Аягөз гарнизонындағы танк бригадасының әскери қызметшілері «Майлин» жалпы әскери полигонында танк техникасымен штаттық снарядты ату жаттығуларын орындады.
Бұл шараға танкистер ұзақ уақыт және тиянақты дайындалды. Жаттығулар алдында теориялық және практикалық, атап айтсақ, атыс қалашығындағы бірнеше сағаттық сабақтар, танк алаңында көлік жүргізу және бақылау атыстарын орындау дайындықтары болды.
Жаттығуды орындау шарттары бойынша әскери қызметшілер 1 500-ден 1 700 метрге дейінгі қашықтықтағы танк нысандарын, одан бөлек 600-ден 900 метрге дейінгі қашықтықтағы оқшашар нысандарын жою қажет. Атыс аяқталғаннан кейін машиналар бастапқы орындарына оралды. Танктердің жеке құрамы сап түзеп, ал командир экипаждардың жұмысын бағалады. Сонымен қатар атыс күндізгі уақытта ғана емес, түнде де жүргізілді.
Танкпен штаттық снарядты ату – танкистердің жауынгерлік дайындығының негізгі элементі. Сондықтан штаттық снарядты ату жылына екі рет, ал оған дайындық тұрақты түрде жүргізіледі.
– Барлық экипаж бұл жаттығуды сенімді түрде орындады. Нәтижесінде, бөлімше «жақсы» деген баға алды. Атыс жаттығуының сәтті өтуі көбінесе техниканы дайындауға байланысты. Танкистер бұл тапсырманы жоғары деңгейде орындады. Атыс барысында кездескен кемшіліктерді экипаж күштері, сондай-ақ жөндеу бөлімшелерінің әскери қызметшілері мен техник мамандары сәтті еңсеріп отырды, – деді бригада командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, подполковник Сағи Батырханов.
Атыс нәтижелері бойынша жаттығуды «өте жақсы» орындаған әскери қызметшілерді бригада басшылығы марапаттады. Үздіктер қатарында танк командирі, сержант Нұрым Құмарбек, механик-жүргізуші, сержант Нұрсұлтан Құндақбаев және мерзімді қызметтегі әскери қызметші, жауынгерлік көліктің көздеуші-операторы, қатардағы жауынгер Мақсат Құрал бар.
– Мен танктің штаттық снарядын үшінші рет атып тұрмын, сондықтан жаттығуды орындар алдында ешқандай толқу болған жоқ. Бәрі ойдағыдай өтіп, үздіктер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Отанымызды ойдағыдай қорғауға әрдайым дайынбыз, – деді қатардағы жауынгер Мақсат Құрал.