Өшпес-тозбас ескерткішін өнерімен сомдап кеткен Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойы Екібастұзда кең көлемде аталып өтті. Бірнеше күнге жалғасқан мерейтой қыстан қысылып шыққан екібастұздықтардың еңсесін көтеріп, рухын оятқандай болды. Төл өнеріміз төрге озып, ұлттық құндылықтар ұлықталған Естай тойы тарих қойнауына мәнді де мазмұнды, сәнді де салтанатты іс-шара ретінде енгені даусыз.
Әлбетте, мұндай мерейтойдың деңгейі қанша жылқы сойылғанымен, неше киіз үй тігілгенімен өлшенбесі анық. Сондықтан Екібастұздағы Естай тойы аясында өткен маңызды екі дүниеге назар аударсақ дейміз. Біріншіден, Екібастұз қаласының әкімдігі алғаш рет республикалық деңгейде Естай атындағы дәстүрлі әншілер байқауын ұйымдастырды. Мұндай байқауды бір жылдары Павлодар облысының мәдениет басқармасы да өткізген еді. Алайда жап-жақсы жоба бізге белгісіз себептермен жалғаспай қалған-ды. Енді осы бір олқылықтың орнын екібастұздықтар толтыруға тырысқандай.
– Естайдың тойы – дәстүрлі әннің тойы. Сондықтан мұндай мерейтойлар бірінші кезекте еліміздегі дәстүрлі әншілердің басын біріктіретін бірегей алаңға айналуы керек. Өнер саңлақтары бір-бірімен бәсекеге түсіп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасады, пікірлеседі. Сөйтіп, бірінің білмегенін бірі үйретіп, жаңа деңгейге көтеріледі. Естай атындағы әншілер байқауы да қатысушыларға, көрермендерге қай жағынан алсақ та, пайдалы болғаны даусыз. Екі күн бойы Екібастұздың аспанында дәстүрлі әніміз әуелеп тұрды. Жергілікті халықтың да ұлттық өнерге деген ерекше ықыласына тәнті болдық. Естай атындағы дәстүрлі әншілер байқауы дәстүрлі іс-шараға айналса екен деген тілек бар, – деді байқаудың бас қазысы, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазы.
Әншілер байқауында павлодарлық өнерпаз Дәуренбек Сләмғали бас жүлдені иеленді. Бірінші орын алматылық Диас Мұратханға бұйырды. Екінші орынды оралдық Мирлан Жамбылов пен қарағандылық Диана Алтайқызы өзара бөлісті. Екібастұздық Жайдар Шұнан, алматылық Нариман Әбдірахманов, балқаштық Нұрболат Ұзақбай үшінші орынды қанағат тұтты. Байқау лауреаттары мен қатысушылары ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Назар аударғымыз келген екінші дүние – «Естай әлемі» деп аталған диалог алаңы. Дәл осы іс-шарада Естайдың шығармашылығына қатысты тұшымды ойлар айтылды. Мәселен, қазақтың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай Естайдың ақындық қыры зерттелмегенін еске салды. «Естайды әнші, композитор дейміз. Бірақ ол бірінші кезекте – ақын. Өзі де «Жағалап Қара Ертісті Естай ақын» демей ме. Өкінішке қарай, Естайдың ақындық қыры, оның әндерінің мәтіндік құрылымы жан-жақты зерттелген емес. Ғалымдар, өнер зерттеушілері осыған мән берсе екен», деді Ғалым Жайлыбай.
Естайдың өнері мен өмірін насихаттауда түркі дүниесіне танымал тұлға Дүйсен Қасейіновтің алар орны ерекше. Бұл жолғы мерейтойға да мәртебелі мейман ретінде арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері әнші Естайдың тойына деп арнайы тартуын да ұсынды. Ол – осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылы Естайдың 125 жылдық мерейтойында түсірілген 2,5 сағаттық бейнежазба. Жеке архивінде сары майдай сақтаған алтынға пара-пар бейнежазбада Естайдың көзін көріп, дәмдес болған белгілі музыкатанушы Борис Ерзакович, ғалым-педагог Төлеутай Ақшолақов, қаламгер Рамазан Тоқтаров, өнер зерттеушісі Зейнұр Қоспақов сынды танымал тұлғалардың естеліктері бар. Оларды Естайдың 125 жылдық тойына бастап әкелген Дүйсен Қасейінов екенін де еске сала кетейік.
– Отыз жыл бұрынғы бейнежазбада жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаров «Естайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілсін» деген тілек айтқан екен. Сол тілек осыдан бес жыл бұрын орындалды. Естайдың 150 жылдық мерейтойы түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы атанып кеткен ТҮРКСОЙ ұйымының мұрындық болуымен Түркия төрінде аталып өтті. Оған елімізден үлкен делегация барып қатысты. Бірнеше күн бойы Түркия төрінде Естайдың әндері шырқалды. Рухты көтерген сол жиынның басы-қасында жүргенімді мақтан тұтамын. Әлбетте, тойға тарту ретінде әкелген 2,5 сағаттық бейнежазбадағы біраз адам қазір ортамызда жоқ. Сондықтан оны қайта жаңғыртып, жергілікті телеарнадан көпшілік назарына ұсыну керек деп есептеймін. Болмаса айтылған дүниелерді тегіс қамтып, бейнежазбаның газеттік үлгісін де жасап қоюға болады. Бұл бүгінгі һәм келешек ұрпақ үшін құнды дүние болар еді. Сонымен қатар осыдан отыз жыл бұрын Павлодар облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үздік студентіне Естай атындағы арнайы стипендияны тағайындаған болатын. Осынау игі дәстүрді де қайта жаңғыртатын уақыт келген секілді, – деді Дүйсен Қасейінов.
Айтпақшы, 1993 жылы Естайдың 125 жылдық мерейтойын ұйымдастырған сол кездегі Ақтоғай ауданының әкімі, бүгінде Ертіс – Баян өңірінің абыз ақсақалына айналған Әбілхақ Түгелбаев биылғы 155 жылдыққа арнайы келді. Ол өткенді қайта жаңғыртып, бейнежазбаны бұқараның назарына ұсынған Д.Қасейіновке ризашылығын білдірді.
Естай әндерін әлемнің 40-тан астам елінде шырқаған атақты опера әншісі Шахимардан Әбілов жиналған жұртшылық алдында «Құсни-Қорланға» басқанда елең етпеген адам қалмады. Ол ақын әндерінің ерекшелігіне тоқтала отырып: «Естайдың әндерін шырқаған сайын шетелдік композиторлар, тыңдармандар үнемі таңғалады. «Мынадай классикалық өнерді тудырған сазгермен таныстыршы», деп өтініш айтады. Естайдың арамызда жоқ екенін, оның тіпті музыкалық білімі де болмағанын естігенде, тіпті таңғалады», дейді ол.
Сондай-ақ диалог алаңында Естай туған топырақтың түлегі, белгілі күйші Қайрат Айтбаев және өнертану ғылымының докторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Саида Елеманова баяндама жасап, тұшымды әңгіме өрбітті.
– Естай бабамыздың 155 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткеніне қуаныштымыз. Қысыл-таяң кезеңге қарамастан, елеулі датаны ескерусіз қалдырмаған қала билігі екібастұздықтар мен қала қонақтарын зор қуанышқа бөледі. Халқымен қапталдаса жасап келе жатқан жарқын талант – Естайдың биылғы мерейтойы мазмұнды іс-шаралармен есте қалды, – деді Естайдың немерелес туысы Ханшайым Кәрібайқызы.
Мерекелік мәдени іс-шара аясында арнайы тұрғызылған этноауылда көшпелі өркениет әлемінің көрмесі ұйымдастырылғанын айта кетейік. Онда қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі, ұлттық спорт ойындары өткізілді. Бұған қоса Суретшілер одағы мүшелерінің пленэрінде қылқалам шеберлері Естайдың портретін бейнеледі. Этноауыл алаңында Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандарынан арнайы келген өнерпаздар мен Екібастұз қаласының шығармашылық ұжымдары өнерлерін паш етті.