу құрамын күндіз де, түнде де ашық және күрделі ауа-райы жағдайында жаттықтыруға арналған. Тәжірибелі нұсқаушы ұшқыштар курсанттарға оқу-жауынгерлік ұшағын басқару машығын меңгеруге көмектесіп жатыр.
– L-39 ұшағымен ұшу – мамандық негіздерін түсінудің алғашқы қадамы. Әрбір курсант үшін дербес ұшу – маңызды оқиға, одан кейін қарапайым және күрделі пилотажға, бағыт бойынша, бұлттарда, төмен биіктікте ұшуға, құрлықтағы және әуедегі нысаналарға жауынгерлік қолдануға рұқсат етіледі, – деді оқу орталығы командирінің орынбасары, подполковник Мақсат Буратаев.
L-39 реактивті жауынгерлік ұшағының кейбір модификациялары жеңіл шабуылдаушы ұшақтар мен жойғыштар ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін айта кеткен жөн. Ұшақтың реактивті қозғалтқышы 6500 м биіктікте жылдамдығын сағатына 760 шақырымға дейін арттыра алады. Жауынгерлік көліктің қару-жарақ құрамына бомбалаушы, басқарылмайтын және басқарылатын зымырандық оқу қаруы, көздеу және фотобақылау жабдықтары кіреді. Бұның бәрі нысананы 50-100 келі калибрлі еркін құлайтын оқ-дәрілермен бомбалауды, С-5 типтегі басқарылмайтын зымырандармен нысананы атуды, басқарылатын зымырандарды әуе нысаналарына жіберуге мүмкіндік береді.