Шілденің басындағы төрт күн демалыс кезінде орман алқабындағы бейбастақ әрекеттердің куәсі болдық. Толықтырып айтар болсақ, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесінің Қаратау бөлімшесінің аумағына екі көлікпен кірген адамдардың Шоқпарлы ата бейіті тұсындағы Үшөзен аңғарынан тыйым салынған әдіспен балық аулап жатқаны туралы мәлімет түсті.
Расымен, жол талғамайтын жүйрік көліктерімен тау ішіне дендей еніп, балапан басып жатқан құстарын шошытып, аңдарын бездіріп жіберіп, токпен балық ұстайтын браконьерлер саны азаймай тұр. Олар «Орман шаруашылығы» және «Экологиялық кодекстегі» осал тұстарын жақсы біледі. Орманшылар мен қорықшылардың қазіргі таңда қолында қаруы да жоғын, күдікті машинаның ішін ақтарып тексеруге де құқығы жоғын, ескерту жасап, тек қана түсіндірме парақшаларын таратумен ғана шектелетінін бес саусағындай біледі. Мәселен, электр тогымен балық аулап жатқан жанды сол мезетте тап басып ұстап алмаса, орманшы амалсыз кері шегінеді.
Қазіргі таңда осы «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» КММ Қаратау бөлімшесіндегі орман алқабының аумағы 66 мың 145 гектар жер. Оны бар жоғы 17 орманшы күзетеді. Қалың жынысты орманы 3 817 гектар. Ең қауіптісі де осы маңай. Астарында Ресей зауытынан шыққан «Патриот» жол талғамайтын көлігі бар қорықшылар күндіз-түні көз ілмей, қориды. Орман алқабында төрт жүз басқа жуық тау тағысы – арқарлар жөңкіліп жүреді. Браконьерлердің көзінің құртына айналғандар да осылар. Қаратауды жағалап, Жаңақорған, Шиелінің тұсына дейін барып қалғандарын қасқырлар мен адамның көкжалдары қынадай қырып салады. Оған салынатын айыппұл да бес МРП, яғни 17 250 теңге көлемінде ғана. Ол қалталыларға түскі асты ішкенмен бірдей сома.
Орман ішінде демалып жатқандардың қайтар уақыты болды-ау деген шамада, кешкі 8-дер кезінде «артынып–тартынып» тау-тасқа жарамды көлікпен жолға шықтық. Төрт орманшы. Рульде орман шебері Төрехан Оразбақов, орман күтушілер – Нұрлан Сәрсенбеков пен Бағдат Бектасов. Орман басшысының көмекшісі Қайыпберген Әбдуапов. «Артынып-тартыныпты» тырнақшаға алуымның себебі ешқайсысында қару жоқ. Ең арғысы электрошокер, дубинка атаулыдан жұрдай. Папкілерінде «Орманды қорғау шаралары» туралы түсіндірме парақша мен акт жасауға арналған қызметтік блокноттары бар. Көнелеу бинокльі мен жарық беретін Қытай фонаригі қолдарында. Бұларды жол талғамайтын «Джип» көліктері бар, бақайшағына дейін қаруланған, ақ-құсты өздерінің жеке иелігіндегі малдары секілді көретін дөкейлердің туыстары не өздерінен құтқаратын екі-ақ нәрсесі бар. Ол орманшының арнайы киімі мен қалтасындағы орманшы екенін растайтын жұмыс куәлігі ғана...
Сонымен Абай су қоймасынан шыға берісте қызылордалық «Джип» көлігіне мінген демалушылар жолықты. Көлігінің нөмірі «Лексус 470 маркалы, номері «KZ 352 XDZ 11». Бетегеден биік, қойдан жуас, «момақан» жандар. Тауға барып, токпен балық аулап жатқандардың бірі осылар болса керек. Алайда күдікті ретінде көліктерін тексеруге орманшылардың құзыреті жоқ. Өткізіп жіберген бойда, учаскелік инспекторға хабарласып, жолдан ұстап тексеруін өтіндік. Себебі учаскелік инспектордың күдікті көлікті тексеруге құзыреті бар екен.
Әрі қарай асып, тау ішіндегі өзеннің бойымен жоғары қарай су сағасын өрлей түстік. Үшөзеннің тұсынан Шоқпарлы атаның маңын айналып шопандардың жайлауларын жағалай жүргенімізде, түнгі 12-лер шамасында алдымыздан Амантай есімді малшының тұрағы мен машина көрінді. Маңында қараңдаған жандарға жолықтық. Формадағы орманшыларды көргенде, бастапқыда үрпиісіп қалғанымен, тез естерін жинап, қарсы шабуылға көшті. Олардың іс-әрекетіне қарағанда, орман ішінде беймарал демалып, қалың ұйқы құшағында жатқан кісілердің шырт ұйқыларын бұзып жіберген қорықшылар кінәлі секілді. Көліктері есік алдында қаңтарулы. Бұл да «Лексус -300» маркалы, номері «KZ858 AAC13». Машина ішінен шыққан кісінің қолында қорапсыз қаруы болып шықты. Айтуына қарағанда, Сыр бойындағы орман, су шаруашылықтарының бәрін адақтап шыққан жан болса керек. Машина ішін тексеруге орманшыларды жібермеді. Жаздың күні масасы маза бермейтін орман ішіндегі вагон тұрақта түннің жарымында дені сау адам түнемейді. Вагоннан шыққан ұзын бойлы, егде тартқан кісі өзін Аби, толық атым Абидолла деп орманшыларды ықтырып алғысы келген болса керек. «Мен облыс әкімі Дархан Сатыбалдының көршісімін. МПС-тан зейнетке шыққанмын. Маған ештеңе істей алмайсыңдар. Өздеріңе проблема тауып аласыңдар», деген күйі суретке де, бейнетаспаға да түсіруге рұқсат етпеді.
Орманшылар Үшөзеннің осы тұсында судың тоған болып келетін, тереңдеу тұсы екенін жақсы біледі екен. Мұнда тек токпен балық аулаушылар келеді. Алайда токпен балық аулап жатқан кезінде үстінен түспесеңіз, ешкім де мойындамайды. Екі жақ жоғары кішілі деңгейдегі лауазым иелерінің есімдерін алға тартып, туыстығын білдіріп, өзара тіл табыса келе орманшылар түсіндірме парақшаларын таратумен шектелді. Басқа қолдан келер дәрмен жоқ. Өздерінің құзырының тым шектеліп қалғанына ызаланған орман қорғаушылары, түнгі 1-лер шамасында учаскелік инспектордан көмек сұрады. Олар кешкі сағат 9-дан кейін «102» нөміріне хабарласуы керегін айтты. «102» арқылы хабарласқан кезде Сауран ауданында жалғыз қызметтік машинасы бар екені ондағы Александр деген жігіт Ойық ауылында жүргенін айтып, жол бойынан браконьерлерді күтіп алуға үлгермейтінін жеткізді. Осылайша, астында жүйрік көлігі бар аң-құсты өз ауласындағыдай көретін адамдар құрықтан сытылып кетті.
Рейд барысында түйгеніміз, Сауран ауданының құқық қорғаушылары Қостанай облысындағы, Абай ауданындағы орман өрттерінен сабақ алмағаны байқалды. Жұрт төрт күн қатарынан демалысқа шыққан кезде орманшылар ғана емес, ауданның ішкі істер бөлімі, төтенше жағдайлар басқармасы еріктілерді қосып, күшейтілген режімде тәулік бойы кезекшілікпен қызметін бірлесе атқармаса, қылмыскерлердің көзіміздің қарашығындай қорғауға тиісті орман-тоғайларымызда аң-құстарды үркітіп, қолға түскендерін қынадай қырып, еркін алауын өртеп, тамақ қалдықтарын жинамай тастап, құрықтан тып-тыныш сытылып кетуіне мүмкіндігі мол екенін көзімізбен көрдік.
Ескендір ЕРТАЙ,
журналист