Қостанайда бір топ адам агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Аталған топ 2022 жылдан бері ет сатып алу туралы жалған мәміле жасасу арқылы 1,6 млрд теңгеден астам мемлекет қаржысын жымқырып үлгерген.
Ұйымдасқан қылмыстық топты өңірдегі ірі ет өңдеу кәсіпорнының директоры басқарған. Оның құрамында ет комбинатының қызметкерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, мал дәрігерлері мен шенеуніктер бар. Жең ұшынан жалғасқан алаяқтардың астыртын әрекетін әшкерелеген Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, шаруа қожалықтары ет өңдеу зауытына өздерінде жоқ малдың салмағын асыра көрсетіп өткізу арқылы субсидия алып келген. Одан түскен қыруар қаржыны қылмыстық топ мүшелері өзара бөлісіп алып отырған.
«Бүгінге дейін аталған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен сыбайласқан 50-ден астам шаруа қожалығы анықталды. Осыған орай, алаяқтық, ұйымдасқан топ құру және оны басқару дерегі бойынша өндіріске 17 қылмыстық іс тіркелді. Топ мүшелерінің банк ұяшықтары мен есепшоттарында жалпы көлемі 3 млн АҚШ долларынан аса шетелдік және ұлттық валюта түріндегі ақша бар екені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұдан өзге мәліметтер ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», дейді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Қылмысқа қатысы бар шаруа қожалықтарының басшылары алдын ала тергеу шаралары барысында кінәларын мойындап, мемлекетке өз еріктерімен 62 млн теңгеден астам қаржыны қайтарып берген. Ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі қамауда отыр.