Алматы қаласының Ақкент ықшам ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің бірі өртеніп, адамдар терезеден секіруге мәжүр болған. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы аталған оқиғадан зардап шеккен 31 адам ауруханаға жеткізілгенін нақтылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2023 жылы 1 тамызда сағат 18:30-дағы жағдай бойынша Алатау ауданы, Ақкент ықшам ауданы, 54 үй мекенжайында болған өрт салдарынан қала ауруханаларына 31 адам жеткізілді, оның 16-сы - бала. Зардап шеккендер дін аман, қаза тапқандар жоқ. Науқастардың денсаулық жағдайы туралы қосымша хабарланатын болады», деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, көпқабатты тұрғын үйдегі өрт сағат 18:46-да сөндірілді.
Оқиға орнында қалалық ТЖД күштері мен құралдары сапынан 50 адам және 14 техника жұмыс істеді, оның ішінде 3 автосаты болған.