Тараз қаласының өнертапқыш оқушылары елімізде алғаш рет брайль жүйесімен жұмыс істейтін пернетақталы принтер жасап шығарып, оған «Қазақ Braille» деген атау берген. Аталмыш құрылғы жанарынан айырылған жандарға арналған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқушылар қазақ тілінде жұмыс істейтін «Қазақ Braille» аппаратын 1 жыл ішінде құрастырған.
Жас өнертапқыштардың айтуынша көзі көрмейтіндер әуелі бедерлі пернетақтаны басу арқылы брайль қаріпін үйренеді, содан кейін дыбысталынған әріпті естиді де, принтер арқылы жазбаны қағазға түсіреді.
Айталық, Брайль принтерлердің нарықтағы бағасы 4-5 миллион теңгені құрайды, ал әулиеаталық оқушылар қазақша пернетақтаға 17 мың теңге ғана жұмсаған.
Жас ғалымдардың ең басты мақсаты - қазақ әліпбиін дамыту. Ескеретін жайт, нарықта бұндай принтерлер жоқтың қасы.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының маманы Ербол Бегімов қазақ тілді әріптің барлығы дыбысталып анық естілетін-әлеуметтік маңызды құрылғыны ойлап тапқан оқушыларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.