Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Санжар Бисенәлі Швейцарияның Цюрих қаласында өткен 55-халықаралық «Химия» олимпиадасында алтын медаль иеленді. Ол бұған дейін екі рет күміс медальді олжалаған болатын.
Санжар әуелде биологияға қызыққан екен. Кейін химияға аңсары ауыпты. Ол халықаралық олимпиадаға осымен үшінші рет қатысып отыр. Оның бастапқы екеуінде онлайн форматта бақ сынаса, соңғысына арнайы барған. 10 күнге созылған зерделілер додасына әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен оқушылар қатысты. Барлығы шамамен 360-тан астам оқушы бақ сынады.
– Сайыс екі бөлімнен тұрды. Біріншісі – практикалық, екіншісі – теориялық жұмыс. Практикалық жұмыста үш тапсырма берілді. Онда әртүрлі сапалық, сандық талдау жасау керек болды. Теориялық тапсырма ғылыми тақырыптарға байланысты берілді. Маған практикалық бөлім күрделі болды. Себебі кейінгі жылдары олимпиада онлайн форматта өткендіктен, тек теориялық бөлімнің тапсырмаларын ғана орындаған едім. Бұл жолғы дода осы тұрғыдан алғанда үлкен тәжірибе болды деп санаймын. Олимпиадада Қытай, АҚШ, Жапониядан келген оқушылар үнемі топ жаратын. Өз басым қытайлықтарды негізгі қарсылас санадым. Өйткені Қытай мемлекеті оқушылар арасында қатаң іріктеу өткізеді әрі тек үздіктердің үздігіне ғана сенім артады. Назарбаев зияткерлік мектептері арасында да жан-жақты іріктеу жүргізілді. Облысты бағындырған оқушы республикалық додада бақ сынайды. Республика деңгейінде көзге түскен төрт оқушы ғана халықаралық олимпиадаға жолдама алды, – деді Санжар. Зияткердің анасы Лаура Мәжитова баласының білім бәсекелеріне кішкентай күнінен дайындалғанын айтты.
– Бұған дейін отбасымызда химиктер болмаған. Физика, математика, филология салаларын таңдағандар болды. Санжар химияны таңдағанда таң қалдық. Бірінші сыныптан бастап оны олимпиадаға баули бастадық. Ең алғашқы олимпиадасына екінші сыныпта қатысты. Сынып жетекшісімен бірге Түркияға барды. Үшінші сыныпта математика пәні бойынша Болгариядағы бәсекеде бақ сынады. Одан да медальмен оралды. Содан бері ұлымның халықаралық олимпиадаларда топ жаруын тіледім. Шүкір, екі рет күміс жүлдегер атанды, бұл жолы алтын медальді еншіледі. Сондай-ақ Санжар бірнеше тілді еркін меңгерген. Мектебі үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Ол – өте еңбекқор бала. Жетістігінің басты сыры да осында. Химия пәнінен алғашқы олимпиадасына 9-сыныпта Алматы қаласында қатысып, 17-орынды иеленді. Сол кезде Санжар «Мама, келесі жылы бірінші орын аламын» деп уәде берді. Сол уәдесінде тұрды, – дейді Лаура Мәжитова.
Санжар бұл олимпиадаға Қазақстан құрамасының жетекшісі Азим Аманжоловпен бір жарым жыл дайындалған екен.
– Дәстүрлі олимпиадаға тыңғылықты дайындық керек. Мәселен, біз қатысқан білім бәсекесіне оқушыларды 8-сыныптан бастап даярлаймыз. Басында қиындық болады, әлбетте. Бірақ кейін бәрі де қалыпқа түседі. Айталық, Санжар шәкіртім Әбілмансұрмен бірге дайындалды. Әбілмансұр барынша қолдау көрсетті. Бұл жолғы жетістікті бес жылдық дайындықтың өтеуі деп айта аламын. Санжардың алтын алатынына сенімді болдым. Өйткені былтыр күмісті иеленді. Оның үстіне тәжірибесі де толысты әрі дайындық жұмыстары да жан-жақты жүргізілді, – дейді Азим Аманжолов.
Санжардың кураторы Орал Бекболатқызының айтуынша, ол – мектептегі үлгілі оқушылардың бірі. «Санжар мектепте өзін жақсы жағынан көрсетті. Олимпиадаларға қатысуға сабақтан босатсақ та, қалып қойған тарауларды жылдам игеріп алады. Өзіне тапсырылған істі жоғары жауапкершілікпен атқарады. Мектепте өткізілген мәдени және тәрбиелік іс-шараларға белсене қатысады. Мінезі ашық, ұстамды, сабырлы, кішіпейіл. Өзгелермен тез тіл табысады. Қолұшын созуға даяр тұрады. Жеке тұлғалық көзқарасы қалыптасқан. Өз ойын, пікірін ашық, анық жеткізеді», дейді Орал Бекболатқызы.
Оқуға жүйрік оқушы домбыра мен гитарада жақсы ойнайды, шахматты да жетік меңгерген. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы жан. «Маған сенім артып, қолдау көрсеткен ата-анама, ұстаздарыма, тәлімгерлеріме, достарыма алғысым шексіз», дейді Санжар.
Салтанат БАЙТЕКЕНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің
4-курс студенті