2023 жылғы шілдеде жылдық мәндегі инфляция деңгейі 14% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 13,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 15%-ға, ақылы қызметтер 13,6%-ға өскен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
2022 жылғы шілдемен салыстырғанда кеңсе тауарлары – 64,4%, күріш – 44,3%, қантсыз қоюландырылған сүт – 42,4%, күндізгі стационарлық емдеу – 40,8%, ыдыс жууға арналған құралдар – 37,4%, кір сабын – 35,9%, қырыққабат – 27,5%, тосап, джем 25,9%-ға қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде құмшекер – 17,4%, қарақұмық жармасы – 10,5%, күнбағыс майы – 4,7%, қызылша – 6,1%, сәбіз – 3,4%, картоп 1,3%-ға арзандаған.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша бақыланады. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі.
Жалпы алғанда, тамақтану өнімдері мен алкогольсіз сусындар, тұрғын үй қызметтері, киім және аяқкиім, әртүрлі тауар мен қызмет жылдық инфляцияға ерекше үлес қосқан.
Сарапшылардың айтуынша, сервистік қызметтер есебінен айлық инфляция өсімін есепке алмағанда, тұтынушылық инфляцияның әрі қарай да баяулауы байқалады. Өткен айдан бері жанар-жағармай және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағалары қымбаттай бастады. Бұл да өз кезегінде баға өсімінің баяулауын тежейді.