Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы театрдың жанында жұмыс істейтін «Sensitive» би ансамбльінің жетістіктері туралы «Егемен Қазақстан» газетіне талай рет жазғанбыз. Жуырда бұл ансамбль Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өнер көрсетіп, 300-ге жуық ұжымның арасынан «Sea Sun Festival» Халықаралық конкурсының Гран-при жүлдесіне ие болды.
Ұжым қазір кіші, орта және ересек деген үш топқа бөлінген. Осы жолғы байқауға үш жігіт пен үш қыздан тұратын ересектердің шағын құрамы ғана қатысты. Жалпы, бұл ұжымның ерекшелігі туралы да бұрын жазғанбыз. Олар 17 жыл бұрын Петропавлдағы құлағы естімей, ыммен ғана сөйлесетін балалардың мектеп-интернатында құрылған. Мұндағы балалардың биге икемі зор екенін таныған кәсіби биші Ольга Ростовщикова олардың арасына келіп, осы ұжымды құрған. Мектепті бітіріп, ересектер қатарына енген ұжымды жергілікті билік С.Мұқанов атындағы қазақ театры ұжымының жанына орналастырды.
Денсаулықтарында кінәрат бар – құлағы естімей, ыммен ғана сөйлесетін жандарды би өнеріне баулудың қаншалықты еңбекті талап ететіні белгілі. Олардан: «би өнерін үйрететін ұстаздарыңды қалай ұғасыңдар?» деп сұрағанымызда жүрек тұстарын көрсетіп жауап берді. Бұдан артық жауап та жоқ болар.
Талмай талаптанып, ерінбей еңбектенгеннің арқасында бұл ұжым бас айналдырар биіктерге қолжеткізді. Үстіміздегі жылдың мамыр айында ғана өнер ұжымы Дубайда өткен «Dance-fest Dubai» атты хореографиялық өнердің әлемдік байқауында Бас жүлдені жеңіп алған болатын. Ол кезде конкурсқа алты мемлекеттен 200-дей өнер ұжымы қатысқан еді. Оның алдында ұжым АҚШ-та да өнер көрсетіп, Гран-приді ұтып алған.
Енді міне, Қызылжардың ұжымы Испания байқауын да қанжығасына бөктеріп отыр. Мақтанып кетуді, асыра сөйлеуді білмейтін ұжым мүшелері қуаныштарын тек жалындаған, жарқылдаған көңіл-күйімен ғана жеткізді. Ал ұжымның жетекшісі Ольга Ростовщикованың өзі жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы жан. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров оны қабылдап, үлкен жеңістерімен құттықтағанда да сабырлы қалпынан танбады. Әкім ұжым мүшелері мен оның жетекшісіне зор табыстар тілеп, сенім білдірді. Өңір басшысы өнер ұжымына барлық материалдық та, техникалық та жағдай жасалғанын, алдағы уақытта да осындай қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.