• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Шілде, 2023

Жауапсыздар жазалана ма?

196 рет
көрсетілді

Керекудегі білім беру ұйымдарын күрделі жөндеу саласын биыл тағы берекесіздік жайлап тұр. Марғау мердігерлердің кесірінен бірнеше мектеп 1 қыркүйекте ашылмай қалуы мүмкін. Шарбақты ауданы мен Павлодар қаласында осындай келеңсіздік тіркеліп отыр.

Мердігерлердің жауапсыз­дығына қатысты сорақылықтың көкесін былтыр көргенбіз. Жаңарту бағдарламасына іліккен 46 мектептің 17-сінде жөндеу жұ­мыс­тары уақтылы аяқталмай, көпте­ген ауылдың оқушылары күзде мәдениет үйі мен бас­тауышқа арналған аядай ғана ғимараттарда білім алуға мәж­бүр болған. Өңірдің білім беру бас­қар­масы жөндеуді мерзімінде аяқтай алма­ған мердігерлер бо­­йын­ша сотқа 20-дан аса талап-арыз бергенімен, жағдайды дұрыс­тай алмады. Кейбір білім беру ұйы­мындағы жұмыстар қысқа дейін жалғасқан.

Жергілікті жауапты органдар былтырғы жағдайдан тиісті сабақ алмағандай. Қазірдің өзінде облыс бойынша үш бірдей мектептегі күрделі жөн­деу жұмыстары кестеден ай­тар­лықтай қалып қойған. Жаңа оқу жылы басталуға бір айдай уақыт қана қалғанын ескерсек, нысандардың мерзімінде тапсырылатынына күмән мол.

Шарбақты ауданының Жаңауыл, Хмельницкий және Павлодар қаласының №5 мек­тептерін күрделі жөндеуге қа­зы­надан 340 млн теңге бө­лінген екен. Бұл үш жоба да кешігіп жатыр. Бұған қоса Павлодар ауданының Сычёвка аталатын елді мекеніндегі жаңа мек­теп­тің құрылысы да конкурс­ты жеңіп алған фирманың жауап­сыз­дығынан ақсап тұр. Ал Железин ауданының Моисеевка және Баянауылдың Қаражар ауыл­дарындағы жаңа білім беру ордаларының құрылысы ойда­ғы­дай жүргізіліп жатыр.

Өңірлік қаржы бас­қар­ма­сының басшысы Жеңіс Ша­қа­тов­тың мәліметінше, Пав­лодар қаласында салынып жатқан (жоба құны – 331 млн теңге) шаңғы және биат­лон ғимаратының құрылысы, Баян­ауылдың Бірлік, Егін­ді­бұлақ, Ұзынбұлақ ауылдарына тартылып жатқан көше жарықтары жүйесі уақытында аяқталмайтыны да анықталып отыр. Ақтоғай ауда­ны­ның Қараоба ауылындағы жаңа де­не­­шынықтыру-сауықтыру ке­шені мен Баянауылдың Жұмат Шанин атындағы елді ме­ке­ніндегі орталықтандырылған ауыз ­­су жүйесі де биыл іске қо­сыл­майтыны анық дейді ол.

– 2021 жылы Жұмат Шанинге су құбырын тарту бойынша мемлекеттік конкурсты «Көлсай Строй» деген компания ұтып алады. Сонау Алматы қаласында орналасқан бұл мердігер ақыр аяғы жауапсыздау болып шықты. 2021 жылы бюджеттен бөлінген 394 млн теңгенің небәрі 8,5 млн теңгесін игеріп, жұмысты тас­тай қашқан. Сондағы сылтауы – ауылдың сол жақ бөлігі орналасқан жердің топырақ жынысы қатты, тас көп, техникаларымыз өте көп қиындықпен алып жатыр, бөлінген қаражат жетпейді деп жалтарды. «Су құбырын қайта құру» жобасын мердігер қайта түзетіп, қаражат қосуды талап етті. Сөйтіп, оның зардабын тағы халық тартып, су құбырын жаңарту ісі тағы екі жылға шегерілген, дейді Ж.Шақатов.

Баянауыл ауданының әкім­дігі былтыр көктемде жобаны ор­та жолда қалдырып кеткені үшін фирманы сотқа берді. Алайда Павлодар облысының ауданаралық соты талап-арызды қанағаттандырудан бас тартып, апелляциялық шағымды да кейін ысырған. Ал «Көлсай Строй» ЖШС-ға жұмысты шілде айында жалғастыруға тиіс деген талон-хабарлама берілді. Бірақ компания тағы өз жауапсыздығын көрсетіп, жер қазу шараларына тек 25 қыркүйекте кіріседі. Қыс бойы жұмысы тоқтап тұрған фирма биыл көктемде тағы ке­шігіп бастаған. Соның салдарынан алдағы күзде жоспарлы су құбыры іске қосылмайтыны байқалуда. Ауыл тұрғындары биыл тағы сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай соры қайнап отыр.