Қарағанды облысында арнайы орталықтан 12 бала уланып ауруханаға жеткізілді. Бір бала медициналық мекемеде қайтыс болды, тағы алтауы жансақтау бөліміне жатқызылды. Балалардың уланғаны туралы ақпаратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қарағанды облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай улану фактісі тіркелді. Салдарынан бір бала қайтыс болып, тағы алтауы жансақтау бөлімінде жатыр.
Ауруханаға барлығы 12 бала жеткізілген. Олардың жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалап отыр. Жансақтау бөлімінде жатқандардың барлығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Балалардың халін білу үшін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауруханаға барды. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді. Арнайы мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды.