Павлодар облысы, Железинка ауданында 40-қа тарта ірі қараның қырылу себебі анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Айта кетейік, осыдан 10 күн бұрын Башмачное ауылындағы шаруа қожалығына тиесілі сауын сиырлар бір мезгілде қырылған еді.
Мәліметке қарағанда, жануарлар суаттан шығып бірінен соң бірі сұлап түскен. Ал сәл уақыт бұрын осы ауылдағы картоп егілген алқаптың маңайында жайылған екен.
Ветеринарлар мал өлекселерінен сынама алып, сараптамаға жіберді. Топырақ пен судың да құрамы тексерілді.
«Топырақ пен судан алынған сынамадан пестицидтардың қалдықтары анықталды. Олар: «Дихлорфос», «Диметоат», «Паратионметил», «Хлорпирифос». Осы 4 препарат жоғары деңгейде анықталды. Олар өсімдіктерді әр түрлі жәндіктерден қорғау үшін қолданылады», деді Ветеринариялық басқарма басшысының орынбасары Асылтас Абылайұлы.