Әне-міне дегенше күз, іле-шала қыс келеді. Ал былтырғы қыстан сан рет сынып, қылаяғы өрт шыққан Риддер жылу-электр стансасы биыл толық жөнделе ме? Жуырда «Amanat» партиясының партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Айсина жұмыс сапармен Батыс Алтайға барып, қазандықтағы жөндеу жұмыстарын көріп қайтты.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің айтуынша, қазіргі уақытта жылу электр орталығында 11 мердігер ұйым, 264 маман жұмыс істеп жатыр екен. Жөндеуге қажетті материалдар мен жабдықтар толықтай жеткізілген. Жұмысты жеделдету үшін қызметкерлер екі ауысымда еңбек етіп жатыр. Кәсіпорын қызметкерлерінің маусым айындағы еңбекақысы жылыту маусымына дейін өтелді. Ал от жағу уақыты басталғанға дейін 3 қазандықты жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Төртінші қазандық қараша айында аяқталады. Сондай-ақ резервтік нұсқа ретінде Риддер қаласындағы «Казцинк» ЖШС қазандығына қосу жұмыстары да ойластырылған.
Бұл Риддер тұрғындары үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан қазандықты қалпына келтіру жұмыстары «Amanat» партиясының облыстық филиалы басшылығының, РФП және ТФП партиялық бақылау комиссиясының, депутаттық корпустың тұрақты бақылауында. Айта кетсек, Риддер ЖЭО-да партиялық бақылау бекеті ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап ашылған.
Әлбетте, жүргізіліп жатқан жұмыстарға жан-жақты бақылау, қадағалау қажет. Өткен қыста Риддердегі қаншама пәтер, қаншама әлеуметтік ғимараттар жылусыз қалды?! Мектептер мен балабақшалардың жылусыз қалып, қашықтықтан оқытуға көшкені де елдің есінде. Біраз уақытқа төтенше жағдай жарияланып, қазандықты лекерлеп алып, қыстан шыққан. Сол үшінде ел алаңдаулы. Биылғы қыстан қысылмай шықсақ екен деп тілейді.
«Қысымыз – ұзақ, әрі қатал. Оны бәрі біледі. Өкініштісі сол, өткен қыстан тоңып шықтық. Балалар күрк-күрк жөтелді, ауырды. Қазандықтың неше рет сынып, неше рет өртенгені есте жоқ. Одан бір инвестор ақша құяды дегенді естіп қуандық. Сөйтсек ол да өтірік болып шықты. Әйтеуір, жан-жақтан бақылауға алып жатыр. Оң шешімі табылатын шығар» дейді күмәндана пікір білдірген Риддер тұрғыны Майра Дөненбаева.
Халықтың сеніміне қайта кіру қиынның қиыны. Құрғақ уәдеден әбден шаршаған. Тыңдауға да құлық танытпайды. Демек сөзден іске көшіп, шын мәнінде жұмыстың жүргізілгенін көрсету керек.