• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мектеп 04 Тамыз, 2023

Жетісу облысында 15 мыңнан аса балаға көмек көрсетіледі

301 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен «Жақсылықты жаса» ұранымен 1 тамызда басталған республикалық «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі, сол орайда Жетісу облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше облыстағы 15 мыңнан аса балаға көмек көрсету жоспарлануда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, акция барысында 1 сыныпқа қабылданған оқушыларды, сонымен бірге тұрмысы қиын отбасылардың балаларын және жаз мезгілінде еліміздің басқа өңірлерінен  облысқа көшіп келген әлеуметтік көмек алуды қажет ететін балаларды қамту көзделуде.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің жазуынша, «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырушы аудандық, қалалық білім бөлімдері, мектептер өз қаласы мен аудандарының барлық азаматтарына,  кәсіпкерлерге, меценаттарға акцияға қосылу тұрғысындағы ұсыныстарымен жүгінуде. Айта кетерлігі облыста бірнеше жыл қатарынан өз бастамасымен көмек көрсететін демеушілер бар.

Акция мақсаты—әлеуметтік категориядағы балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету. Ал балалардың мектепке келмеуінің алдын алу бағытында ішкі істер органдарымен бірлесіп, балаларды толық оқумен қамту мақсатында рейдтер ұйымдастыру көзделген.

Сонымен бірге жалпыға міндетті білім беру қорынан мектеп оқушыларын мектеп формасымен қамтамасыз ету жұмысы да жүргізілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінде «Бүгінгі күні облыс бойынша 12118 оқушының ата-аналарының картшоттарына 491,6  млн. теңге (55,6%)  қаражат аударылды. Бұл бағыттағы жұмыс 10 тамызға дейін аяқталады», делінген.