• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 07 Тамыз, 2023

Грант иегерлері анықталды

355 рет
көрсетілді

Жаны жай тауып, жазғы дема­лыстың рақатын сезіне алмайтын жандар бар. Олар – мектеп түлектері мен олардың ата-аналары. Әуелі ұлт­тық бірыңғай тестілеу деп тақым қыс­са, одан кейін «мемлекеттік грант бұйырар ма екен» деп әрі-сәрі күй ке­шеді. Со­ны­­мен 5 тамыз күні мемле­кет­тік білім гранты иегерлерінің тізімі жар­ия­­лан­ды.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің мәліметінше, гранттарды тағайын­дау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.

«Мемлекеттік гранттар рес­публи­калық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құра­мын­да Парламент депутаттары, мүдделі мем­ле­кеттік органдар, бiлiм саласы кәсiпо­дақтары, ұлттық кәсiп­керлер палатасы, Жоғары оқу орындары қауымдастығы және қоғам­дық ұйымдардың өкілдері болды», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­­сырмасына сәйкес ха­лық тығыз қоныстанған ба­тыс­ және жаңадан құрыл­ған өңірлердің жастары­ үшін гранттар бөлінді. Педа­го­ги­­калық, инженерлік, IT маман­дық­тарға және жаратылыс­та­ну ғылымдары бойынша Аты­рау облысына – 1500, Маң­ғыстау облысына – 1500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облы­сына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына 500 грант берілді.

Бір гранттық орынға ең үлкен кон­курс «Стома­то­ло­гия» білім беру бағ­дар­­ламаларының топтары бойынша тіркелген. Бұл мамандық бойынша 22 талапкер бір орынға таласты. Сон­дай-ақ «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (бір орынға 14 адам­нан), «Құқық» (11 адамнан), «Музы­ка мұғалімдерін даярлау», «Дене шынық­ты­ру мұғалімдерін даярлау» және «Пси­хология» (10 адамнан) топтары бойын­ша да талапкерлер көп тіркелген.

Грантқа үміткерлер арасында ұпай­лар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегер­лері, халықаралық және респуб­ли­калық олимпиадалардың жеңім­паз­­дары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары да ескерілді.

Өмірдің ақ-қарасы қатар жүретіні дау­сыз. Түлектердің бір тобы грантқа ие болып, қуанып жатса, енді бір тобы «грант тізіміне ілікпедік» деп күй­зелетіні рас. Бірақ мұнымен бәрі біт­пе­гені анық. Өйткені әлі де грантты же­ңіп алуға мүмкіндік бар. Бұл туралы Мә­жіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзі­нің Facebook-тегі жеке парақшасына жаз­ды.

«Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрғандарға ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар. Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады. Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. Алтыншыдан, «gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да – жақсы шешім. Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай жоғары оқу орнына түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек», дейді Асхат Аймағамбетов.

Айтпақшы, жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Қоғамда грантты үйлестіруге қа­тыс­ты түрлі пікір айтылып жатыр. Мәселен, Narikbayev University бас­қарма төрағасының орынбасары Ербо­лат Мұхамеджан осыған қатысты ойын бі­л­дірді. «94 мың оқушы грантқа тапсы­ра­ды. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Бәсе­ке мүлдем жоқ. 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан. Осының салдарынан жақсы оқитын да, үлгерімі нашар бала да грантқа ие болады. Салдарынан уни­вер­ситеттер түсініксіз жағдайда қалады», деді ол.

Рас, мұндай да мәселе бар. Бұл енді дербес мақаланың арқауы.