Былтыр шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімсіз болып шықты, нақты нәтиже жоқ. 3 миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалды. Нәтижесінде, олар денсаулық сақтау қызметтерін толық пайдалана алмайды» деген еді. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне көз жүгіртсек, 2023 жылғы, 1 наурыздағы жағдай бойынша МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы бар адамдардың саны 16,4 млн болған. Бұл халықтың жалпы санының 82,8%-ын құрайды. Сонда шамамен 3,4 млн адам сақтандырылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 2,3 млн адам қала тұрғындары болса, 1,1 млн адам – ауыл тұрғындары.
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Ал МӘМС жүйесіне 2017 жылдан бастап аударымдар жасалған. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2020-2022 жылдары МӘМС төлеушілердің барлық санатынан жарналар мен аударымдар түсімдерінің сомасы 550,4 млн теңгеден 1 090,4 млн теңгеге дейін екі есе өскен. Алайда МӘМС жүйесінің айналасында шешілмеген мәселе екі есе өспесе, азаймай отыр. Бұл жағдай, әсіресе, ауылдық жерде қатты байқалып отырғанын айтады мамандар.
«Елімізде ауылдық жерлерде халықтың 38,2%-ы тұрады. Олардың ресми жұмысқа орналастырылған бөлігі МӘМС-ке жалақыдан аударымдар мен жарналар төлейді. Дербес төлеушілер ретінде сақтандырылғандар айына 3 500 теңгеден төлейді, ал бірыңғай жинақтық төлем (БЖТ) таңдағандар жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы төлемдерін және МӘМС жарналарын қоса алғанда, ай сайын 1 725 теңгеден (0,5 АЕК) төлейді. Алайда МӘМС мәселесі бойынша ауылдық жерлерде біраз кілтипан бары рас. Мәселен, жергілікті жердің дерегіне сәйкес, МӘМС жүйесімен қамтылмағандардың ең көп саны әлі де ауылдық жерлерге тиесілі болып тұр. Яғни ауылдықтардың 33%-дан астамы сақтандырылмаған. Ал қалалық жерлердегі халықтың 18,6%-ы МӘМС жүйесіне қатыспай отыр», дейді «Ауыл» партиясының хатшысы, Әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орталықтың басшысы Қуаныш Сейітжанов.
Ресми деректер бойынша, өңірлік бөліністе ең аз сақтандырылған азаматтар үлесі Жетісу (облыс халқының 76,3%), Жамбыл (77,1%), Алматы (78,5%), Қостанай (79,0%), Түркістан (79,7%) облыстарында және Шымкент қаласында (77,7%) байқалады. МӘМС жүйесіне қатысушылардың саны бойынша өңірлер арасында көш бастап тұрған – Ұлытау облысы (88,9%). Ал Қарағанды облысында ауыл халқының 49,6%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. МӘМС қатысушыларының төменгі үлесі Павлодар облысының (60,2%) ауыл тұрғындары арасында да байқалады.
Былтыр ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны – 1 162 472 адам болса, бұл – елдегі барлық өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 55%-ы. Ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым көбі (95,4%) – өз есебінен және жеке қосалқы шаруашылықтарда жұмыс істейтін дербес қызметкерлер. Олар МӘМС қатысушылары емес болуы да мүмкін. Себебі көбінесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қызметті ресми рәсімдемей жұмыс істейді және міндетті әлеуметтік төлемдерді төлемейді дейді мамандар.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, негізінен ауыл халқы басым Түркістан (466,4 мың адам), Алматы (434,5 мың адам), Жамбыл (261,3 мың адам) және Қостанай (210,4 мың адам) сияқты облыстарда кейінгі 12 айда жарналар мен аударымдар алынбаған адамдардың ең көп саны тіркеліпті.
Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейі ауыл шаруашылығы саласында екен. Мәселен, ҰСБ ҚР СЖРА деректеріне сәйкес, 2023 жылдың бірінші тоқсанында ауыл, орман және балық шаруашылығындағы орташа айлық-жалақы 179 388 теңге болған. Бұл – экономикалық қызметтің барлық түрі бойынша орташа көрсеткіштен екі есе аз. Ауыл шаруашылығындағы еңбекақы қаржы саласына қарағанда 3,4 есе, өнеркәсіп бойынша орташа көрсеткіштен 2,6 есе төмен. Осылайша, нақты кірістердің төмендеуі және жоғары инфляция қазақстандықтар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде әлеуметтік төлемдерді, оның ішінде МӘМС бойынша жарналарды уақытылы әрі толық көлемде төлеу мүмкіндігін төмендетіп отыр.
«Халықтың табыс деңгейі санитарлық сауаттылықтан бастап, медициналық жүйеге қол жеткізуге дейінгі әртүрлі мәселелерге әсер ете отырып, халықтың денсаулық жағдайындағы аумақтық айырмашылықтарға әкеліп отыр. Біздің пайымдауымызша, ауыл тұрғындарын МӘМС жүйесіне аз тартудың тағы бір себебі – ауылдағы медициналық қызметтің сапасы. Мәселен, медициналық инфрақұрылымның тозуы, жекелеген медициналық объектілердің болмауы, медициналық кадрлардың тапшылығы», дейді Қ.Сейітжанов.
Сарапшының айтуынша, былтыр ауылда жүргізілген медициналық объектілерді түгендеу қорытындысы бойынша, 200-ден аса елді мекенде медициналық объектілер жоқ болса, 400-ге жуық медициналық объектілер жалға алынған және кейбір медициналық объектілер қауіпті жағдайдағы ғимараттарда орналасқан. Осылайша, ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымының тозуы – 50%-дан жоғары.
Ауылды дамыту мониторингінің деректері бойынша, 2022 жылы ауыл тұрғындары арасындағы өлім-жітімнің негізгі себептері – қан айналымы жүйесі ауруларынан (өлімнің барлық себебі бойынша қайтыс болғандар санының 18,8%), тыныс алу органдарының ауруларынан (11,1%), жазатайым оқиғалардан, уланулардан, жарақаттардан (10%), ас қорыту органдарының ауруларынан (9,1%), ісіктерден (8,8%) болыпты. Ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы (73,94 жас) қалалықтарға (74,73 жас) қарағанда қысқа. Мұның бәрі көп жағдайда осы біз көтеріп отырған мәселеге тікелей байланысты екені түсінікті.
Аурухана инфрақұрылымына қол жеткізудегі олқылықтардан басқа, ауыл тұрғындарын қаламен салыстырғанда дәрігерлермен қамтамасыз етуде айтарлықтай айырмашылықтар бар көрінеді. Елімізде ауылдық жерлердің дәрігерлік персоналмен қамтамасыз етілуі 10 мың тұрғынға 17 дәрігер болса, қалалық жерлерде 10 мың тұрғынға 57 дәрігерді құрайды екен. Осылайша, ауылдық жерлерде сақтандыру төлемі ұлғайғанымен, медициналық қызмет көрсетушілердің тапшылығы және мамандардың жетіспеушілігі тағы қосылып отыр.
Мамандар халықаралық тәжірибелерді зерттеп, бұл саланы жетілдіре түспесе болмайтынын айтады. Мәселен, Қытайда медициналық көмекті ауыл тұрғындарына қолжетімді ету мақсатында Қытай өкіметі 2005 жылдан бастап Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде жаңа ауылдық кооперативтік медициналық сақтандыру жүйесін (NRCMCS) енгізу арқылы медициналық сақтандыру саласындағы маңызды реформаларды жүзеге асырды. NRCMCS енгізу жоспары 2011 жылға қарай 832 млн ауыл тұрғынын Денсаулық сақтау қызметтерімен қамтуды қамтамасыз еткен, бұл ауыл халқының 97,5%-ын құрайды. Қазір NRCMCS әлемдегі ең көп қамтылған медициналық сақтандыру жүйесіне айналды.
«Ауыл тұрғындары арасында медициналық сақтандыру қажеттілігі туралы ақпараттың аздығы да бар. Сондай-ақ сақтандырылмаған азаматтардың көп бөлігінен тағы бір проблема туындайтынын атап өткім келеді. Бұл – заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің өздері үшін және өз қызметкерлері үшін берешегі. Мәселен, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 128,4 мың субъект, оның ішінде МӘМС бойынша 1 045,1 млн теңге берешегі бар заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер анықталды. Ең көп берешек Астана (124,5 млн теңге) мен Алматы (122,5 млн теңге) қалаларына және Ақмола (101,2 млн теңге), Түркістан (95,7 млн теңге) облыстарына тиесілі. Аталған облыстарда ауыл халқы басым. Жоғарыда айтылғандай, МӘМС іске асырылған үш жыл ішінде жарналар мен аударымдар түсімінің құрылымында мемлекеттің үлесі қысқарды. Алайда бұл мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме де төмендеді дегенді білдірмейді», дейді Қ.Сейітжанов.
Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы I тоқсанда өткізілген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ бөлінген ӘМСҚ активтерін басқару және республикалық бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің мемлекеттік аудиті туралы есебінде республикалық бюджеттің жеңілдікті санаттар үшін трансферттер көлемі 18%-ға – 2020 жылғы 299 млрд теңгеден 351 млрд теңгеге дейін өскен. Бұған қоса аудит нәтижесінде 71,6 млрд теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталған, оның ішінде – 39,3 млрд теңге қаржылық заң бұзушылықтар, 29,9 млрд теңге – қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану, ал қаржылық шығындар 2,4 млрд теңгеге жеткен.
Сарапшылардың айтуынша, ауыл тұрғындарының МӘМС жүйесіне аз тартылуындағы мәселені шешу жолдарының бірі – ауылдағы медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыру және ауыл халқының жауапкершілігін күшейту; сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында МӘМС жүйесіне кірудің қажеттілігі мен тиімділігі туралы ақпараттық түсіндіру жұмысын жандандыру; құзырлы органдар ауыл тұрғындары үшін МӘМС-ке кірудің неғұрлым тиімді балама тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыруы; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, ауыл шаруашылығындағы маусымдық қызметкерлерді есепке алуды жүргізу және жұмыс берушілердің белсенді жұмыс кезеңі үшін ғана емес, өндірістің маусымға байланысты тоқтап қалу кезеңі үшін де қажетті жарналарды төлеу жөніндегі жауапкершілігін күшейту тетігін әзірлеу.