Құмды жағаны жайлаған Сарыбел ауылының бүйір тұсындағы ғажайып сарқыраманы былайғы елді қойып, жергілікті жұрт та біле бермейді екен. Білмесе білмейтіндей, көзге көрінбейді. Сызылып аққан бұлақ қазаншұңқырға қарай құлап жатыр. Сарқырауы да талып естіледі. Бірақ ғажап көрініс.
Бізге Сарыбел сарқырамасын Самар аудандық газетінің басшысы Таунар Қайратұлы көрсетті. Әуелі жылап аққан бұлақты көргенде, тобықтан аспайды ғой деп, менсінбеген сыңай танытқанбыз. Сәл төмен құлдилап едік, сыздықтай ақса да, гүрілі құлақ тұндырардай. Шұңқырға қарай құлап жатыр. Етегіндегі көл айнадай. Көлді қоршап жатқан жақпар тастар қыздың жиған жүгіндей екен. Мұндай әсем табиғатты көп ешкімнің білмей жүргені қалай дейміз. Оның үстіне Сарыбелдің суына түсіп, құмына қыздырынып кететін турист көп. Бір жағынан білмегендері де дұрыс па дейміз. Әйтпесе, әр талына ақтық байлап, маңайын қоқысқа толтырып кетер ме еді? Ал қазіргі сарқырма маңы тап-тұйнақтай. Табиғи қалпы. Өкініштісі, бұл сұлулықты тамашалайтын уақыт шектеулі. Тамызға қарай сарқырама суалып қалады.
– «Негізі, бұл – ауылдың шетіндегі бұлақ. Көктемде суы молайып, сарқырама болып ағады. Жаздың ортасына қарай суы азайып кеткенде, сарқырама да тоқтап қалады. Бірақ мұндағы көрініс керемет. Өзіміз Сарыбел сарқырамасы деп атап алдық», – дейді Таунар Қайратұлы.
Айтқандай, Бұқтырма су қоймасының жағасында жатқан Сарыбел ауылы ертеңгі күні үлкен туристік мекенге айналуы әбден мүмкін. Жұмбақ сарқырама да туристерді тартатын орынға айналар.