ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында Қазақстан арқылы өткен героиннің ірі партиясы «транзитінің» жолын кесті, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Омбы бағытындағы жолда арнайы жасақтың көмегімен жүк көлігін тізгіндеген 54 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталды. Жүк көлігінің Volvo маркалы тіркемесінде Қырғызстаннан Ресейге жеткізілуі тиіс қарбызбен қоса, 59 килограмм «героин» салынған 21 полиэтиленді орама және 10 килограмм «гашиш» салынған екі орама анықталып, тәркіленді», деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Айта кетейік, бұл шамамен 250 мың бір реттік доза, оның қара нарықтағы құны 2,5 миллион доллардан асады. ҚР ҚК-нің 286-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды (Айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы). Қылмыскер мүлкінен айырылып, 20 жылға сотталуы мүмкін.