Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар жаһандық сипатқа ие болып, өмірдің барлық саласының ажырамас бөлігіне айналып жатыр. Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімділік пен дамудың көрсеткіші екені айқын. Дегенмен жоғары технологиялардың пайдасымен қатар, оның қауіп-қатері де жоқ емес. Кейінгі жылдары мемлекеттік ақпараттық жүйелерде, банк және өнеркәсіп секторларында ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің күрт өскені байқалады.
«Касперский зертханасы» мамандарының деректеріне сәйкес біздің еліміз кибершабуылдар саны бойынша әлемде жетінші орында тұр. Интернет пайдаланушының іс-әрекетін бақылауға, жеке деректерді қолды қылуға мүмкіндігі бар шпиондық бағдарламалардың, фишингтік және бизнеске жасалған шабуылдардың саны артқан. Сондықтан цифрлық технологияларды пайдалану – құқық бұзушылықтардың алдын алудың ең тиімді тетіктерінің бірі, сондай-ақ қылмыстарды жедел ашудың маңызды құралы.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Осы іс-шарада министр М.Ахметжанов салада атқарылып жатқан оң істерді тізбелей келе, киберқылмыстармен күресу үшін «Киберпол» полициясының әр аймақта 11 қызметкерінен тұратын мамандандырылған топ құрылғанын айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа полиция қызметінде қолданылатын цифрлық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, оған киберқылмыспен және есірткі қылмысымен күрес сияқты маңызды міндеттерді шешуді оңтайландыруға арналған цифрлық технологияларды енгізу туралы баяндалды. Мемлекет басшысы цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру туралы тапсырма беріп, мемлекеттік басқару жүйесінде Ішкі істер министрлігіне ерекше міндет жүктелетінін еске салды.
Кейінгі жылдары киберқылмыс, интернет-алаяқтық тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны баршаға мәлім. Осы қылмыстық әрекеттерге тиімді қарсы тұру қажеттілігін ескере отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын ашу туралы шешім қабылданды. Киберқылмыстарға қарсы күрестің негізгі проблемалары мен қауіптері «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасында шешімін тапты. Осы тұжырымдамаға сәйкес 2019 жылы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының базасында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандарды даярлау орталығы ашылды. Оқу орталығының басты мақсаттарының бірі – полицейлердің кәсіби біліктілігін арттыру. Орталық құрылған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін орта басшы құрамның 730 қызметкері біліктілігін көтерді. Бұл орталықтың негізгі міндеті – ақпараттық базаны толықтыру мақсатында киберқылмысқа қарсы іс-қимылға тартылған ұйымдармен және ведомстволармен белгіленген тәртіппен ынтымақтастықты ұйымдастыру, сондай-ақ орталықта оқу үдерісін жетілдіруде осы ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдалану.
Күнделікті полиция қызметінде заманауи технологиялық мүмкіндіктерді кеңінен қолдану, цифрландыру әлеуетін барынша пайдалану – ІІО алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Криминалист мамандардың қызметіне цифрлық технологиялар, компьютерлік зерттеу түрлері белсенді енгізілуде. IT бағытында білім беру бағдарламалары негізінде криминалист мамандарды даярлау – жедел-криминалистикалық қызметті тиімді кадрлық қамтамасыз ету үшін өзекті міндет. Осыған орай, бакалаврларға арналған жаңа білім беру бағдарламаларын ашу туралы шешім қабылданды. Олар – «Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету»; «ІІО қызметін ІТ-криминалистикалық қамтамасыз ету»; «Ақпараттық жүйелер» бағдарламалары. Бұл жерде оқытылған мамандар киберқылмысты ашумен және тергеумен айналысатын жаңадан құрылған «Киберпол» бөлімшелерін толтыруы керек.
Сонымен қатар академияда 2021 жылдан бастап интернет-алаяқтықтарды және киберқылмыстардың басқа да түрлерін ашуды үйрететін киберзертхана жұмыс істейді. Ол заманауи компьютерлік техникамен және ақпараттық жүйелермен жабдықталған. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі М.Ахметжановтың тапсырмасымен өткен жылы академияда киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі киберполигон ашылды. Мұнда жедел іздестіру шараларын жүргізу мен биллингті талдау, кибералаяқтардың ІР-мекенжайларын анықтау, криптовалютаны қолдану арқылы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу мен тергеу үшін оқыту бағдарламалары қолданылады. Ғылыми-педагогикалық магистратура мен бейіндік магистратураның, PhD докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға осы тақырып негізінде диссертациялық зерттеулер бекітіледі.
Шетелдердің озық технологияларымен және тәжірибесімен танысу мақсатында Алматы академиясының қызметкерлері ЕҚЫҰ және басқа да ғаламтор кеңістігіндегі қылмысқа қарсы күрес мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар базасында тұрақты негізде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп тұрады. Сонымен қатар Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйымдарымен өзара ынтымақтастық және тәжірибе алмасу туралы меморандумдарға қол қойылды. Одан басқа, Алматы академиясы мен Корея Республикасы Шинхан университеті арасында курсанттармен алмасу бойынша келісім жүргізілуде. Бұл келісім негізінде академияға әлемдік деңгейдегі жетекші ғалымдар мен практиктер дәріс оқуға шақырылады.
Айдар САЙТБЕКОВ,
ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының басшысы