Астанадан 80 шақырым жердегі Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Сабынды ауылдық округіне қарасты Қараегін елді мекенінің ақсақалы Тілеубек Ысқақов газет редакциясына хабарласып, 500-ге жуық халқы бар ауыл аптап ыстықта ай бойы ауыз сусыз отырғанын айтқан еді. Осыған орай аталған ауылға арнайы барып, жағдаймен танысып қайттық.
Қазір шалғайдағы ауылдарды қойып, қаланың іргесіндегі елді мекендер «ауыз суға жарымадық, ішкеніміз у, жегеніміз желім болды» деп БАҚ өкілдерін шақырып, мұңын шағып жатқанын екі күннің бірінде көретін болдық. Соның бірі – Қараегін ауылы. Тіршілік нәрінен таршылық көріп отырған бұл ауылдағы үй-үйді аралап, жағдаймен таныстық. Айлап ақпай тұрған шүмектен бір шәугім шайлық су шықса, шүкір деп отырған ауыл жұрты.
Қараегін – «Нұра топтық су құбыры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының су беретін қайнар бастауы, яғни су айдау ұңғымасы орналасқан аумақтың дәл іргесінде (арасы 8 шақырым) орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, ауыл теңіздің үстінде отырып, ауыз суға жарымай отыр. Қорғалжын және Егіндікөл аудандарын сумен қамтитын желінің түгелге дерлік магистралы тозған, көбі апатты жағдайда тұр. Мұны су беруші мекеме де мойындап отыр.
Биыл мамыр айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде халықты сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 98,4%-ға, ауылды жерлерде 94,5%-ға жеткенін айтқан болатын. «Ең төменгі деңгей Жамбыл (91,9%), Қостанай (80,4%), Ақмола (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облыстарының (85%) қалаларында байқалып отырғанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты бұл аймақтарда сумен қамту жұмыстарын жақсарту үшін қажетті қаражатты бөлу қарастырылмақ», деген еді.
Алайда қазір екі бірдей ауданға ауыз су беретін құбырдың тозғаны және оны жөндеуге әлі қаражат жетпегені байқалады. Мәселен, Қараегін ауылына судың бармау себебі – құбырлар шіріп, жарылған. Оны жөндеуге жауапты компания толықтай күрделі жөндеуден өткізбеген, тек шұрық-тесіктерін әр жерінен жамап-жасқап қоятын көрінеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ескірген су желілерін жаңартуға қазынадан қаржы бөлінген. Бірақ жөндеу жұмысының құрылысын бастауға құжат дайын емес көрінеді.
Шіліңгір шілдеде суға шөлдеп отырған ағайынның айтар базынасы мол-ақ. Мәселен, Қараегін ауылының тұрғыны Мырзабай Қабыкенов ақсақал ауыз суды көрші ауылдардан тасып жүргендеріне налиды.
«Су осы маңда жердің астынан ағып жатыр. Тек оны жеткізетін құбырлар әбден ескірген. Күнде жарылады. Содан ауылға су жетпейді. Су құбырлары 50 жылдан бері жөнделмеген. Қазір ауылдастар өз қалтамыздан ақша шығарып, мал суаратын мотор сатып алдық. Малды қазір сонымен суарып отырмыз. Көл тартылып қалған, үйге келіп тұрған су жоқ. Бұрын сыздықтап ағатын, қазір ол да жоқ», дейді қария.
Ал ауыл тұрғыны Олжабай Орынбеков Қараегін елді мекеніне судың тартылу жүйесінің өзі дұрыс емес екенін айтады.
«Ауыл ішіндегі су дұрыс тартылмаған. Су жүйесінің талабы бойынша су айналып тұруға тиіс. Ал бұл ауылда керісінше жалғанбалы. Ауылға кірген су құбырының бірнеше жері тұйықталған. Қыста дәл сол жерден бастап қатады. Қайбір қатты аяз болған жылы қатқан су 24 шілдеде бір-ақ ақты. Екінші – ауылдың жанында резервтік су жоқ. Екі су мұнарасы тұр, екеуі де істемейді. Айналасындағы жарықтан су далаға ағып, батпақ болып жатыр. Осының бәрін сұрасақ, мұны істеген адам сотталып кеткен дейді. Бұл мәселені айта-айта жағымыз талды», дейді ол.
Оның айтуынша, бұл су сорғы стансасының маңында бүлінген құбырларды жөндейтін техникалар, яғни экскаваторлар болған. Өкінішке қарай, оның бәрі ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кеткен.
«Қазір Егендікөлдің суын жөндеді, өйткені онда Кулагин бар. Оның қалың егістік жерлері бар суаратын. Ал біз секілді момын ауыл қазақтары айлап сусыз отырмыз. Ауылға келетін су құбырының жарығынан далаға ағып жатыр. Есесіне халық ай сайын ішпеген суға ақша төлейді. Бұл мәселенің бәрімен ауыл мен аудан әкімі жақсы таныс. Бірақ шарасыз отыр», дейді О.Орынбеков.
Ал Сембек мұғалімнің айтуынша, судың тарифтерінде де шикілік бар. Мәселен, ауылға келіп тұрған суды көшеден алса, 170 теңге төлейді, ал үйге кірген судың құны – бір адамға айына 371 теңге. Алайда ауыл тұрындары үйді-үйге келіп тұрған судың құбырын өздері тартып алғанын айтады. Талап бойынша ақшасын алып отырған компания әр үйге суды жеткізіп беруге тиіс көрінеді. Бұл ретте де заңсыздық бар дейді ауыл тұрғындары.
«Қыста да төрт ай бойы сусыз отырдық. Облысқа дейін сұрау салдық. «Жасаймыз-жасаймыз» дейді, бірақ түк жасамайды. Қорғалжын ауданында осы су мәсесіне қатысты жиналыс болды. Олар «67 жылы салынған су құбырлары әбден тозығы жетіп, тот басқан, оны оңдайтын қаражат жоқ. Суға келетін тоқты өшіріп тастайды. Өйткені 14 млн теңге электр жарығына қарызбыз», дейді. Бұрын аулаға жазда бау-бақша салатын едік, қазір оның бәрі қурап қалған», дейді зейнеткер Шолпанай Жүсіпова.
Бұдан кейін екі ауданды сумен қамтып отырған қайнардың көзі, яғни «Нұра топтық су құбыры» сорғы стансасына да арнайы барып көрдік. Онда жаға ұстатар жайт көп. Мәселен, су құдықтары орналасқан құрылғылар ашық-шашық, қаңырап, қараусыз қалған. Қоршаулар жоқ, тек бетон діңгектері ғана тұр. Стратегиялық маңызы бар нысанда тіпті күзет қызметі де жоқ. Екі кезекшілікпен жұмыс істейтін техникалық мамандарды ғана көрдік. Олардың өзі оның қандай маңызды нысан екенін жақсы білмейтін болып шықты.
Бұл жайттардың бәрін құлақпен естіп, көзбен көрсек те, елді мекеннің басшылығымен сөйлесіп, олардың да уәжін тыңдауды жөн санадық. Осыдан екі жыл бұрын сайланған Сабынды ауылдық округінің әкімі Мұрат Хамитжанов ауылда мұндай қордалған түйткілдің барын жасырмады.
«Қараегін ауылында су мәселесі бары рас. Ауданда осы мәселеге қатысты жиын болды. Сонда да айтылды. Су мәселесінің шығуы техникалардың тозып, есікіруінен болып отыр. Сонымен қатар «Нұра топтық су құбыры» 14 млн теңге токқа қарызы бар. Осыған байланысты ток өшіріледі. Басқа ауылдардың бәрінде резервтік су бар. Тек Қараегін ауылында ондай жоқ. Соның кесірінен ауыл сусыз қалды. Ауылдағы су мұнарасы істен шыққан. Қазір мұның бәрін жөндеуге 387 млн теңге Үкіметтен бөлініп, тексеруде тұр. Тапсырыс беруші де, орындаушы да – «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорны. Барлық су құбыры өтетін жерлердің рұқсаты берілді. Енді тек қаржысы түссе, құрылысы басталады», дейді ауыл әкімі.
Әкімнің сөзіне сенсек, жауапты компанияға бұл мәселені шешу үшін биыл мемлекет қазынасынан 387 млн теңге бөлінген. Алайда құжат дайын емес деген желеумен жөндеу жұмысы басталмаған. Тіпті жарылған құбырды жөндейтін техника тапшы, су жеткізетін де мүмкіндік жоқ. Ол аздай компания жарық шығынын да уақытылы төлемеген.
Бұған қоса стратегиялық маңызы бар нысанның қараусыз жатқан себебін әкімнен де сұрадық. Әкім су соратын құдықтардың ауыл аумағында орналасқанымен, мүлік пен құзыреттің бәрі «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорнының иелігінде екенін айтып ақталды.
«Бұған қатысты әкімшілік тарапынан талай талап қойдық. Тіпті маған дейін де айтылыпты», дейді ол. Демек, халықтың да, әкімшіліктің де сөзіне құлақ аспайтын компания болып отыр.
Екі тараптың да уәжін тыңдадық. Ендігі маңыздысы – осы іске тікелей жауапты компанияның жауабы. «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы, республикалық мемлекеттік кәсіпорнына хабарластық. Біздің жауап берген «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорнының өкілі Әли Бектөрев мұндай былықшылықтың болып жатқанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары ауыз сумен малды, бау-бақша суаратындықтан, су жетіспей жатқан көрінеді.
«Президенттің тапсырмасы бойынша әр үйде есептегіш құрал болуға тиіс. Оны орнатуды талап етіп жатырмыз. Ол болса, кімнің қанша су алғаны көрсетіліп тұрады. Екінші – ауылдағы су құбырлары 100 пайыз тозған, қазір оған қаржы бөлініп жатыр. Кеше Егіндікөл ауданына су жеткізілді. Ал судың төлеміне келсек, Қараегін ауылының тұрғындары судың 1 текшеметріне 60 теңге төлейді», дейді ол.
Сонымен қатар ол жарыққа уақытылы төленбеген қарыздың барын да жоққа шығармады.
«Қоршау мен күзеттің жоғы рас. Күзет қою мәселесін көтеріп жатырмыз. Ол тарифке байланысты. Күзет қоссақ, тариф тағы да екі есе көтеріледі. Жоғарыда бұған қаржы бөлініп жатыр дедік қой, оның ішінде қоршау жасау, бәрі қамтылған. Қазір күнде апат шығады, өйткені магистраль ескірген. Оған төтенше жағдай бойынша қаржы беріліп жатыр, ал келесі жылы жоспар бойынша кешенді қаражат бөлінеді. Биыл жоба жасалды, келесі жылы құрылысы басталады», деді «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорнының өкілі.
Барлық айтылған уәждерді сараптай келе Қараегін ауылының су тапшылық мәселесі қазіргі аздаған жамау-жасқаумен жазды өткізуге болатынын түсіндік. Алайда ауылдағы ауыз судың жағдайы алдағы қақаған қыста не болары белгісіз