• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Жастар 28 Шілде, 2023

Тайланд: Қазақстан жастарының көзімен

409 рет
көрсетілді

Биыл 26 мамыр мен 2 маусым аралығында Тайланд Корольдігінің Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы елшісі Чатчаван Сакорнсин Тайландты елдің болашағы және өзгерісті қалаушылар болып саналатын қазақ жастарының көзқарасы арқылы ілгерілету жобасы аясында осы елге сапарға бар­ған төрт қазақстандық студенттен тұратын топты басқарды. Жобаға Астана Халықаралық уни­вер­ситеті ақпараттық жүйелер факультетінің студенті Асанәли Бақтыбаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті психология факультетінің студенті Дана Есбергенова, Назарбаев уни­верситеттің медицина факультетінің студенті Диёра Акмалова және Алматыдағы «Бангкок» тай мейрамханасының жас қызметкері Александр Пацанюк қатысты. Олар тай елінде бір апта болып қайтты.

Бангкоктегі Үлкен сарайда (Grand Palace)

Бұл аталған жастардың Тайландқа алғашқы сапары еді. Cапар барысында олар елдің үш атақты қаласын – Пхукет, Паттайя және Бангкок қалаларын аралады. Дана Тайландқа жасаған алғашқы сапарын «Тайландты турис­тік сектордан бастап соңғы тех­нологияға дейін әртүрлі қырынан сезіну мүмкіндігі», деп сипаттады. Диёра Акмалова Тайландтың әдемі жағажайлары мен тро­пикалық жеміс плантацияларымен әйгілі қаласы – Пхукетке келгендегі алғашқы әсерін «денсаулық жолында өзгерістерді іздегендер үшін нағыз жұмақ», деді. Асанәли Тайланд туралы «мәдениеті жарқын, табиғаты таңғажайып және қонақжайлылығы жоғары, әсіресе ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық үшін әлеуеті зор ел», деген пікір білдірді. Соңғы 4 жылда тай тілін өз бетімен үйренген Александрға келсек, ол осы сапар өзіне тайлықтарды жақсырақ түсінуге мүмкіндік бергенін айтып, «мен олармен тай тілінде тіл табысуға тырысқанымды көргенде тайлықтар маған өздерінің мейірімділігін танытты», деді.

Ем және сауықтыру туризмі

Пхукетті алғашқы саяхаттаған жері ретінде ашқан төрт отандасымыз Тайланд­тың, әсіресе Пхукет­тің шетелдік қо­нақтарға ұсынатын ем және сауық­­тыру туризміне тәнті болды. Назарбаев уни­вер­ситеттің медицина факультетінің студенті Диёра­ның айтуынша, Тай­ландқа туристер­ді тар­татын негізгі фак­тордың бірі – оның қол­же­тімді меди­циналық cервистері мен ерекше қызмет көрсету сапасы. Ем сервистерінің ішінде ме­дициналық жалпы тексеру, кос­ме­тикалық хирургия, қалпына келтіру терапиясы және ортопедиялық хирургия туристер арасында ең көп сұранысқа ие. Сонымен қатар Тайландтың қолже­тімді, әрі жоғары сапалы қартаюға қарсы емдеуіндегі беделі халықаралық пац­иенттердің санын айтарлықтай кө­б­ейтуге септігін тигізді. Тайландтың қар­таюға қарсы емдеу секторының жоғары сапасы оның 2020 жылы Жаһандық сауықтыру институтының жаһандық сауықтыру экономикасы мониторындағы (Global Wellness Institute’s Global Wellness Economy Monitor) 10-шы орны­мен дә­лелденеді. Шетелдік қонақтар тек хи­рургиялық емес, сонымен қатар консер­вативті процедураларға дейін бейімделген сервистерді ұсынатын ең заманауи технологиялар мен білікті мамандарға қарала алады.

Диёраның айтуынша, Тайланд – сауықтыру туризмі үшін де таптырмас жер. Тайлықтар сауықтыру туралы сөз бол­ғанда тек тән саулығын ғана емес, бәлкім одан да тереңірек мағынаны қам­титын дүниені түсінетін болар. Сонымен бірге Тайландтың сауықтыру туризмі өзінің дәстүрлі емдік тәжірибесінің бай мұрасына сүйенеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жасаруға ем іздеп сапарлаған миллиондаған келушілерді тай еліндегі әртүрлі сауықтыру процедуралары, соның ішінде спа орталықтары мен сауықтыру кешендері ұсынатын ерекше сервистер қызықтырмай қоймайды. Әсіресе өзі­нің айрықша емдік қасиетімен танымал тай массажы Тайландтың кез келген бұрышында қолжетімді. Сондай-ақ дамып келе жатқан туризм индустриясында Тайландтың негізгі туристік бағыт ретінде табысқа жетуінің басты құпиясы – мінсіз қызмет көрсету. Тайлықтар ерекше қонақжайлылық көрсету өнерін жақсы меңгерген және бұл туризм индустриясында жаңа биіктерге жетуде маңызды рөл атқарады.

Тайлықтардың ерекше қонақжайлылығы

Осы сапарында тайлықтардың жүз­деріндегі шынайы күлкі Александрды ерекше таңғалдырып, ол бүкіл әлем Тайландты неліктен «Күлімсіреу елі» деп санайтынын түсінгендігін айтты. Көшеде кездескен сатушылардан бастап, 7-Eleven дүкеніндегі кассирге дейін оны барлық жерде күлімсіреп қарсы алыпты. Бұл оның Тайландқа ерекше қонақжай ел ретінде қайта оралу ниетіне оң әсерін тигізген. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, Александр шетелдік қонақтардың тайлықтарды «жылышырайлы, ақкөңіл, қонақжай және әрдайым қол ұшын беруге дайын» деген мінездемелерімен толықтай келіседі. Александр Пхукетте кофе мен коктейль дайындайтын әйелмен өте жақын дос болып, мыңдаған шақырым қашықтыққа қарамастан, әлеуметтік желі арқылы жиі сөйлесіп тұрады. Ал ол Пат­тайяда шаштаразға барғанында сондағы жұмыскерлермен қызыға сөйлес­кендері сонша, олар таңның қалай атқанын байқамай қалыпты. Бангкокте BTS (Банг­коктің қоғамдық көлік жүйесі) мінген тай жігіті оған билет сатып алуға көмектескен. Александрдың пікірінше, Тай­ландтың әдемі жағажайлары, халқы­ның ерекше мейірімділігі, дәмді тағамдары мен алуан түрлі мәдениеті шетелдіктерді тартатын негізгі фактор болып саналады.

Бай мәдениет және әлемдік деңгейдегі ас үй

Дана Тайландқа алғашқы сапары алдында тай мәдениеті мен тағамына ерекше қызығушылық танытқан. Ол «Ұсқынсыз үйрек» (Ugly Duckling series), «Гормондар» (Hormones), «Белгісіз жер­дің қызы» (Girl From Nowhere) сияқты бір­неше тай шоуын, негізінен лакорндарды (тай сериалдары) көре отырып, тай мәдениеті мен тай тілі туралы тұжырымын қалып­тастырған. Оның айтуынша, тайлықтар – қорқынышты және триллер шоулары үшін мистикалық оқиғаларды жасауда ең үздіктердің бірі. Оған Netflix-тегі ең танымал тай шоуларының бірі «Белгісіз жер­дің қызы» (The Girl From Nowhere) фильмі мысал бола алады. Тайландтағы 7 күндік сапары барысында Дана тай тағамдарын, әсіресе әртүрлі тағамдарда қолданылатын балғын теңіз өнімдерін жегенді қаншалықты ұнатқанын есіне алады. Оның сүйікті тағамдарының бірі – тұзды, жаңғақты және сәл тәтті тұздық­тар үйлесім тапқан балғын асшаяндары бар «Пад Тай» (Pad Thai). «Том Ям» (TomYum) – Дана мен оның әріптестері Тай­ландта дәмін татқан, тағы бір әлемге әйгілі тай тағамдарының бірі. Дана тай тағамдарынан басқа, Тайланд ұсынатын тропикалық жемістердің алуан түріне таңғалған. Ол тропикалық жемістердің біразын татып көргенін және олардың ішінде ең сүйіктісі – тайлықтар «жеміс патшайымы» деп атайтын, сәл тәтті және қышқыл дәмі бар мангустин болғанын айтты. Дана және оның әріптестері қай­да барса да тамақ пен түрлі балғын жеміс­терді таба алатынына көз жеткізді және бұл Тайландтың «Әлем ас үйі» деген атаққа лайықтығын тағы бір рет айғақ­тады. Бұл атаққа ғылыми зерттеулер мен технологияға, негізінен, азық-түлік қа­уіпсіздігі саласындағы үздіксіз инвестиция мен халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келу міндеттемесі арқылы қол жеткізілді.

Ғылым және техникалық прогресс

Тайланд азық-түлікті ішкі тұтыну үшін де, әлемдік нарықтарға халықаралық жеткізу үшін де өндіреді. Қазіргі таңда Тайланд экологиялық таза және қауіпсіз «болашақ азық-түлікті» әзірлеу үшін технологиялық жетістіктерді пайдалану арқылы Азияның инновациялық орталығына айналуды мақсат етіп отыр. Жобаның барлық қатысушысы Тайландтың Шығыс экономикалық инновация дәлізіне (EECi) барып, елдің ғылым мен технология саласындағы жетістіктеріне куә болды. Зерттеу, инновациялау және жоғары технологиялық салалар үшін хабқа айналуға бағытталған Тайландтың Шығыс экономикалық инновация дәлізі (EECi) – Тайланд Корольдігі Үкіметінің стратегиялық бастамасы. Астана университеті ақпараттық жүйелер факультетінің студенті Асанәли EECi сапары өзі үшін ерекше қызықты өткені туралы және ол сапар барысында биотехнология, роботтехника, аэроғарыштық және цифрлық инновациялар сияқты алдыңғы қатарлы салалардағы жетістіктерді көру мүмкіндігіне ие болғандығын айтты. Сапар аясында ғылыми парктер мен ғылыми-зерттеу институттарын ара­лаған Асанәли Тайландтың ғылыми же­тістіктерге қолайлы экожүйені құруға деген ұмтылысын өз көзімен көрді. Ол «ғылыми, өндірістік, мемлекеттік құры­лымдардың, зерттеушілер мен кәсіп­керлердің ынтымақтастығымен жасалған нақты қадамдар инновацияның шекарасын қалай ашатынына куә болдым», дейді. Бұл сапар Асанәлиге Тай­ланд пен Қазақстан арасындағы тұрақты даму жолындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тар саласындағы екіжақты ынты­мақ­тастығының болашақтағы үлкен бас­тамаларына сенімділік берді. Екі ел сәй­кесінше 2050 және 2060 жылдарға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алғандықтан, жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың нығаюына зор сенім артуда. Мұндай қа­дамдар таза энергия шешімдерін әзір­леуді және енгізуді жеделдету үшін білім, тәжірибе және инвестицияларды бөлісуге бағытталуы мүмкін.

Қазақстанның болашағы болып са­нала­тын жаңа ұрпақ Тайланд пен Қазақ­стан ынтымақтастығының болашағы жарқын болатынына сенімді. Олардың пікірінше, әсіресе туризм, мәдени алмасу, білім, сауда, инвестиция, ғылым мен технология және жаңартылатын энергия көздері екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін ең ма­ңызды сала­лар қатарына кіреді. Осы мақсатқа жету үшін Аста­надағы Тайланд Корольдігінің Елшілігі екі ел ара­сындағы екіжақты ынтымақтастықтың жан-жақты және үздіксіз дамуын қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұл жетістікті айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі – Тай­ландқа Қазақ­станнан келетін туристер саны. Бұл көр­сеткіш жылына 50 мың адамнан 2023 жылдың ал­ғашқы төрт айында ғана Тайландқа барған шамамен 80 мың қазақстандық туриске дейін өсті. Егер өсім осы қарқынмен жалғаса берсе, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін екі есеге дейін артуы мүмкін. «Тай­ландты қазақстандық жастар көзқарасы арқылы таныту» жобасы Тайландтың ең жақсы туристік бағыт­тар­дың бірі екендігін тағы бір айқындап берді. Мамыр және маусым айлары Тайландтағы ең төмен туристік маусым болғандығына қарамастан, әдемі теңізі мен жа­ғажайлары бар елдің әлемге әйгілі екі қаласы – Пхукет пен Паттайяға бару арқылы Қазақстан жас­тары шытырман оқиғаларға толы іс-шараларды тама­шалай отырып, тайлық мәдени ортаға терең бойлай түсті.

 

Мақаланы әзірлеген: Оратай Пхбунлап Гунасийлан, доктор, Тайланд Корольдігі Елшілігі миссия басшысының орынбасары және кеңесшісі

(Автор мақаланы әзірлеу барысында Асанәли Бақтыбаев, Дана Есбергенова, Диёра Акмалова, Александр Пацанюк ұсынған материалдарды қолданды)