Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың І жартыжылдығындағы «Бәйтерек» холдингі қызметінің нәтижелері, соның ішінде кәсіпкерлерді, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бастамалардың іске асырылу барысы туралы баяндалды.
Президентке ұсынылған мәлімет бойынша ірі бизнесті қаржыландыру көлемі 114,4 млрд теңге. Холдинг «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді қолдайды. Қор 15 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетті.
Жыл басынан бері «Отбасы Банкі» 29 мың отбасының баспаналы болуына көмектескен. Банк баспананы жалға беруді субсидиялау бағдарламасына да белсенді қатысып келеді. Бағдарлама аясында І және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды, жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бірінші жартыжылдықта аталған бағыт бойынша 9 мыңнан астам өтінім мақұлданды.
Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жыл басынан бері 271 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 9 мыңға жуық фермерге қолдау көрсетілгені туралы хабарланды. Биыл 3,5 млн гектар жерге егін егілді. Бұл – еліміздегі барлық егіс алқабының 15 пайызы. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және импортқа тәуелділікті төмендету үшін ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды несиелендіруге 131 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Аграрлық секторды қаржыландыру көлемінің 70 пайыздан астамы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға тиесілі.
Кездесу соңында Президент бизнестің ахуалын жақсартуға және әлеуметтік тұрғын үй саясатын жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берді.