Атырауда Абай атындағы оқушылар орталығы 7-11-сынып оқушылары жиі бас қосатын мекенге айналды. Өйткені STEAM бағытында білім беруге арналған JasSpace бағдарламасы бар. Мұнда жаңашылдықты жаны сүйетін оқушылар түрлі ғылыми жобаға қатысып, жаңа өнімдер ұсынып келеді.
Жақында бір топ оқушы «Мәңгі тірі су» жазғы қарқынды курсынан тәлім алды. Оқушылар қосымша білім жетілдіріп қана қоймай, табиғи сусабынды жасап шығарды. Сусабынның авторлары – Аружан Абдулғазиева, Бибінұр Ғабдыжан және Уәлитхан Батырбаев.
Ғылымға ден қойған жас өрендердің табиғи өнімінің құрамында сульфат, хлорит секілді химиялық қоспалар жоқ. Сол себептен оған Eco-way деген атау берілген.
«Күнделікті тұтынуға болатын әмбебап сусабын құрамында табиғи қоспалар мен органикалық заттар бар. Біздің сусабын шашты нәрлендіреді, қайызғақтан тазартады. Өзіміз жасап шығарған сусабынды өзім қолданып жүрмін», дейді Уәлитхан Батырбаев.
«Мәңгі тірі су» жазғы қарқынды курсының тренері Әсел Оңдашеваның айтуынша, оқушылар жасап шығарған экосусабын зиянды емес. Сондықтан оны кішкентай балаларды жуындыруға пайдалануға болады.
«Бүгінгі нарықта сусабынның түрі көп. Бірақ сусабындар құрамындағы сульфаттар аллергия туғызып, шаштың түсуіне әсер етуі мүмкін. Мұны көпшілік ескере бермейді. Ал атыраулық оқушылар жасап шығарған сусабынның құрамында сульфат жоқ. Адамның көзін ашытпайды. Енді жобаны әлі де жетілдіруді ойластырып отырмыз», дейді Әсел Оңдашева.