Жетісу жерінде тарихи қалашықтар мен қасиетті жерлер жетерлік. Тұнығына бойласаңыз, топырақ тіл қататындай. Әйтсе де сондай құм басқан аяулы мекендер мен қараусыз қалған қасиетті нысандардың іздеушісі көрінбейді. Жергілікті атқарушы билік те оған мүдделі емес секілді, жеке тұлғалар да жаны ашымайтындай. Ал үңілгендерді елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Тіпті зерттейтін білікті мамандардың жұмысы бірізге түспеген.
Өлкетанушыларды пікірі маңызды
Соңғы кезде Жетісу өлкесі мен туризм саласы егіз ұғымға айналды. Біз бұған дейін осы мәселеге байланысты айтқан Мемлекет басшысының сөзін мысалға алғанбыз. Асан қайғы бабамыз жер жаннатына балаған атамекенге Президенттің де ерекше назары ауып отыр. Енді өңірдегі туризм саласын ілгерілету үшін не істеу қажет? Әрине, оның жолы сан тарау. Бір жылда не он жылда Швейцарияға айналдыру мүмкін емес. Сондықтан бар ресурстарды пайдаланған абзал. Ол немене десеңіз? Жұрт зиярат етіп, тәу етуге жиі баратын нысандар. Яки, ата-бабамыз аманаттап берген, табиғат-ананың өзі аялап жеткізген мәдени ескерткіштер мен таңғажайып жерлерді экономиканың бір тірегіне айналдыруымыз қажет.
Қараңыз, осыдан тура алты жыл бұрын «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынған. Соған орай, Алматы облысы бойынша (ол тұста Жетісу облысы құрамында еді) комиссия құрылып, іске кіріскен. Сол комиссияның топ жетекшісі өлкетанушы-журналист Қажет Андас біраз тарихи орындарға жұрт назарын аударып, өңірдің рухани өміріне елеулі үлес қосқан еді.
«Біз Жетісу топырағында тіркеуге алынбаған 500 нысанды анықтап, оның 57-сін Қазақстанның жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгіздік. Атап айтсақ, ақын Сара Тастанбекқызының кесенесі мен музейі, әйелі Фатима Ғабитованың үйі, Асаусай орта ғасырлық қалашығы, «Қапал мешіті» сәулет ғимараты, Қойлық қалашығы, Қапал батыр кесенесі, Орбұлақ шайқасы болған шатқал, Тамшыбұлақ, Алтынемелдегі Шоқан Уәлиханов мемориалды кешені мен зираты, Жаркент мешіті, Малайсары Тоқтаұлы жерленген жер Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне, Қора шатқалы, Тұздыкөл (Рай көлі), Шыңғысханның тұрағы, Ешкіөлмес петроглифтері, «Бесшатыр» қорғаны, Әулие ағаш, Найзатапқан бұлағы, Үйгентас жайлауы, Тезек төре қонысы, «Мамания» мектебі, Көтен тәуіп, Құлжабайұлы Тайсары, Үлпілдек Дарабоз ана, Қарынбай әулие, Байтулақ батыр, Солтанбай батыр, Ескелді би, Балпық би, Жолбарыс батыр, Айту би, Мықтыбек батыр, Смағұл қажы, Тәнеке батыр, Жәлменде би Байшығанұлы, Есім төре, Қоғыл әулие, Сөк төре, Алаш зиялысы Базарбай Мәметов, Сәмен батыр, Байғотанұлы Көтен тәуіп, Баянбай батыр кесенесі, ақын Бақтыбай Жолбарысұлы бейіті, Алаш зиялысы Барлыбек Сырттанов жатқан жер, Айғайқұм жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген еді. Бұлардың бәрі қазіргі Жетісу облысына тиесілі құндылықтар», дейді Қажет Андас.
Оның айтуынша, былтыр ғана өңірлік өлкетанушылар Қапал маңындағы «Қызылжар шайқасы: Жүз оба және Қыз бейіті» тарихи кешенінің орнын анықтаған. Бұл үш ғасыр бұрын қазақтың басын қосқан тарихи кешенге баланады. Соған орай ауқымды жұмыс істелуде.
Міне, өлкетанушы түстеп көрсеткен қасиетті жерлерді өңір туризмінің бір тетігі ретінде қарауға болады. Себебі, бағзы тарихты бауырына басып жатыр. Бажайлап қарасаңыз бұл үдеріс туризммен жан баққан мемлекеттердің басты құралы саналады. Ал бізде ше? Өкінішке қарай, осындай мәдени мұраларымызды өз игілігімізге пайдалана алмай отырмыз.
Тізімде жоқ тарихи нысандар
Әрине, кеңес идеологиясы қанатымызды кең жаюға мүмкіндік бермеді. Туған жеріміздің тарихы мен қасиетін түсіндірмек түгілі, ен далада емін-еркін өмір сүруге де мүмкіндік бермеді. Алапат ашаршылық, Алаш зиялыларының оққа байлануы, ұлтты жоюға бағытталған саяси шешімдер түптамырымыздан ажырап қалуға әкелді. Әйтсе де уақыт жаңарып, еңсемізді тіктеп, елдігімізді бүтіндедік емес пе? Енді не тұрыс? Әлем тарихын ашсаңыз, ата-бабасының жерінен алысқа ұзамаған, оны алтын бесік санаған елдің бірі – қазақ халқы. Ендеше, неге сол тағлымды тарихымызды, ерен ерлігімізді, қасиетті жерімізді қайта жаңғыртпасқа?
Ол үшін мемлекет өлкентанушыларды өзектен теппей, өрелі зерттеулерге жол ашуы керек. Өлкетанушы ен даланы еркін кезіп, тіпті иығына мылтығын асып, білегіне қармағын іліп, баяғының ақсақалдарынша атқа қонып, жер-жерді аралауы қажет. Олар сонда ғана деректердің шынайы бетін ашып, даланың ойы мен қырын елге әріп танытқандай танытады. Оның тарихшы мен археологтан айырмашылығы да осы.
«Елімізде «Қазақстанның қасиетті жерлері» бағдарламасы басталып, бұрын ескерілмей келген құндылықтарымыз жарыққа шығып, туристер тартыла бастап еді, сол жерді иелері меншіктеуге кірісіпті. Жекеменшікке өтіп, көне қорымдардың үстіне үй салып, көне қаланың орны егістікке айналып кеткен мысалдар да бар. Бұл – нонсенс. Ұлттың қасиеті деп танылған нысандар мемлекет меншігіне өтіп, қатаң қорғауға алынуы шарт. Міне, сонда ғана ісіміз ілгерілейді. Қазір атамекенімізді ұлықтап, ескерткіштерді ардақтау туралы ұсыныстар көп. Бірақ ізгі ниеттілердің көбінің қолы қысқа. Бұл іске мемлекет араласпай, жұмыс өнбейді», дейді Қ.Андас.
Барды бағалаудың өзектілігі
Жасыратыны жоқ, о шеті мен бұ шеті ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлан-байтақ даламыз табиғи һәм рухани құндылықтарға бай. Мәселен, БҰҰ-да «Елді ашаршылықтан қорғау» деген тізімге Жетісуда өсетін 25 өсімдік енгізілген. Сол өсімдіктерді сақтау мақсатында 2010 жылы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын аумақ ретінде құрылды. Аталған саябақ жұмысын бастамас бұрын «Таулардың жабайы алмасынан ХХІ ғасырдың бау-бақтарына дейін» деген тақырыппен «Жоңғар Алатауының» құрамына енетін таулардың бүтін картасы сызылды. Енді қараңызшы, сол картада бұрынғы 37 генетикалық резерваттың 11-і ғана бейнеленген. Қалғаны есепте жоқ.
Ал әлемде отыз мыңнан астам алма сорты бар деп есептесек, Еуропа мен Азиядан бастап, тіпті Африка мен Американы қоса алғанда алманың түп атасы Сиверстің шежіресін Жетісудан таратады. Қазір «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында гүлдеп тұр. Ғалымдар бұл жемісті динозавр дәуірімен байланыстырады. Ал осындай ғажайып тұнған мекендерімізді тек аялап қана отырмыз. Неге туристік нысандарға айналдырмасқа?
Біз неге мұндай сауал қойып отырмыз. Қараңыз, жапон халқы Сакура ағашына символдық мән беріп, кие тұтады. Тіпті ол гүлдеген шақты ең ғажайып әлет санап, туристерге құшақ ашады. Сонда жылына 10 миллион қонақ келеді екен. Ал сол ағаштың ататегі біздің Сиверс жемісінен 20 саты төмен тұр. Мәселе, біздің немқұрайлылығымызда болып отыр. Құдай берген құндылықтардың қадіріне бойлай алмай отырмыз. Ал сырттан келген қонақ жәй келмейді, қазына қазанына қаржы құяды, елді жарнамалайды. Іргеде тұрған Сарқанға бармаймыз. Былтыр бірінші рет «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалі өтті. Оның өзі жоғары деңгейде өткенімен, насихаты кемшін болды.
«Туризм тақырыбында мынадай бір өзекті мәселе бар. Ол – кәдесый. Біздің елде бұл үрдіс әлі дамымай тұр. Шетелге саяхаттағанда туристік мемлекеттер ұлттық бұйымдарымен елітіп әкетеді. Ал бізде базар кезіп жүргенің. Тапқаныңның өзі Қытайдан шыққан заттар. Сырттан келген қонаққа сыйлық таппай әбігерге түсесің. Базар біткенді көрші елдердің шеберлері жасаған бұйымдар жаулап алған. Келген турист естелік ретінде алғысы келеді. Бұл да ойланатын мәселе. Жетісудың бір өзінде беткеұстар құндылықтар жетіп жатыр ғой. Қайсібірін айтасың», дейді белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубаев.
Аталған мәселеге үңіліп қарасақ, тағы да қателік өзімізде екен. Мәселен қырғыз елінде 13 мыңға жуық, өзбек ағайындар да 30 мыңға таяу қолөнер шебері бар екен. Бұл тіркелгені һәм мемлекет қолдап отырғаны ғана. Ал бізде мыңнан астам қолөнер шебері бар. Оның өзіне мемлекет жәрдемдесіп отырғаны шамалы. Егер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Жетісуда туризм саласын дамытуды көздесек, алдымен қолөнер шеберлерін қолдауды ұмытпауымыз қажет.
Біз бекерге Жетісуды мысалға алып отырғанымыз жоқ. Себебі, жоғарыда айтқандай мұнда елеулі ескерткіштер мен киелі жерлер жүздеп кездеседі. Қаншама қалашық құмның астында жатыр. Оған да әлі тарихшылар нақты баға берген жоқ. Әрине, Үкіметтің бұл мәселеде қағидатты көзқарасы қажет. Мысалы, туризмнің тұтқасы болар аймақтар жеке тұлғалардың иелгінде жатыр. Олар сол жерді сауық-сайран орны һәм кәсіптің көзі ретінде ғана бағалайды. Бұл тақырыпқа кешенді зерттеу жүргізбей болмайды.