• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 26 Шілде, 2023

«Жеті лақтың» өрісі кеңеймек

264 рет
көрсетілді

Маңғыстауда «Жеті лақ» деген шаруашылық бар. Дүкен сөрелерінен сүйкімді суретті құтыға құйылған шаруашылықтың сүт өнімдерін тұрғындар жиі сатып алады. 2020 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған «Жеті лақ» фермасы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында орналасқан. Кәсіпкерлер отбасы ешкі мен түйе сүтінен ірімшік өнімдерін шығарумен айналысады, яғни пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарады. Қазіргі таңда Кобзевтер отбасы ­айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіреді.

Ферма 10 га жерді алып жатыр. Оның төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аймақта жемшөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан. Өз шаруасын дөңгелетіп отырған маңғыстаулық кәсіпкерлер – Коб­зевтер отбасы қыркүйек айының 10-12 аралығында Еуропаның Тур қаласында тұңғыш рет өтетін халықаралық ірімшік бай­қауына қатысып, Қазақстанның намы­сын қорғайды. Француздық Le Mondial du fromage байқауы – халықаралық сүт өнім­дерін шығарушы кәсіпкерлер­дің өз өнім­дерін ұсына алатын жоғары дең­гей­дегі алаңы. Кобзевтердің жетістігі – кон­курс ұйым­дас­ты­ру­шы­лар тарапынан Қазақ­стан­да алғаш рет аккредиттеу алуы.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың Түпқа­раған ауданына жұмыс сапары барысында шаруа­шылығын дөңгелетіп отырған кәсіп­керлер өз кәсібімен таныстырып, мүм­кіндіктері туралы баяндады.

– Биыл біз өндірісті дамытуға бағыт­талған қайтарымсыз 5 млн теңге грант ұтып алдық. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағ­дарламасының қатысу­шы­ларымыз. Ауыл шаруашылығы кәсіп­орнын өз ақшаңа дамыту өте қиын, осы тұрғыда мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны қуантады. Биыл біз үшін маңызды оқиға – Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатысу. Онда біз өз өнімде­рімізді таныстырамыз. Айта кету керек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан алғаш рет әлемдік ірімшік жасаушылар байқауына өз өнімдерін ұсынатын болады, – деді ірімшік дайындаушы Александра Григолова.

Өңір басшысы Н.Ноғаев кәсіпорын­ның жетістігі мен Маңғыстау ірімшік өндіру­шілерінің әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Маңғыстауда өндірілетін отандық ірімшіктер жақын арада отандық экспортты дамытудың негізгі драйвері бола алады. Сіздер халықаралық дең­гейдегі байқауда елімізді таныс­тыру мүмкіндігіне ие бол­ғаныңыз қуан­тады. Сіздерге сәттілік тілей отыра, кәсіп­кер­лер­дің бастамаларын қол­дауға әрқашан дайын екенімізді айтқым келеді, – деді Н.Ноғаев.

Қазақстанның сүт өнімдері Еуропада топ жарып ел мерейін асыратын күн жақын деп ойлаймыз.