Пиреней түбегінде ұйымдастырылған велоспорттан бір күндік «Circuito Getхo» жарысында «Астана» командасының өкілі Алексей Луценко жеңімпаз атанды.
2017 жылғы «Испания Вуэльтасы» мен 2020 жылғы «Тур де Франстың» бір кезеңінде үздік шыққан А.Луценко биылғы маусымда осымен екінші рет халықаралық турнирдің жеңіс тұғырынан көрініп отыр. Бұған дейін ол сәуір айында Италияда өткен «Джиро ди Сицилия» додасында қарсыластарын шаң қаптырып, бас жүлдені олжалаған болатын.
Ал күні кеше Бильбао мен Гетчо қалаларын жалғаған бір күндік жарыста Луценко 193,3 шақырым қашықтықты 4 сағат 19 минут 10 секундта еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші орынды «Lidl-Trek» командасының франциялық өкілі Тони Галлопин еншілесе, үшінші орын «Астананың» италиялық тағы бір велошабандозы Симоне Веласкоға бұйырды.
Сондай-ақ «Астана» сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз Евгений Федоров пен Нұрберген Нұрлықасым мәреге 20-шы және 55-ші болып жетті.