«еQonaq» ақпараттық жүйесі ұсынған дерекке қарағанда, 1 маусым мен 23 шілде аралығында еліміздің қонақ үйлерінде 250 468 шетел азаматы тоқтаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 еседен артық, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетсек, 2022 жылдың осы кезеңінде отандық қонақ үйлерде 77 645 шетелдік турист демалған.
ТМД елдерінен келген туристер саны 180 мың немесе 72%-ды құрады. Бір қызығы, өткен жылы дәл осы көрсеткіш 77%-ды құраған. Яғни алыс шетелден келген туристердің үлесі артып отырғанын байқаймыз.
Мәселен, Моңғолия – 11,6 есе (489-дан 5 683-ке дейін) Қытай – 8,5 есе (2 223/ 18 954), Үндістан – 4,7 есе (1 245/5 887), Оңтүстік Корея – 3,8 есе (939/3 585), Иран – 3,8 есе (237/897), Германия – 3 есе (1 659/5 054), АҚШ – 2,2 есе (1 237/2 761) өсті.
Шетелдік туристердің елімізде демалуға келетін басты бағыттары – Алматы қаласы (1 маусым мен 23 шілде аралығында – 77 308 турист), Астана қаласы (38 463 турист), Алматы облысы (19 049 турист) және Маңғыстау облысы (15 062 турист).