Үкімет Алматы облысының орталығы ретінде жаңа әкімшілік мәртебеге ие болған Қонаев қаласының Бас жоспарын бекітті. Осыған орай Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Бас сәулетшінің мәлімдеуінше, Қонаевта құрылыс 2 кезең бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен, құрылыс ескі шаһар аумағында басталады. Мұнда әкімшілік кеңселер, тұрғын үйлер, мұз айдыны, спорттық-сауықтыру орталықтары салынады. Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс орындарына ортақ веложол, бульварлар салу да жоспарланып отыр. Сондай-ақ қараусыз қалған ғимараттар, ескі үйлер сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үйлер бой көтермек.
«Құрылыстың ескі қала аумағында басталу себебі – Бас жоспарға сәйкес мұнда 100 мың адам тұрғылықты мекен етеді деп жоспарланған. Яғни әлі де қала келбетін ретке келтіріп, тұрғындар өмір сүруге ыңғайлы ортаны қалыптастыру қажет. «Жаңа Іле» аумағындағы қаланың бөлігі де 100 мың тұрғынға есептелген. Ал екінші кезең «Жаңа Іле» төңірегіне инженерлік желілерді тартудан басталады. Жалпы, құрылысты бастау үшін экономикалық кешенді жоспар әзірленіп, Үкімет қарауына ұсынылады. Содан кейін қаржы бөлініп, барлық іс-шара қарқын алмақ. Қазірдің өзінде шаһар тұрғызуға ниетті инвесторлар көп. Алайда оларды түбегейлі құрылысқа тарту үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін шешу қажет», дейді бас сәулетші Б.Мұсылманбеков.
Басқарма басшысының айтуынша, жауапты компания өкілдері 200 мың тұрғынға арналған қаланың Бас жоспарын дайындауға 6 ай уақыт жұмсаған. Одан кейін жоспарға бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, жоба қоғамдық тыңдалым және сарапшылар талқысынан өткен.
Бұған дейін бекітілген жоспар бойынша шаһар көлемі 9 мың гектарды құраса, жаңа жобада бұл аумақ екі есе үлкейтілген, яғни 19 мың гектарға жоспарланған.
Қаланың жаңа жобасы жасыл желекті нысандардың (парк, арборетум, ботаникалық бақ) көп болуымен ерекшеленеді. Мұның барлығы «Жаңа Іле» аумағында бой көтереді. Сондай-ақ бұл аумақта транспорттық-логистикалық хаб бой көтереді деп күтіледі. Себебі Еуропа және Қытай арасын байланыстыратын теміржол Алматы облысының жаңа орталығында орналасқан. Жобада әуежайдың да орны қарастырылған. Жаңа келбетке ие болатын Қонаев қаласында келешекте көлдің оң және сол жақ бөлігін байланыстыратын автожол көпірі салынады.